7.06.2022, 12:15
Оқылды: 52

Орынбор қаласынан, орыстың арасынан...

Нұрсұлтан Зайзағалиев Австрия аспанында Әнұран ойнатып жатқанда, Еуропаның екінші бұрышында оның жерлес інілері де көк тудың астынан шығып, күресіп жатты.

01

Сырым аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің Көгеріс ауылындағы күрес үйірмесінің шәкірті Ерболат Ғабдулкаримов Ресей Федерациясы, Орынбор қаласында өткен «Оренбуржье» дзюдодан 2011-2012 жылы туғандар арасындағы бүкілресейлік балалар лигасында 56 келі салмақ дәрежесі бойынша чемпион атанды. Ал Жұмабай Мәдениет 32 келі салмақ дәрежесі бойынша ІІІ орынға ие болды. Халықаралық жарыста жеңіс жалауын желбіреткендер қатарында Жымпитыдағы күрес үйірмесінің оқушылары да бар. Алайда Көгерістің көкөрім балаларының Орынбор қаласынан, орыстың арасынан дараланып шығуы ел мен жұртты расымен елеңдеткізді. Мойынына медаль таққан Темірлан Наурызбайдың шәкірттерін ауылдастары түн жарымда жолға шығып, кернейлетіп-сырнайлатып күтіп алды.

02

Көгеріс – белгілі күйші, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің вице-министрі Нұрғиса Дәуешов туған ауыл. «Мәдениет үйі жоқ ауылдан мәдениет министрі шықты. Енді, спорттық залы жоқ ауылдан чемпиондар шығып жатса, таң қалмаңыздар!» - деген сөз шындыққа айналғандай.

Дегенмен, таң қалып отыра беруге болмайды. Көгеріске жабық спорт залы керек. Бұл – қажеттілік!

Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале