6.04.2022, 16:00
Оқылды: 77

Пакет қаптап, қоқыс толды ауылға

Қар еріп, күн шуағы жердің бетін қыздырған шақта бәйшешектен бұрын айналаны қызылды-жасылды пакет қаптайды. Бүгінде көп адамның бас қатырған мәселесі әрі қолдан жасалған құбылыспен күресу күн өткен сайын қиындап барады. Аудан орталығы Переметный ауылын да бұл түйткіл айналып өтпеді.

IMG_3137

Түрлі форумдар мен WhatsApp месенжеріндегі топтарда да тұрғындар осы мәселені сөз етуде. Кейбірі әкімдік жинамай жатыр деп басшылықты жазғырса, енді біреулер әр тұрғын өз қоқысын өзі жинап жүрсе, ауылымыз таза болар еді деген пікірін білдіріп жатыр. Екі пікір де орынды. Бірақ ауыл тазалығын өз мойнына алған «Оралтазасервистің» де бар екенін естен шығармайық.

Мақаланы жазу барысында аталған мекемеге хабарластық. "Не себепті ауыл іші пакетке толы?", "Қыс бойы кей контейнерлерді тазаламауға не кедергі болды?" деген сауалымызды жолдадық. Сауалымызға жауап берген аға диспетчер Темірлан Дакиров Переметныйға аптасына екі-үш рет арнайы көлік келіп тұрғанын айтты. Қыс кезінде көп көшені қар басып қалу себебінен кіре алмай, тазарту мүмкін болмапты. Ол туралы ауылдық округ әкімдігіне ескертілген.

IMG_3142

– Көктем шықты. Жер кепті. Енді өз жауапкершілігімізге алған ауылдың тазалығына баса мән беретін боламыз. Күні кеше екі "КамАЗ" қоқысты алып кеттік. Жер аяғы кеңіді. Тазалық жұмыстарын ойдағыдай атқаруға күш саламыз, – деді аға диспетчер Темірлан Дакиров.

Сенбеске амал жоқ. Десе де көктемде балшық, қыста қар деп өте алмай қалатын мекеме көліктерін күтіп отырғаннан да пайда жоқ. Сол себепті әр тұрғын тазалыққа үлкен мән берсе екен.

IMG_3148

Осы күні Переметный ауылдық округі әкімдігі таңнан кешке дейін ауылдағы пакетті теріп, қоқыс толы контейнерлерді тазалауда. Округ әкімінің орынбасары Мирасбек Төрешевтің айтуынша, соңғы аптада ауыл ішінен қоқыс полигонына жеті тіркеме қоқыс шығарылыпты.

– Мұнайшы шағын ауданы, Кошевой, Жеңіс, Чапаев, Әуезов көшелері тазартылды. Бірақ күшіміз жетер емес. Тұрғындардың сұрауын қанағаттандыру жолында тынбай еңбек ете береміз, – дейді Переметный ауылдық округі әкімінің орынбасары Мирасбек Төрешев.

IMG_3151

Шыны керек, қоқыстан көз аша алар емеспіз. Жел тұрса, көше-көшені толтыратын пакет пен подгузник және басқа заттарды ауылдың кез келген жерінен кездестіруге болады.

Соңғы күндері аудан орталығындағы бөлімдер мен қоғамдық жұмысшылар және әкімдік қызметкерлері ұйымдастырған сенбілік өз нәтижесін берді. Орталық көшелер тазарып қалды. Бірақ жасайтын жұмыс әлі шаш-етектен. Бұл мәселені шешу тек бір әкімдіктің қолынан келмесі анық, сондықтан күш біріктіру керек-ау.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале