Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Елордада VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясы ашылды.
Сессияның ашылуы барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, еліміздегі басты саяси науқан – Мәжіліс сайлауы мәресіне жеткенін айтты. Сонымен қатар әр сала аясында көптеген маңызды мәселеге тоқталды. Мәселен мәдениет саласын айтатын болсақ, биыл Республика күнінде мәдениет қайраткерлері «Қазақстанның халық әртісі» атағымен марапатталатынын тілге тиек етті.
— Тағы бір маңызды мәселе бар. Мәдениет саласындағы саясатты жан-жақты ойластырып жүргізу керек. Қазір бұл саланы өркендету үшін жаңа тұжырымдама жасалып жатыр. Бұл құжат еліміздің мәдени мұрасын сақтау, насихаттау және ұлттық бірегейлікті нығайту ісінде шешуші рөл атқарады деп сенемін. Шығармашыл зиялы қауым көпшіліктің көңілінен шығатын, мемлекеттің мүддесіне сай келетін туындылар ұсынады деп үміттенемін.
Адам капиталын тұрақты дамыту жылдам өзгеріп жатқан қазіргі әлемде табысты ел болудың басты кепілі болады деп санаймын. Біз ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру арқылы әділетті мемлекеттің және үйлесімді қоғамның негізін қалаймыз. Мен «Қазақстанның халық әртісі» атағын қайта қалпына келтіру туралы шешім қабылдадым. Биыл қазан айында – Республика күнінде осы атаққа лайықты мәдениет қайраткерлерінің алғашқы тобы марапатталады», - деді Мемлекет басшысы.
Рас, мәдениет саласы бойынша бұл қуанышты жаңалық! Жалпы, елімізде аталмыш салаға көп көңіл бөлінуде.
Қай кезеңде де қай елде болмасын мәдениет пен өнер – халықтың рухани болмысының айнасы, бағдарлы болашағының бастауы. Мәдениеттің өсуі — елдің өсуі, ұлттың өсуі. Тәуелсіздігіне тәубе етіп, Мәңгілік Ел болуды мұрат тұтқан халқымыздың рухани бай дүниесінің өлшемі мен өресі де осы мәдениет пен өнер шоқтығында жатыр.
Өркениетке қол созған еліміз үшін экономикалық өсіммен қатар елдің рухани бай құндылықтарын да дамыту мәселесі қолға алынды. Заманауи жабдықталған мәдениет ошақтары салынып, ел игілігіне берілді, түрлі бағдарлама негізінде елдің мәдени білімін тереңдету, ең бастысы ел дамуы үшін мәдениеттің де озық деңгейде дамуы қарастырылды. Өнер мен мәдениет егіз ұғым. Бір-бірінсіз жетімсіреп тұратындай. Мәдениеттің мәйегі өнер арқылы дәріптеліп, халықтың құлағына жетіп жатады. Осы орайда, Теректі жерінде де мәдениет пен өнерді дамыту саласында атқарылып жатқан игі істер – ұлттық дәстүрді дамыту, өнер мен мәдениеттің өмірмен өзектестігін бағамдау, өнерді өнеге тұтқан елдің рухани дүниесін байыту мақсаттарын көздейді.
Арман Сағидоллин,
Теректі аудандық
мәдени-демалыс орталығының директоры