1.11.2021, 11:07
Оқылды: 103

Орманшылардың қажырлы еңбегі бағаланды

 Биыл «Ақжайық орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесі» 40 жылдық мерейлі белеске шығып отыр. Сонау 1981 жылы негізі қаланған іргелі ұжым бүгінгі күнге дейін талай асуларды басып өтіп, талай өзгерісті басынан өткерсе де, жалғыз миссиясынан айныған емес. Жылдың төрт мезгілінде Жайық бойын жағалай өскен жасыл желектің жайқалып тұруына жағдай жасау — осынау шағын ғана ұжымның мойнына артылып отырған ауыр міндет екенін екінің бірі біле бермейді.

Биылғы кәсіби мереке — Орман шаруашылығы қызметкерлері күні, міне, дәл осындай айшықты мерейтоймен тұспа-тұс келді.

FB_IMG_1635740958113

Аудан көлемінде кеңінен аталып өткен айтулы шараға мекеме қызметкерлерінен бөлек осынау қызметке саналы ғұмырын арнаған еңбек ардагерлері мен аталмыш салаға жауапты облыстық, аудандық әкімдік өкілдері қатысты. Салтанатты рәсімде әуелі сөз алған Теректі ауданы әкімінің орынбасары Ержан Досмақов аудан басшылығының ыстық лебізін жеткізді. Ал БҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы орман шаруашылығы бөлімінің бас маманы Ілияс Меңдіжан ұжымның қажырлы еңбегі облыс көлемінде оң бағаланып отырғанына тоқталды.

Бүгінде мекеме тізгінін ұстап отырған Қайрат Есенғалиев өз сөзінде 40 жылдық соқпақты басып өткен орманшылар шаңырағының қысқаша тарихына шолу жасап, осы ұжымға еселі еңбек сіңірген аға буын өкілдерін —  ардагерлерді ерекше ықылас-ілтипатпен еске алды. Солардың бірі — еңбекте озат, өз саласының кәнігі маманы болған Ғұбайдолла Беркалиев еді. Жиналғандар ардагер әріптесінің рухына тағзым етіп, бір минут үнсіздікпен еске алды.

FB_IMG_1635740965699

Сондай-ақ ардагерлер атынан сөз алған Мұхамеджан Ғалиев, Гүлнар Беркалиева да естеліктерімен бөлісіп, ізгі тілектерін білдірді.

Әлбетте, мерейтой кезінде үздіктердің еңбегі жоғары бағаланып, үлгілі қызметіне сай марапатқа лайық деп танылатыны белгілі. Мәселен, Ж.Жексенов пен Н.Викторович облыс әкімінің, Ж.Ажуов пен Б.Батраков аудан әкімінің, Н.Жұмабаева, М.Құбашев, Д. Орақов басқарма басшысының, Б.Сақпаев, Б.Сағынғалиев кәсіподақ ұйымының, М.Музыка, Ж.Супалдьяров мекеме басшысының алғысхатына ие болып, мерейі тасыды.

Сонымен қатар ұжым басшылығы дәл осы салтанат үстінде Жәрдем Ажуовты зейнет жасына толуына орай құрметті демалысқа шығарып, иығына шапан жапты.

Салтанатты шараны әнмен әрлеп, күймен көмкерген Ақжайық ауылының мәдениет үйінің қызметкерлері жиналғандарға жоғары көңіл күй сыйлады.

FB_IMG_1635740975533

Мерейтойдың екінші бөлімі қызметкерлер мен ардагерлер арасындағы спорттық шаралардан ұйымдастырылған сайысқа ұласты. Тартысты өткен ойындарда ерекше белсенділік танытып, өзгелерден бағы мен бабы басым түскен бір топ қызметкерлер сый-сияпатқа бөленді. Атап айтқанда, қол күресінен Рауан Қалаубаев (Есенсай ауылы), А.Көшербаев (Ақжайық ауылы),  Т.Истелеуов (Шағатай ауылы) жүлделі орындардан көрінсе, волейболда Шағатай ауылының командасы үздік деп танылды. Ал арқан тартыс ойынында Ақжайық ауылының ойыншылары ешкімге дес бермеді. Жалпыкомандалық есепте Шағатай ауылының қызметкерлері намысты қолдан бермей, 1-орынға ие болды.

Ғазиза Рахметова

Ақжайық ауылы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале