8.12.2022, 18:00
Оқылды: 92

Өнерлерін де көрсетті, қайырымдылық та жасады

Күйбің тіршіліктің көлеңкелі тұстары мен жүрекке жылу сыйлар сәттерін өз қойылымдарына арқау етіп келе жатқан «Өнер қырандары» театры жуырда Шыңғырлау ауданында болды.

IMG-20221207-WA0094

Өнер әлемінде ойып тұрып орын алатын аталмыш ұжымның әр концерттік бағдарламасының мәні терең, ой саларлық тұстары басым. Қоғамда болып жатқан жәйттарды күлкімен көмкере отырып та ой тастауға болатынын театр өнерпаздары сан мәрте дәлелдеген. Осы сапарында да олар түрлі тақырыптағы көріністерді назарға ұсынды. Әртістерді жүзбе-жүз көруге келген жұртшылық мәдениет үйінің залына лық толды. Бірінен-бірі өтетін талантты тарландар қойылымдарымен езу де тарттырды, кірпіктеріне жас та үйірді. Шынайы көріністерге толқыған көрермендер қол соғып, демеу көрсетіп отырды.

Театр ұжымы сонымен қатар республикаға танылған «Харекет» қайырымдылық қорының жұмысын алға апарушылар. Мадияр Серікбаев басқаратын ұжым осы қорға демеу болып, оның жұмысының жанды жүргізілуіне белсенді атсалысып келеді. Сол себепті де, концерттік бағдарламаларын «Харекетке 5 жыл» деп атауының да жөні бар. Елімізге танымал «Харекет»  қайырымдылық қоры бүгінгі күнге дейін 800-ге жуық отандастарымызға тұрғын үй сыйлап, көп балалы отбасыларға қамқорлық көрсетті. Осы гастрольдік сапарында да театр ұжымы дәстүрді жалғастырып, ауданымыздың тұрғындары Мержан мен Шынар Бекжановтардың жанұясына тұрғын үй сатып алуға сертификат табыстады. Ұзақ уақыт пәтер жалдап тұрып келген және отбасында мүмкіндігі шектеулі баласы бар жерлестеріміздің бұйырса өз шаңырағы - боз үйі болмақ. Қайырымдылық іс жасаған театр ұжымына аудан әкімі Әлия Биғазықызы шынайы ризашылығын білдіріп, алғыс хат табыстады.

                                                                                     Гүлшат Ибрагимқызы,

                                                                                     Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале