25.03.2021, 19:10
Оқылды: 102

Отбасы институтының іргесі берік болуы керек

Қоғам жедел даму үстінде. Соның ішінде қазақ қоғамы қазіргі уақытта алмағайып заманда тұр. Әлімсақтан бері жерімізге көз алартқан пайдакүнемдер экспансия арқылы соғыс жариялағалы қашан? Бұл – қантөгіссіз майдан.

 Отбасы институы иргетасы

Ел арасында кеңінен таралған мынадай бір мысал бар. Ашаршылық уақытында аштан өлейін деп жатқан бір атамыз: «Біздің мұндай жағдайда жан беріп жатқанымызға Аллаға шүкір, біздің кейінгі ұрпағымызға қиын болмаса екен» десе, қасында дәл солай аштан өлгелі жатқан екінші кісі: «Не айтып жатсыз, аштан өлгеннің несі жақсы?» депті. Сонда ақсақал: «Алла бізді аштықпен сынап жатыр, кейінгі ұрпағымыз тоқшылықпен сыналып, Құдайын ұмыта ма деп қорқамын», - деген екен.

Қазіргі уақытта біз тоқшылықпен сыналып жатқанымыз жасырын емес. Заманға ілесеміз деп адами құндылықтан жұрдай болып, ұлттық болмысымыздан айырылып бара жатырмыз. Осы тұста хакім Абайдың «Қарыны тоқтық, уайымы жоқтық аздырар адам баласын...» деп тегін айтпағанына да көзіміз жетеді.

Жалпы, қазақ қоғамының заман ағымына сай өзгеруіне негізгі түрткі отбасы институты іргесінің шайқалуы деп түйдік. Олай деуімізге жастарымыздың жат елдің мәдениетіне еліктеуі, зиянды дүниелерге әуестігі салдарынан туындайтын тәуелділігі, қанымызға тән мінез бен болмысымыздан жаңылған рухани сананың әлсіздігі себеп. Осы үш себептен арылмай, қазақ қоғамында ілгерілеу болмас, сірә. Енді әрқайсысына жеке-жеке тоқталсақ.

Алғашқы себебіміз – еліктеу. Қазіргі таңда жастарымыз шығыс пен батыстың мәдениетіне еліктеп жатқаны – қоғамның ащы шындығы. Ұлымыз қызға айналып, қызымыз жалаңаштанды. Көгілдір экран мен мәдениетімізді де жаулап алып, ойына келген әрекетін жасап жатыр. Еліктеуге ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов та қарсылығын білдіріп, «Батыстың модернизациясын аламыз деп канализациясына түсіп кетпейік», - деп әлі де шырылдап келеді. Бұл тіркеске «шығыс мәдениеті» де қосылды. Жастардың санасы еліктеудің тереңге батыратынын қабылдай алмай жатыр.

Екінші себеп – тәуелділік. Жастардың білім алуға деген ынтасының төмендігі зиянды әрекеттерге тәуелділікті арттырады. Салдарынан Тәуелсіз елдің тәуелді азаматтары саны артады. Зиянды әрекеттердің қатарына ішімдік ішу, шылым, анаша шегу, ұрлық және түрлі санаттағы қылмыс жататынын да атап өткеніміз жөн.

Жоғарыдағы екі себептен соң қоғамның өзгеруін рухани сананың әлсіздігімен өлшейміз. Көпшілігіміз ұлттық болмысымызды, мәдениетімізді қабылдамай, жоққа шығарып жатамыз. Бұнымыз – бекершілік. Қай кезде де түп-тамырымыз қайдан бастау алғанын, кім екенімізді естен шығармағанымыз жөн. Бұл – заман талабы. Егер рухани санамыз әлсірейтін болса, экспансияның құрбанына айналарымыз анық.

Көрер көзге томпақ, естіген құлаққа түрпідей тиер үш себепке тоқталдық. Ал оның салдары отбасы институты іргесінің шайқалуына әкеліп соғады.

Халқымызда «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген мағыналы сөз бар. Осыны негізге ала отырып, ата-ана бала тәрбиесіне баса назар аударуы керек. Заманымыздың ата-анасын баланың тәрбиесінен гөрі күнкөріс қамы, қалта телефонындағы керекті не керексіз ақпараттар алаңдататыны сөзсіз. Ұл мен қыз ата-анаға қарап бой түзейді десек, әлгіндей көзқарастағы ғұмырмен еліміздің болашағы бұлыңғыр болары сөзсіз. Егер балаға тәрбиені ата-ана емес, оның ортасы берер болса, отбасы институтының күні қараң. Тіпті бала отбасының тәрбиесін елемей, тек қоғамдағы ортасына өз бетінше бейімделуі мүмкін. Қайтпек керек?

Біз ұрпағымыздың келешегін ойласақ, тәрбие мәселесіне ерекше көңіл бөлуге тиіспіз. Құрсақта жатқан уақытында ана әлдиі мен мағыналы әңгімелер айтып, шақалақ іңгәлап дүние есігін ашқан сәтінде ертегі, аңыз-әңгімелер, батырлар жыры, қисса-дастандарды мейлінше көбірек оқып отырған абзал. Сәби кезінде тілі шығып, тәй-тәй басқан шағында қазақша жөні түзу дүниелерді үйретіп, тәрбиелі ортаға жиі апарып тұрған дұрыс. Ал ес білген кезінде тарихымызды баяндап, ұлттық құндылығымызды насихаттап, рухани тәрбие бергеніміз жөн. Рухани тәлім алған баланың санасы да сырттан келген бейтаныс дүниені қабылдамасы сөзсіз. Міне, сол кезде отбасы институтының іргесі берік болады.

Алмағайып заманда қазақ қоғамы бір жамандықтың аз-ақ алдында тұр. Жаман айтпай, жақсы жоқ. Дегенмен ұрпағымыздың тәрбиесіне баса назар аударып, отбасы институтын одан әрі жандандыруымыз керек. Болашағымыз жарқын болып, саналы ұрпақ қалыптассын.

 

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале