2.04.2021, 11:41
Оқылды: 89

Оянатын кез келді

Осыдан бірнеше апта бұрын Тасқала ауданы әкімі Алдияр Халелов тасқалалықтардың алдына үндеу тастады. Аудан басшысы ауылдастардың басын біріктіру, кооперациялану туралы үн қатқан болатын. Біздің аудан үшін бұл бастаманың қолға алынғанына да біраз айдың жүзі болыпты. Бүгінде Тасқалада 19 ауыл шаруашылығы кооперативі өз алдына жұмыстануда.

B231A471-0686-4D30-A9EB-77BE35BFDA1B

Алдияр Сансызбайұлының өз үндеуінде көздеген мақсаты – тасқалалықтар кооператив жұмысын жандандырып, одан әрі ауыл тұрғындарының көптеп кооперациялануы. Расымен де, кооперацияның беретіні мол. Ол, біріншіден, әр мал басына берілетін мемлекеттік субсидия, яғни қайтарымсыз ақша. Мемлекет сізге мал асырағаныңыз үшін қаражат бөледі. Мысалға, бір ауылды – бір ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі деп алсақ. Ауылда 1 000 бас ірі қара малы бар делік. Жылына өндірістік кооперативтің 1 000 бас * 10 000 теңге (бір басқа берілетін субсидия көлемі) = 10 000 000 теңге субсидия алуға мүмкіндігі бар. Екіншіден, берілген субсидияға асыл тұқымды бұқашық сатып алуға немесе жалға алуға (аналық бас санына қарай) болады. Бұл өз ретінде ірі қара мал өнімінің сапасын арттырады. Асыл тұқымды төл аласыз, сапалы табиғи сүт, ірімшік және т.б. өзіңіз өндіруге мүмкіндігіңіз бар. Яғни ауылдағы ағайынның басының бірігуіне бірден-бір бастама. Даңғыл жол. Бұдан былай өз қажеттілігіңізге жаратқасын, артық өнімді саудалауға да болады. Бұл жерде айта кететініміз, жылма-жыл аудан орталығында жәрмеңкелер өтетіні өзіңізге мәлім. Тіпті Орал қаласында сауда жасағыңыз келсе, сізге аудан әкімдігі қолұшын беріп, көмек көрсетуге де дайын. Үшіншіден, кооперативтердің лизингке арнайы техникаларды алуға мол мүмкіндігі бар. Яғни кооператив қажетті техника алып, мал азығын ауыл тұрғындарына өзіндік құнымен ұсына алады. Төртіншіден, сіздерге шаруа қожалықтар секілді жер телімдерін беруге арналған конкурстарға қатысуға жол ашылады. Жем-шөп дайындайтын алқаптар мен мал жайылымдарын ала аласыз. Тіпті қажеттілік болса, ауылдан тысқары аймақтарда да жер телімдерін алып, ауылдың барлық малын жаз мезгілінде жайлауға айдауға болады. Осылай сіз ауылды абаттандыру жұмыстарына атсалысасыз. Әрі қарай кооперативтер тұрақты түрде бақташыларды жұмысқа ала алады. Бақташылар кооперативтен тұрақты жалақысын алса, сіз ай сайын мал бағымына шығын жасамайсыз. Яғни алаңсыз малыңыз бағылады. Ең бастысы, ақ адал малыңыз ит-құс пен ұрлықтың жемтігіне айналмайды. Бұл өз ретінде мал ұрлығын төмендетуге септігін тигізеді. Ауылда жұмыс орындары ашылады. Жұмыссыздық азаяды. Бұл да болса қазіргі таңда өзекті мәселелердің біріне айналды. Жоғарыда айтылған шаруалар оңынан шешілетін болса, жұмыссыздық жойылып, ауылдың қарқынды өркендеуіне жол ашылар еді. Ауданда кооперативтерді дамытудың алғышарттары жасақталуда. Кешенді бағдарлама дайындалып, республикалық деңгейге ұсынылды. Өткен жылы жеті бөгет жөнделіп, биылғы жылы алты бөгетті жөндеу жұмыстары жоспарлануда. Барлық бөгеттер ауылдардың маңында орналасқан. Яғни бұл жұмыстар мал шаруашылығындағы су тапшылығының мәселесін шешуге бағытталып отыр.

5EDFCED5-DEA0-49D1-B035-D58E9DB19469

Аталған жұмыстар бойынша түсіндіру мақсатында аудан әкімінің орынбасары Аян Халауединұлы, аудандық мәслихат хатшысы Жанар Нұрболатқызы, аудандық дербес бөлім басшылары мен кәсіпкерлер палатасының директоры Жұбаныш Таңатарұлы Қосшы ауылдық округінде болып, тұрғындармен кездесті. Кездесу барысында кооперация мен ауылды абаттандыру жөнінде әңгіме қозғалған болатын.  

– Біздің түпкілікті мақсатымыз – ауылдың басын біріктіру. Ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру болып табылады. Ауылдық жерлерді гүлдендіру, қаладағы өмір деңгейінен кем қылмау. Алтын бесік ауылға адамдар тұрақтанса, ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарса, ауылдан ешкім кетпейді. Осылайша біз ауылды сақтап қаламыз, – деді аудан әкімінің орынбасары Аян Халауединұлы жиын барысында.

Атап кететін болсақ, өткен жылы Бақтияр есімді азамат – осы Оян ауылының тумасы. Біздің ауданымызда ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрып, онымен жұмыстануға мүмкіндіктер беріліп отырғанын естіп, ауылға келіп кооператив құрған. Өкінішке орай, пандемия салдарынан бастаған жұмыстары жеткілікті деңгейде атқарылмай, тоқтап қалуға әкеп соғыпты. Аталған жерлесіміз биылғы жылы осы жұмысты тиянақты түрде қолға алып, кооперативін дамытқалы отырғандығы жиын барысында тілге тиек етілді.

Осымен жиын тәмам. Бірақ айтылған нәрсенің бәрі сол жерде қалып қоймауы керек. Ел азаматтарының айтқан сөздерін іліп әкететін ояндықтардың ынта-жігеріне сенгендіктен алдына барып отыр. Уақыт болса тығыз. Таяу арада жадырап жаз да келеді. Ауыл малы өріске шығып, ағайынның шаруаға кірісетін шағы да алыс емес. Егер де кооперация құруды қолға алсаңыз, аудан әкімінің орынбасары Аян Халауединұлына, аудандық мәслихат хатшысы Жанар Нұрболатқызына және ауылдық округ әкімдеріне хабарласып, қосымша ақпараттық көмек алуға болады, құрметті оқырман!

Темірболат Тоқмамбетов,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале