29.09.2024, 10:30
Оқылды: 174

Облыстық халықтық штаб мүшелері жәнібектік тұрғындармен кездесті

АЭС салуды қолдау жөніндегі облыстық халықтық штабтың мүшелері жәнібектік тұрғындармен кездесті. Аудан орталығындағы «Жәнібек» спорт клубында ұйымдастырылған кездесуге облыстық халықтық штаб мүшелері «АMANAT» партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев, «Ақжол» партиясының облыстық филиалы төрағасының орынбасары Бағдат Ізмағанбетов қатысты. Бұл кездесу алдағы уақытта елімізде өткізілетін маңызды саяси оқиғаның бірі – атом электр станциясы салу бойынша 6 қазанда өтетін референдумға байланысты болды.

image-29-09-24-12-23

Кездесу барысында АЭС құрылысына қатысты пікірлер тыңдалып, сұрақтарға жауаптар берілді. Жиынның ашылуында сөз алған аудандық халықтық штаб төрағасы Біржан Қуанәлиев кездесудің негізгі мақсатын, референдумның қоғам үшін маңыздылығын тілге тиек етті. Тұрғындардың осындай талқылауларға белсенді түрде қатысуының маңыздылығын баса айтып, халықтың пікірін тыңдау қажеттілігін атап өтті.

Келесі кезекте сөз алған облыстық штаб мүшелері АЭС салу жөнінде өз ойларымен бөлісті. Олар референдумға қатысты негізгі ақпараттарды түсіндіріп, АЭС құрылысының елдің энергетикалық қауіпсіздігі мен дамуы үшін маңызды екенін атап өтті. Облыстық штаб мүшелері АЭС-тің қазіргі заманғы технологиялық қауіпсіздігі, оның қоршаған ортаға әсері, сондай-ақ жобаның экономикалық тиімділігі туралы мәліметтер берді.

image-29-09-24-12-23-1

Сонымен қатар референдумның халықтың ерік-жігерін білдірудің бірден-бір жолы екенін түсіндіріп, қатысушыларды дауыс беруге қатысуға шақырды. Батыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы, облыстық халықтық штабтың мүшесі Азамат Сафималиев өз сөзінде атом энергиясын пайдалану мәселелеріне тоқталып, оның Қазақстан үшін ұзақ мерзімді перспективада маңыздылығын айтты. Ол АЭС салу арқылы елімізде энергия тапшылығын шешуге және электр энергиясының тұрақты көздерін қамтамасыз етуге мүмкіндік туатынын жеткізді. Сондай-ақ АЭС салу кезінде қауіпсіздік шараларының қатаң сақталатынын және әлемдік тәжірибеге сүйенетінін атап өтті. Кездесуге қатысқан «Ақжол» партиясының облыстық филиалы төрағасының орынбасары Бағдат Ізмағанбетов АЭС құрылысының ел экономикасына тигізетін оң әсері туралы пікір білдірді. Ол еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ету мақсатында АЭС-тің рөлін атап өтіп, бұл жобаның Қазақстанның болашақ дамуына үлкен үлес қосатынын жеткізді. Сонымен қатар референдумның халық үшін саяси маңызы зор екенін, халықтың әрбір дауысы ел болашағын анықтауда шешуші рөл атқаратынын айтты. Кездесу соңында қатысушылар өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, штаб мүшелері тарапынан тұшымды жауаптарын алды.

Атом энергетикасы бойынша толық ақпаратты aes2024.kz сайтынан алуға кеңес берілді.

 

Гүлзара Мәди,

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале