9.11.2021, 10:31
Оқылды: 164

Ордалық қыздың айшықты қолөнері

Казталов ауданында өзінің қызметтік жұмысымен қатар кәсіппен айналысып жүрген нәзік жандылар аз емес. Елімізде дамып келе жатқан кәсіптің қай түрін де аудан жастары қолға алып, өздері үшін де, халық үшін де пайдалы іске айналдыруда. Соның айғағы Казталов ауылының тұрғыны Даражат Серікқызының қолөнер бұйымдары. Ол білім саласында құқықтық бағыт бойынша қызмет жасай жүріп, кәсіппен айналысуды қолға алды. Үй шаруасы, бала тәрбиесі қатар жүргенмен, Даражат уақыт таба білуде. Бұл еңбекке деген құлшыныс. Кейіпкеріміз ауданымызда бесікке қажетті жасаудың барлығын өзі жасауда. Бұл өнерді арнайы курстан меңгерген. Жасаған жасауларын ұлттық нақышта, заманауи түрде шығаруда.

Ордалык кыздын айшыкты колонери (6)

Кейіпкердің айтуынша қазірдің өзінде тапсырыстар көптеп түсуде. Тапсырыс көп түсу деген қуаныштың белгісі емес пе? Себебі әрбір шаңырақта іңгәлаған нәрестенің үні естілгенін байқатады. Міне, шаңырағы шаттықа толы отбасылардың қуаныштарында Даражаттың еңбегі жатыр. Ол тапсырыстарды онлайн түрінде де қабылдайды. Тіпті облыс өңірінен де тапсырыстар жиі түсуде. Сәбилердің тұсау кесер рәсіміне қажетті дүниелерді де өз қолымен жасайды. Даражат алдағы уақытта аудан орталығынан қыз жасауын ашуды жоспарлайды. Осындай істері арқылы ол республика көлемінде кәсіптік деңгейін жоғарылатуды да армандайды. Кейіпкерімізбен арнайы жолығып, өнердің қыр-сырын ұғындық.

-Анам да, нағашы әжем де өзіне бір көйлек тігіп алатындай шеберліктен алыс емес жандар. Соларды кішкентайымнан көріп өстім. Жақында құрбыммен әңгіме-дүкен құрып мына бір кездерді еске алдық. Мектеп табалдырығында оқып жүрген кезіміз. Ол уақытта мектеп формалары қазіргідей сатылымда жоқ. Құрбым екеумізге ақ фартук тігіп, мектепте өзгелерден ерек болдық. Сүт кенжем жарық дүниеге келген соң декреттік демалыста қолым сәл босай қалса бір нәрсе тігіп, жасауға бейім тұрамын. Бірде Instagram парақшасы арқылы Нурила ханымның «Алтын ою» құрақ тігу курсын онлайн оқып, бос уақытымды іс тігуге арнаймын деп шештім. Курс соңында тігінші қыздармен ватсап желісінде топ ашып, бұрыннан іс тігіп жүрген шеберлерден кеңес алып, бесік жасауын тігуге тоқталдым. Алғашқы бесік жасауын өз қызыма арнадым. Содан соң туыстарыма арнап жасадым. Уақыт өте тұсау кесуге арналған жиынтықтарға сұраныс түсті, -деді Даражат.

Ордалық қыз туған жердің құмына аунап өсіп, қазақы тәрбиені бойына сіңіріп, бүгінде аяулы ана, алтын қолды шебер.

Ордалык кыздын айшыкты колонери (2)

Ісмер әңгімесін жалғастыра келіп, -Қазіргі кезде қосымша табыс артық етпейді. Еңбек етемін, табыс табамын деген жанға жұмыс көзі жетерлік. Тек тапқан табысты берекелі жұмсап, жеткізу өз қолымызда. Ұл балаға және қыз балаға тұсау кесу жиынтығын жалға беремін, тапсырыспен бесік жасаауын, нәрестелерге арналған төсек жабдығын тігемін. Сұраныс жоғары. Тұтынушы талғамын ескере отырып, матаның сапалысын, нәрестеге қолайлысын таңдауға тырысамын. Алдағы уақытта кәсібімді қосымша табыстан негізгі табысқа айналдыруға жұмыстанудамын. Мен үшін ең үлкен қолдау -жұмысымды бағалап, Орал қаласында өткен қолөнер шеберлерінің «Құрақ көрпе» атты көрме-жәрмеңкесіне шақыруы және жұмыстарымның аудан орталығындағы басты көшеде LED экран арқылы көрсетілуі, -деп болашақтың жоспарларымен бөлісті.

Даражаттың бұндай құлшынысы бүгінде бос отырған қыз-келіншектерге үлгі боларлық. Шындығы керек ауылда жұмыс таппай, қала берді көмекті түрлі кеңселерден «іздейтін» нәзік жандылар аз емес. Үкіметтің берген көмегін қанағат тұтпай, жетпесе тағы сұрап масылдыққа бой алдыратындар да бар. Ал Даражат Гиляжова үкіметтен бір тиын алмай, кәсібін бастады. Даражат Серікқызы осындай істерімен халыққа қызмет етіп әрі отбасын молшылыққа кенелтудің жолын табуда.

Әсем Болат,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале