15.04.2021, 14:08
Оқылды: 131

Ортақ уәжге келді

Көктемде малды жайылымға жіберер тұста Шыңғырлау ауданы басында қордаланып келе жатқан мәселелер күн тәртібіне шыға келетіні рас. Жыл сайын әр мал басына бағу құны өсіп келе жатқаны өз алдына бір мәселе болса, ақ адал малының күз мезгілінде ауысып жататыны да жасырын тақырып емес. Бақташының өрістен малды ерте айдап келуімен күтуге жіберілген малды кешқұрым тұрғындардың күтіп алмау жәйі тағы бар. Мінеки, тағы да «Бесқонақ» өтісімен аудан басындағы мал басы күтімге шыққалы тұр. Осыған орай Шыңғырлау ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Әділ Қаражанов қоғамдық тыңдаулар өткізуде.

53EA738D-8A44-4E55-B7A7-139145BF5ECC

Биылда мал күтімі жылдағыдай 4 бағытқа шықпақ. Бақташылар да анықталып, жұртшылыққа таныстырылуда. Жалпы осындай халықпен кездесулер барысында алдымен алға тартылатын әңгіме-әр мал басына төленетін бағаның өсуі. Құдайға шүкір, бүгінгі таңда халық ірі қараны да, ұсақ малды да көбейтуге ден қойған. Әр үйден кем дегенде 4-5 ірі қара, 20-30 ұсақ жандықтың шығатыны анық. Осы уақытқа дейін жұртшылық бір ірі қараға 1500, ұсақ малға 600 теңгеден төлеп келгенді. Осы орайда жұртшылықты ренішке қалдыратын бір жәйт-мемлекеттің меншігіндегі жер болғанымен де мал бағушы өзінің жеке меншігіндегі жерге жайып жүргендей бағаны да өз ойларынан шығарып белгілеуі. Бақташы еңбегі бағалану керек болғанымен де бағаны жылдан жылға көтеру ақылға сыйымды ма? Оны біреудің қалтасы көтерсе, екіншілері үшін бұл тиімсіз. Өйткені, қазіргі күні қымбаттамаған нәрсе жоқ шығар, тек еңбекақы ғана көтерілген жоқ. Ал, мал басына бағу құнының өсуі мал ұстасам деп ынталанған адамның жігерін құм етіп, ынтасын жоймай ма?

Түйткілді мәселелер ортаға салынған осындай кездесулерде ауылдық округ әкімінің міндетін атқарушы Ә.Қаражанов әділ шешімімен екі тарапты да бір ымыраға келтірді.

- Шыны керек, бұл жылдан жылға жауыр болып келе жатқан мәселе. Бақташылар да мал бағуға құлықты жандардың жоқтығын біліп, мал бағудың қиындығын алға тартып бағу құнын көтерумен келді. Ал, басқа қырынан қарайтын болсақ-жер алдымен жеке меншіктегі өз жерлері емес, мемлекеттікі. Ешкімге олар жеріме кірдің деп қысым жасап жатқан жоқ. Алда-жалда осындай жағдай туындайтын болса аудандық жер қатынастары бөлімімен жердің шекарасын анықтап, өз құқығын алға тартқан жеке меншік жер иелерімен заң аясында түсінісуге әбден болады. Екіншіден, мал бақташылары қыс айларында жұмыссыз қалмасын деп жұмыспен қамтамасыз етіліп отыр. Мал бағуға берілген жылқысына жем-шөбі де жеткізіліп берілуде. Ендеше, халықтың жағдайымен де санасқан жөн. Сол себепті де биыл әр ірі қара басына -1400 теңге, ал ұсақ жандыққа 500 теңгеден бағу бағасы бекітіліп отыр. Өткен жылы ірі қара үшін тұрғындар 1500 теңге, қой үшін 600 теңге төлеп келсе, ендігі жерде мұндай мәмілеге келу әр отбасы үшін үлкен жеңілдік болмағы түсінікті,- дейді ауылдық округ әкімінің міндетін атқарушы Әділ Қаражанов.

Иә, сонымен бір мәселенің түйіні шешілгендей. Екінші назардан тыс қалмайтын жәйт-өрістен қайтқан мал басын тұрғындардың шашау шығармай күтіп алып, аулаларына апарып қамауы. Әйтпеген күнде өрістен қайтқан мал күтіп алмағандықтан көше кезіп, жаңа бой көтеріп келе жатқан тал-теректерді жұлмалап жеп жатқаны. Бұған қоса қайсыбір жылдары теміржол төңірегінде иесіз жүрген малдың пойыз астына түскен кездері де жиі болған.

-Ендігі жерде аудан көшесінде осындай мал басы жүретін болса ҚР әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 408 бабы және ауыл-аймақты көгалдандыру туралы осы Кодекстің 503 бабы аясында иесіне 15 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салынатынын қатаң ескерткіміз келеді,- дейді Ә.Қаражанов.

Көзбе-көз тілдесудің, пікірді ашық ортаға салудың ұтымдылығында сөз жоқ. Халық та, бақташы да орынды айтылған уәжге тоқтаған сыңайлы. Ендігі жерде бақташы өз жауапкершілігін жоғалтпаса, жұртшылық та өз міндетіне жүрдім-бардым қарамаса әр ауладағы малдың аман боларына сөз жоқ.                                                                       

Г.Ибрагимқызы,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале