12.04.2024, 22:48
Оқылды: 37

Октябрьск ауылына қиналмай әрі тегін баруға болады

Өткен аптада Шаған тасыған кезде Мичурин ауылдық округіндегі Октябрьск ауылындағы керме көпір істен шыққан болатын. Қаламен және ауылдық округ орталығымен қатынауға мүмкіндік беретін көпірдің пайдасыз болуы ауыл тұрғындарына қиындық туғызды. Осыған орай аталмыш ауыл тұрғындары жергілікті атқарушы құрым өкілдерінің алдына мәселе қойған еді. Тұрғындар талабы ескерусіз қалған жоқ. Оралдан Октябрьскке қоғамдық көлік шығып, тұрғындар екі ортаға тегін қатынай бастады.

IMG-20240412-WA0177

Аталмыш ауыл тұрғыны Идият Қожағалиевтың айтуынша, сәуір айының басында көпірдің сымарқаны (трос) үзіліп, бір жағына қарай ауып кеткен көрінеді. Сол кезде өзенде жүріп жатқан мұздар оған келіп тіреліп, соның нәтижесінде кептеліс туындаған. Соған орай Оралдан ТЖ қызметкердері атбасын бұрып, көпірді уақытша жинап тастапты. Содан бері көпшілік қалаға ауылдағы көліктермен, таксимен қатынай бастаған. «Біздің ауыл мен қаланың «Самал» шағын ауданының ортасын Шаған өзені бөліп тұр,-дейді ол.-Көпіріміз болған кезде ауылымыздың тұрғындары өткел арқылы «Самалға» барып, сол жақтан жүретін №3К саяжайлық автобусқа отырып қалаға жетіп қалатын. Өткен істен шыққалы қатынау қиындау болып жүрген еді. Әсіресе студенттерге, қалада жұмыс істейтін тұрғындарға ауырлау тиді».

IMG-20240412-WA0175

Ауылмен екі ортаға қоғамдық көлік шыққанын естігенде октябрлықтардың көбі қуанды. Олардың арасында жиырма жылға жуық уақыттан бері осында тұратын Әлия Нығметова да бар.

- Мына «Газель» шыққалы біз жұмысқа, студенттер сабаққа уақтылы барып жүрміз. Көпір пайдасыз болған күні көбіміз жұмысқа бара алмадық, не кешіктік. Жалпы қалаға бару бір мәселе болса, қайту екінші мәселе. Сол себепті қайтатын көліктің ыңғайын қарай жұмыстан жиі сұратын едік. Енді міне, қоғамдық көлік шығып, қуанып жатырмыз. Оның жүретін уақыты бәрімізге де қолайлы. Біздің жағдайымызды түсініп, мәселені тез арада шешкені үшін жергілікті атқарушы билік құрылымдарына, соның ішінде Мичурин ауылдық округінің әкімі Максим Мусалимовке айтар алғысымыз зор,-дейді Әлия Нығметова.

Жүргізуші Елеусін Бияшевтің сөзіне қарағанда, қоғамдық көлік «Алые паруса» тасымалдаушы компаниясына қарайды. Оларға қалалық әкімдіктен осы екі ортаға кісі тасымалдау жөнінде ұсыныс түскен. Соған орай 10 сәуірден бастап Орал – Октябрьск бағытында қатынай бастаған. Күніне үш мәрте, яғни ауылдан таңғы сағат 7-де, түсте 3-те, кешкі 7-де қозғалады, ал қаладан («Аяжан» сауда үйі, Циалковкий аялдамасы) ауылға сағат 14-30-да, 18-30-да жүреді.

IMG-20240412-WA0178

Мичурин ауылдық округінің әкімі Максим Мусалимов қоғамдық көлік көпір жөнделгенше қатынайтынын жеткізді. Октябрьск тұсындағы Шаған өзенінің деңгейі түскен бойда көпірді қалыпқа келтіру жұмыстары басталады.

Айта кетейік, Октябрьск ауылында 162 үй, 554 тұрғын бар.

Серік Маратұлы, 

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале