18.11.2021, 12:40
Оқылды: 133

Оқушылардың ойын ұштаған кездесу

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Қаратөбе мектеп-гимназиясының оқушылары аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиевпен жүздесті. «Елжанды азамат – ел тірегі» тақырыбында өткен сұқбаттасу кешінде аудан басшысы оқушыларды қызықтырған сұрақтарға жауап беріп, емен-жарқын әңгіме өрбітті.

әкім жүздесу (1)

Мектеп оқушыларымен еркін тақырыпта өткен кездесу «Балалық шаққа саяхат» айдарымен басталды. Алдымен балалық шағындағы қызықтарға тоқталып, кім болуды армандағаны жайлы әңгімелеген аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлы ата-ана тәрбиесінің бала өміріндегі маңызына да тоқталып өтті. Одан соң өзіне білім мен тәлім берген ұстаздарының еңбегіне ерекше тоқталған аудан басшысы өзінің оқушылық кезеңінде ұлағатты ұстаздарына балалардың сый-құрметінің жоғары болғандығын әңгімелеп берді.

Қаратөбе мектеп-гимназиясы оқушыларының лауазымды қызмет атқарудың ерекшеліктері, қызметтегі алдағы мақсаттары, ауданның әл-ауқатын көтеру жолында білікті мамандарға сұраныс жөнінде қойылған сауалдарға тиісінше жауап берген аудан әкімі, әр оқушының қалаған маман иесі болып, ел үшін қызмет атқарса үлкен жетістік сол болатындығын атап өтті.

әкім жүздесу (6)

Жүздесу барысында Қаратөбе мектеп-гимназиясы химия пәнінің мұғалімі Динара Серікбайқызы сандық сауаттылық бойынша мектепте атқарылып жатырған түрлі платформалар бойынша қысқаша таныстырылым жасаса, мектептің дарынды оқушылары робототехника, химия, физика салалары бойынша түрлі үйірмелердегі жетістіктерін, жас суретшілер өз туындыларын паш етті.

Мектеп оқушыларымен жарқын жүздесудің соңында аудандық білім беру бөлімінің басшысы Берікжан Ғарапшиев, Қаратөбе мектеп-гимназиясының директоры Мираш Өтеғалиева тағылымды кездесуге келіп, өскелең ұрпаққа үлгі боларлық әңгіме өрбіткен аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлына алғыстарын білдірді.

Тағылымды кеш соңы мектептегі «Алтын ұрпақ» жобасы бойынша «Домбыра» және «Хор» үйірмелері тәрбиеленушілерінің өнерлерін тамашалаумен аяқталды.

Серікбай Хасанов,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале