20.07.2022, 15:45
Оқылды: 198

Осы жұрт Баймолланы біле ме екен?

Баймолла Кувашев есімі батыс өңірінде кеңінен танымал. Алайда спорттық мансабында түрлі деңгейдегі жарыстарда топ жарып, одан кейін жаттықтырушылық бағытта көзге түскен, шәкірттері халықаралық ареналарда белсенген, жоғары дәрежедегі төреші Баймолла Мақсотұлы Теректідегі дзюдо мектебін қалыптастырған жандардың бірегейі екендігін аудан халқы біле бермейді.

WhatsApp Image 2022-07-20 at 14.22.35

Кейіпкеріміз Казталов ауданы, Қарабақ ауылында дүниеге келген. Баймолла Мақсотұлының күрес түрлеріне деген қызығушылығы бала кезінен оянып, 1979 жылы «Зенит» спорт залында дзюдодан ең алғашқы жаттығуын бастаған. Бойға біткен бұла күш, сонымен қатар еңбек арқылы шыңдалған талант оны шет мемлекеттерде топ жаруға жетеледі. Самбо және дзюдодан Литва, Эстония мемлекеттерінде жүлдегер атанып, Мәскеу, Ленинград, Кременчуг секілді қалаларда өткен бүкілодақтық жарыстарда жеңіс туын желбіретті. Осылайша, маңдай тердің арқасында Баймолла Кувашев тек Қазақстан емес, алыс-жақын шет елдердің өзі санасатын мықты спортшыға айналады.

IMG-20220719-WA0046

Теректіге Баймолла Мақсотұлы 1991 жылы келіп, Покатилов ауылында жаттықтыуршы болады. Сонымен бірге балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде директор қызметін атқарады. Сол кезде, нақтырақ айтсақ, 1995 жылы аудандағы аталмыш спорт мектебі республикада үздік үштіктің қатарында болған. Спортпен өмірін байланыстырған жан 2010-2017 жылдар аралығында «Теректі» спорт клубын басқарған кезде күрес түрлерінен  ауданымыз ешкімге дес бермей, командалық есепте көш бастапты.

Кейіпкеріміздің басты мақтанышы – шәкірттері. Жалындап тұрған жастан жауырыны жер иіскемейтін палуан жасау оңай дүние емес. Жылдар бойы жасалған жұмыс, жаттығу кезіндегі қиындықтар, түрлі додалардағы әділетсіздіктер мен жарақаттар, жеңіс тұғырына орныққан сәттегі эмоция... Барлығын бір сөзбен суреттеу де мүмкін емес. Баймолла Мақсотұлы бүгінгі таңда қазақ спортына өлшеусіз үлес қосқан тұлға ретінде танымал. Мысалы, самбо, қазақ күресі және әскери самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, дзюдодан спорт шебері Қазбек Сұпығалиев, әскери самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем чемпионатының жүлдегері, студенттер арасындағы Универсиада жеңімпазы Бауыржан Ғұмаров, дзюдо күресі және әскери самбодан спорт шебері Қанат Дингуатов, дзюдо күресінен спорт шеберлері: Алтынбек Сұпығалиев, Ришад Молдашев, Мұрат Баубеков, әскери самбодан спорт шеберлері - Шыңғыс Қажиақпаров және Асылхан Қабиев секілді шәкірттері ұстаздарының есімін әрдайым мақтанышпен айтып жүреді.

Не десек те, алпысты алқымдаған Баймолла Кувашев есімі Теректінің спорт тарихында алтын әріптермен сақталатын, жаскелең ұрпақ еңбегін біле жүретін нағыз талант екендегі даусыз.

Әділет Әлібек,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале