1.03.2024, 23:26
Оқылды: 17

«Ризашылық – мейірімділік бұлағы»

Дәл осындай атаумен Қаратөбе аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінде 1 наурыз – Алғыс айту күніне арналған дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелге ардагер ұстаздар, мәдениет саласының ардагерлері, өзге ұлт өкілдері, кітапхана оқырмандары шақырылды.

 Алғыс кітапхана (1)

Алғыс айту күнімен құттықтаған аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мәулен Салахаден:

- Алғыс айту – берекелі бірліктің бастауы болмақ. 1 наурыз – бұл ең алдымен ризашылық пен келісім саясатының салтанат құрған күні. Бұл ортақ тағдыр тоғыстырған Қазақстан халқының бір-біріне ортақ сый-құрмет көрсететін күні. Сонау қиын-қыстау кезеңдерде өзге ұлт пен ұлыстарға қазақ халқы өзінің төрінен орын берді, азық-түлігімен бөлісті. Бұл – ұлтымызға тән мейірімділік пен қамқорлықтың белгісі. Осы сәтті пайдалана отырып баршаңызды мерейлі мерекемен құттықтаймын, - деді.

Мерекелік кездесуде сөз сөйлеген мәдениет саласының ардагерлері Бейбіт Сағынғалиев, Боранбай Далабаев, ардагер ұстаздар Сая Назашева, Збайра Жақсығалиева, татар ұлтының өкілі Әсия Валиевалар бүгінгі шараға шақырушыларға ризашылығын жеткізіп, алғыс айту мерекесінің мәніне тоқталып, ел амандығын тіледі.

Дөңгелек үстелде аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұртас Сафуллин көктем мезгілінің бастауындағы ізгілікті мейраммен барша қатысушыларды құттықтап, қазақтың қара домбырасымен ән шырқап берді.

Алғыс кітапхана (5)

Шара соңында аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің басшысы Нұржамал Берниязова барша қатысқан қонақтарға алғыс айтып, естелік сыйлықтар тарту етті. Басқосу барысында жас оқырмандар өлең оқыса, жас күйшілер күмбірлете күй тартты.

Серікбай Хасанов,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале