8.09.2021, 17:46
Оқылды: 73

Облыс әкімінің орынбасары – Жәнібек ауданында

Бүгін Жәнібек ауданының орталығына облыс әкімінің орынбасары Темірхан Меңдіғалиев келіп, бірнеше құрылыс нысандарын аралады. Жұмыс тобы алдымен, «Казталов – Жәнібек – РФ шекарасы» 95-138 шақырымындағы республикалық маңызы бар жолдың күрделі жөнделуін қадағалап, жұмыс барысын көрді.

2

Бас мердігерлер «Атырау жолдары» мен «Теміржол жөндеу» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің мамандары істелген және алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарды баяндап өтті.

Одан соң облыс әкімінің орынбасары ауданның кіреберісінде бой көтеріп, жұмысы аяқтала келген дене шынықтыру және сауықтыру кешеніне атбасын тіреді. Алайда нысан басында мердігерлердің болмауына байланысты атқарылған жұмыстарды аудан әкімі Азамат Сафималиев айтып берді.

Кейін Темірхан Жалғасұлы жақында кезекте тұрған тұрғындар мен көпбалалы отбасыларға санат бойынша берілетін 12 пәтерлі екі тұрғын үйге барды.

Мердігері «ЭнергоРемСервис» ЖШС-нің басшысы Максим Рудь атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Өз кезегінде Т.Меңдіғалиев құрылыс кезінде жіберілген кейбір қателіктерді жөндеп, қалпына келтіруді талап етті.

01

Содан кейін аудан орталығындағы құрылысы жүріп жатқан алаңда аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов төрт көшеге асфальт төсеу және тоғыз көшеге жаяу жүргіншілер жолын салу бойынша жұмыстарға түсінік берді.

Аталған жұмыстардың мердігерлері анықталып, биыл және келесі жылы төрт, атап айтқанда, М.Өтемісов, А.Байтұрсынов, Қ.Мусин және Р.Егізбаев атындағы көшелерге толығымен асфальт төселіп, жаяу жүргіншілер жолы салынады.

Сондай-ақ облыс басшысының орынбасары «Жәнібек-РФ» шекара өткізу бекетіне де жол тартып, жұмыстарды өз көзімен көріп, шекара қызметкерімен тілдесті.

02

Бұдан соң жұмыс тобы «Жәнібек – Талов – Кішіөзен» бағытындағы жиырма бес шақырым жолдың жөнделуімен танысып, мердігермен кездесті. Айта кетейік, өткен жылы аталмыш бағыттағы жолдың 12,8 шақырымы жөнделсе, биыл қалған 13,2 шақырымы асфальтталатын болады.

Облыс әкімінің орынбасары Т.Меңдіғалиевтің жұмыс сапары Талов ауылдық округіне қарасты Майтүбек елді мекенінде жалғасын тапты. Мұнда жүргізіліп жатқан ауыз су құбырының құрылысжұмыстары аяқталуға жақын. Жуырда елді мекен тұрғындары таза ауыз суға қол жеткізіп, рахатын көреді.

 

Гүлзара Мәди,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале