20.12.2021, 17:50
Оқылды: 65

Подстепныйға «Газель» берілді

Теректі ауданына қатысты Подстепный ауылының халық саны басқа елдімекендерге қарағанда едәуір көп.  Күннен-күнге дамып, кеңейюде. Тіпті ауыл іші үлкен болғандықтан о шеті мен бұ шетіне жету қиындық тудырып, тұрғындар ауылішілік жолаушылар тасымалдайтын көлік ұйымдастыруды сұраған еді. Бұл хақында олардың базынасын басылым бетіне сан мәрте жазған едік. Енді бұл мәселе оңтайлы шешіліп, бүгін ақжолтай хабар жетті. Анығын айтсақ, 12 орындық «Газель» өз жұмысын бастады.

A2C0011B-BB8B-44EF-A791-334793EF90BF

Бұл көлік — ауыл ішіндегі әлеуметтік нысандардың арасын байланыстырады,  сонымен қатар ата-ана һәм балалардың жұмысқа, сабаққа баруын қамтамасыз етуге арналған.

Теректі аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің берген мәліметі бойынша, конкурс нәтижесінде «Арғымақ» ЖК жеңімпаз атанған. Қазір әзірге бір газель жүруде, енді тағы да бір көлік қатарға қосылмақ.

Ал маршруттың графигіне келсек, таңғы сағат 07:30-дан  кейін 20:30-ға дейін, демалыссыз жүреді. Билет бағасы, үлкендерге — 80, балаларға — 40 теңге.

Бұл қуанышқа подстепныйлық тұрғындар мәз-мейрам.

 Арай Узбекова, Подстепный ауылының тұрғыны:

 — Мектепте оқушы саны көп болғандықтан, баламыз сабақтан кеш, яғни 19:35-те оралатын еді. Қазір қыс мезгілі, ауа-райы да қолайсыз, оның үстіне ауыл ішінде бұралқы иттер көп. Осыдан қорқып, уайымдап жүруші едік.  Енді қорқынышымыз сейілгендей болды, өйткені «газель» шықты.  Қуанышымыз ұзағынан болғай!

Біздің Подстепный ауылы шыны керек, үлкен. Ауылдың анау шеті мен мынау шетіне жету үшін осындай «газель» тұрақты жүріп тұрса, жақсы болар еді.

 Елырыс Елмұрат,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале