Өнердің өрісі кең, өнегесі мәңгі. Өнерге ғұмырын арнап, мәдениет пен руханияттың дамуына сүбелі үлес қосқан жандар - елдің рухани қазынасы. Сондай өнер иелерінің бірі - Мереке ауылдық мәдениет үйінің әдіскері, әнші, ақын, «Ақтілеу» халықтық әжелер ансамблінің мүшесі Ақмарал Егізғалиқызы Қазиханова.

Жуырда Мереке ауылдық мәдениет үйінде оның «Өнер - өмірімнің айнасы» атты шығармашылық кеші өтіп, ауыл жұртшылығы үшін тағылымы мол рухани мерекеге айналды.
Кеш басталмас бұрын мәдениет үйінің кіреберісі ерекше көңіл күйге бөленді. Ауыл тұрғындары, әріптестері, шәкірттері, туған-туыстары мен өнерсүйер қауым мерейтой иесін зор қошеметпен қарсы алып, гүл шоқтарын ұсынып, ақжарма тілектерін арнады. Бұл - ұзақ жылдар бойы халықтың мәдени өміріне қалтқысыз қызмет еткен жанға көрсетілген ел ықыласының айқын көрінісі еді.
Кештің басты ерекшелігі - оның сұхбат форматында өтуі болды. Еркін әңгіме барысында Ақмарал Егізғалиқызы балалық шағының әсерлі естеліктерімен бөлісті. Атырау облысы Қызылқоға ауданының Қарабау ауылында өткен балдәуренін, өнерге баулыған ата-анасының тәрбиесін, әсіресе анасының әлдиі мен халық әндерінің жүрегінде мәңгілік із қалдырғанын тебірене әңгімеледі. Өнер жолына түсуіне сол тәрбиенің, туған топырақтың қасиеті мен халық әндерінің құдіреті себеп болғанын әсерлі жеткізді.
Әңгіме арасында мерейтой иесі өз репертуарындағы халық және сырлы лирикалық әндерді орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Әрбір әні өмірінің бір белесіндей қабылданып, кеш мазмұнын тереңдете түсті.
Ақмарал Егізғалиқызының еңбек жолы - табандылық пен ізденістің жарқын үлгісі. Ол 1971 жылдың 18 маусымында Атырау облысы, Қызылқоға ауданының Қарабау ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын туған ауылындағы мәдениет үйінде әдіскер болып бастап, кейін Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжінде «Саздық білім беру», М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Музыкалық білім» мамандығын меңгерді. 2001 жылдан бері Мереке ауылдық мәдениет үйінде жемісті еңбек етіп келеді.

Өнер иесі тек мәдениет қызметкері ғана емес, ұлағатты ұстаз. Оның тәрбиесін көрген шәкірттері бүгінде өнердің әр саласында өз орындарын тауып келеді. Шығармашылық кеште ұстазына деген құрметтің белгісі ретінде шәкірттері әннен шашу шашып, жүрекжарды лебіздерін білдірді. Ұстаз еңбегінің жемісі - шәкірт алғысы екені осы сәтте анық сезілді.
Кеш барысында мерейтой иесін ауыл әкімінің міндетін атқарушы Нұрсұлтан Боранбаев құттықтап, Алғыс хат табыс етті. Сондай-ақ, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Мұхтар Таңатжанұлы мәдениет саласындағы ұзақ жылғы еңбегіне жоғары баға беріп, арнайы сый-сияпат тапсырды. Мереке ауылдық мәдениет үйі жанынан құрылған әжелер ансамблі мен аналар кеңесінің төрайымы Дидар Меңдіғалиева да өнер иесіне ыстық лебіздерін жеткізді.
Айта кетейік, Ақмарал Егізғалиқызы - аудандық, облыстық деңгейдегі көптеген байқаулардың жеңімпазы. «Үздік әдіскер» атағының иегері, «Тіл жанашыры -2018» номинациясының иегері, «Жыл премиясы - 2024» төсбелгісімен марапатталған. Ол «Ақтілеу» халықтық әжелер ансамблінің құрамында ұлттық өнерді дәріптеп, өңірдің мәдени өміріне белсене араласып келеді.
Кештің өн бойында көрермендердің ыстық ықыласы, шапалақ үні мен ақ тілегі толастамады. Өнер иесінің әрбір әні, әрбір естелігі залдағы көпшілікті өткен күндерге жетелеп, туған жерге, ұлттық өнерге деген сүйіспеншілікті тереңдете түсті.

Ия, бұл кеш тек бір адамның шығармашылық есебі ғана емес, өнерге деген адалдықтың, ұстаздықтың, ұлттық мәдениетке деген шексіз сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі болды. Көрермен жүрегіне жол тапқан әндер, шынайы әңгіме, шәкірттердің құрметі мен халықтың ықыласы бұл кештің тағылымын арттыра түсті.
Өнердің шырағын сөндірмей, мәдениетке қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан Ақмарал Егізғалиқызына көрсетілген құрмет - өнерге көрсетілген құрмет. Осындай тұлғалардың өнегелі жолы кейінгі ұрпаққа әрдайым үлгі болып қала бермек.
Назгүл Серікқызы,
Тасқала ауданы