13.09.2022, 12:31
Оқылды: 133

Өнер мен спортты ұштастырған Алдияр

Әр адамның пешенесіне біткен бір қасиет, таланты болады. Негізінен, небір талант иелерінің бойына арғы ата-бабасы немесе ата-анасының қанынан келеді деп айтып жүреміз. Ал тума таланттар өз алдына бөлек әңгіме.  Шыңғырлау ауданында талантты, еңбекқор отбасының бірі саналатын, аудан мен облыс көлемінде танымал болған Қайсар Құсайнов пен Әсел Сұлтанғалиеваны жақсы білеміз. Спортқа да, өнерге де жақын отбасы көпке үлгі, еңбектері елеулі. Ұл-қызы да әке жолын қуып, спортқа деген қызығушылықтарын кішкене, сәби кезінен-ақ айналаға танытты.

11

Әсел ханым он саусағынан өнері тамған, ұлтымыздың ою-өрнегін әспеттеп, қыз жасауын жарқыратып, түптің түбінде шағын ғана цехтың жұмысын биіктен көрсете білді, тіпті елге танытып, шыңғырлаулық брендті дамытты. Ал жұбайы Қайсар ауданның спорт саласына қомақты үлесін қосып, жас ұрпақты спортқа баулып келеді.

Өнерлі отбасының балалары да ата-ананың жолын қуып, олар жүрген жолды таңдағандай. Айтпағымыз, отбасындағы ұл Алдияр спортқа деген ынтасын танытып, әке жолын қуып бірнеше дүркін аудан мен облыстық додаларда аудан спортшыларының намысын қорғады, бірнеше рет дзюдо және самбодан үлкен жетістіктер көрсетті. Үлкен - кішілі кубок иегері атанды. Алдияр Сайын сабақ пен спорттан қолы қалт еткенде алдына мольберт алып, қылқаламының «өзінен-өзі сөйлей» жөнелетінін еске алады. Өнерлі өреннің қаламмен қалай, неше жасында достасқаны есінде жоқ, әйтеуір, бұл хоббиінің жанына жақын, жүрегіне жылы екенін түсінгені рас.

Небір сырлы дүние қолынан шығып, онысына өзі риза болып отыратыны сондай, қазіргі күні көп уақытын осы көркемсуретке қарай бұрып әкетті. Сырлы дүние жанын баурап, көп уақытын сурет өнеріне арнап жүр. Алдияр Қайсарұлы қазіргі таңда Орал қаласының дарынды балаларға арналған спорт мектебінің 11-сынып оқушысы. Ұстаздары оқу үлгерімімен  жақсы тәртібін айтып Алдиярды қатарластарына үлгі етсе, үй-ішінде ата-анасы оның салмақты мінезі, жауапкершілігі мол, бастаған ісін бітірмей тастамайтын қайсарлығы үшін қуанады.

«Әр баланың бойында бір ашылмаған талант, қабілет болады. Оны ашып, дұрыс бағыттап отыру ата-ананың, қала берді, ұстаз бен айналасындағы жанашырлардың міндеті. «Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, қандай өнерлінің де қасында демейтін, сүйейтін адамның табылуы әрбір ынталыға қанат бітіріп, өнерін ұштап отырады. Өзіміз, шыны керек, балаларымыздың бойында ең алдымен жақсы тәрбие болсын, содан кейін білім бұлағымен сусындасын дейміз. Әрине, өнер мен спортты да тең алып жүруге болады», - дейді ұрпағының болашағына аса мән беретін Қайсар Құсайынов.

12

Алдиярдың қолынан шыққан туындылары талайды тамсандырады, әсіресе адам кескінін сол адамнан аудыртпай салатын жас суретшіге «тәжірибе» үшін оның бауырлары, жиендері көмекке келеді. Суретші алдында ұзақ отырып қалса, Алдияр оларды әсерлі әңгімесімен, оқыған әдебиеттермен баурап алады. Әрбір салған суретінен ләззат алып, ұзақ қарап отыратын кездері жиірек. Ал ата-анасы туралы "олар менің қанаттандырушыларым" деп жымияды.

Иә, Отбасы күні мерекесі осындай уыздай ұйыған, өнері мен білімі қатар өрілген жанұялар елімізде көп болсын деген мақсатта Президент Жарлығымен бекітілді. Ал Алдияр туралы талай мақала жазып, ол туралы әлі айтатынымызға күмән жоқ, лайым солай болсын!

А.Арыстанова,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале