8.02.2021, 17:34
Оқылды: 70

Полиция жылды қорытындылады

2020 жылдың 12 айында Бәйтерек ауданы бойынша 451 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 183 фактіге төмен. Былтыр 5 адам өлтіру фактісі тіркеліп, оның 4-уі ашылған. Бір факті, яғни елді дүрліктірген қанды оқиға - Запрометовтар отбасының өлімі ашылмауда. 2019 жылы мұндай төрт ауыр қылмыс тіркеліпті. Бұл мәліметтерді аудандық полиция бөлімінің бастығы Сұлтан Шалдарбеков берді.

82440E9D-3BFC-42C3-AA2D-E58E360A230C

-Бәрімізге мәлім 2020 жылдың 14 қаңтарда Янайкин ауылында орын алған Запрометов отбасын қанға бөктірген қылмыстық оқиға әлі күнге дейін ашылмай тұр. Бұл қылмыс бойынша Батыс Қазақстан облысы Полиция департаменті және Бәйтерек ауданының полиция бөліністерімен жұмыс тобы құрылып, осы аса ауыр қылмысты ашу мақсатында кешенді жедел-іздестіру іс-шаралары өткізілуде, аталған қылмыс Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрімен полиция департаменті бастығының жеке бақылауында,-деді аудандық полиция бөлімінің басшысы С.Шалдарбеков.

Бөлім басшысының айтуынша, аудан көлемінде интернет алаяқтығы да өршіп тұр екен. Мұндай қылмыстарды ашу оңай емес. Сол себепті полиция қызметкерлері аудан тұрғындарын желі арқылы сауда жасаған кезде сақтық танытуға шақырады. Десе де 2020 жылғы 12 айында алаяқтық қылмыс түрі бойынша 26 оқиға тіркеліпті. Оның 14-і интернет алаяқтығы екен.

Құқық қорғау қызметкерлерінің қолында бар мәліметтерге сүйенсек, интернет арқылы біреуді алдап кеткен күдіктілерді жедел анықтау қиындыққа соғады екен. Өйткені аумақта бар әлеуметтік желілердің әкімшіліктері шетелде орналасқан. Аудан полицейлері БҚО Полиция департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп, желі арқылы желіккенді жер сипатқандарды анықтау мақсатындағы жұмыстарды атқаруда. Сондай-ақ аталған қылмыс түрлерінің алдын алу мақсатында тұрғындардың көп жиналатын орындарында ескерту жадынамалары ілініп, «police_baiterek» инстаграмм парақшасына да хабарландырулар жасалған.

Сұлтан Зұлқайнарұлының айтуынша, ауданда кең тараған қылмыс түрі ұрлық екен. Былтыр қол сұғанағы барлар 216 қылмыс жасаған. Оның 75,8 пайызы ашылыпты. Мал ұрлығы да өршіп тұрған көрінеді. 2020 жылы 30 мал ұрлау фактісі тіркелген болса, оның 60,9 пайызы ашылған. Пәтерге түсетіндер де тыныш жатпаса керек. Былтыр 56 ұры пәтерлерді күптеген. Десе де олардың 84,8 пайызы қолға түскен. Полиция бастығының сөзінше ұрылардың біразы телефондарға құмартады екен. барлық 216 ұрлықтың 32 фактісі ұялы телефон ұрлағандар. Бірақ бұл ұрлықты анықтау осы күні оңайға соққандықтан телефонды қолды қылғандардың 81,3 пайызы қолға түсіпті.

 -Мал ұрлығын болдырмау мақсатында, бірқатар жұмыстар атқарылды. 2020 жылғы 12 айында өз малын қараусыз қалдырғаны үшін  83 адамның үстінен әкімшілік өндіріс қозғалып, шығарылған қаулыларға сәйкес түлік иелері жауапкершілікке тартылды,-дейді С.Шалдарбеков.

Қоғамдық тәртіпті бұзушылар да азаймай тұр. 2020 жылы Бәйтерек ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері 4016 әкімшілік құқық бұзушылық фактілерін анықтап, хаттама толтырған. Соның нәтижесмінде 15 млн. 328 мың 804 теңге құрайтын айыппұл салыныпты. Бүгінде оның 11 млн. 778 мың 680 теңгесі өндірілген. Қазіргі таңда өндірілмеген айыппұлдар сот орындаушыларына жіберілгенін айтады полиция бастығы.

Аудан көлемінде жол жүру ережесін бұзу өткен жылдың көрсеткішінен анағұрлым асып отыр. Оған өткен жылдың 11 қаңтарында Қазақстан Республикасының кейбір Заңына өзгерістермен толықтырулар енгізілгені де кедергі болмаса керек. Өйткені мас күйінде көлік құралын басқарған 85 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылды. Мұндай жағдайлар 2019 жылмен салыстырғанда 26 фактіге өсіпті.

Былтыр көлік құралын басқару құқығынан айырылған 9 тұлға анықталып, ҚР ҚК-нің 346-бабына сай қылмыстық жауапкершілікке тартылыпты.  

-Есептік кезеңде 26 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 8 адам қаза тапса, 27 адам түрлі дәрежеде дене жарақатын алды. Барлық жол-көлік оқиғаларының 11 дерегі үй жануарларының қатысуымен болды. Қараусыз мал кесірінен орын алған ЖКО-ның алтауы «Атырау-Орал» тас жолының Янайкин және Богатск ауылы маңында болса, «Орал-Тасқала» жолында 2 факті, Үлкен-Шаған – Вечный жолында 1 факті, Орал-Кирсанов жолында 1 факті орын алды,- деді өз сөзінде полиция бастығы.

2020 жылы полиция қызметкерлерімен бірқатар жұмыс атқарылды. Алда жасар істердің де жоспары құрылды. Президентіміздің Жолдауында айтылған полиция институты сервистік модель негізінде дамып келеді. «Жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша жергілікті полиция қызметінің мейлінше тұтас реформасын жасау қажеттілігі пісіп-жетілді. Осыған орай учаскелік полиция инспекторларының рөліне баса мән берілмек.

Учаскелік полиция инспекторларының мәртебесін заңнама арқылы арттырып, оның өнімді жұмыс істеуіне мол мүмкіндік берудің жөн екенін де Сұлтан Зұлқайнарұлы баса айтты. Енді полицейлер азаматтар алдында ашық, қолжетімді әрі беделді болуға, азаматтардың құқықтарын қорғауға бар күш-жігерін сала қызмет ететін болады. Сондай-ақ тұрғындар Бәйтерек ауданының полиция бөлімінің «police_baiterek» және «sultanshaldarbekov» атты инстаграмм парақшасына өздерінің проблемалық мәселелерімен жүгінуге мүмкіндік алған. Бұдан былай аудан құқық қорғау қызметі барынша ашық болмақ.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале