2.02.2022, 13:00
Оқылды: 9

Сабақ шығармасақ, футзал футболдың күйін кешеді

Қаңтардың соңғы күні барша қазақ жанкүйері назарын Нидерланды паркетіне тікті. Шыны керек, 2022 жылғы футзалдан Еуропа чемпионатынан көп адам үлкен үміт күтті. Бірақ ол ақталмады. Өкініштен өзегімізді Украина құрамасынан тапқан жеңіліс өртеді. Ойындағы басымдықты қолда ұстағанымызбен, аяқ асты жіберген қателік салдары жеңіліске алып келді. Бір емес, үш голды бос қақпамызға сүңгіткен жовто блокитті құрама кішігірім сенсация жасады.

футзал (1)

Осы материалда жеті жыл бойы әлемді шулатқан құрамамызға не болғанын саралап, еуроның ¼ финалындағы ойынды шолсақ дедік. Еуроның плэй офф кезеңіне біздің құрама фавориттердің бірі ретінде келді. Өз тобымыздан оңай шыққанымызбен, шешуші сәтте босаңсып қалғандаймыз. «А» тобынан әрең шыққан украиндық футзалшылар осы кезге дейін өзі қатысқан барлық еурода үйіне ерте қайтқан еді. Ал біз екі мәрте жартылай финалда өнер көрсеттік. Бұл ойындағы басымдық та біздің жағымызда болды. Тек екі команданың өзара кездесулерінің біреуінде де қазақ жігіттері жеңіп көрмегені ғана көп адамды алаңдатты. Өйткені Қазақстан мен Украина құрамасы осы кезге дейін төрт рет кездесіп, үш рет тең түсіп, бір мәрте Украина жеңген еді. Бұл жолы да статистика түзелмеді. Құраманың екі бірдей негізгі ойыншысы Тайнан мен Эдсонның матчтан шеттетілуі жеңілістің негізгі факторларының бірі. Тайнан өзінің топтық кезеңдегі екінші сары қағазын эмоциясына ерік беріп, төрешімен сөзге келгені үшін алып қалғаны өзекті өртейді.

Дәл осы ойында аталған екі ойыншының жетіспегені көзге ұрып тұрды. Ойынды жүргізе алатын, қажет кезде жеке бас шеберлігі мықты жігіттердің жоқтығы шешуші сәттерде білінді. Ең болмағанда біреуі болғанда құрама ойыны басқаша жүрер ме еді. Матчты көрген жандар болса, біздің құрама жақсы бастағанын растайды. Ойын тізгіні де қолда болды. Тек соңғы сәтте салқынқандылық жетіспей діңкелетті. Кей сәттерде плэй офф кезеңінің мысы да жігіттердің жігерін жасытқандай болды. Десе де оғландар барын салды. Дәурен Тұрсағұлов допты қақпа бағанасына тигізген сәтте голдың болары анық дегендей ой келіп еді. Бірақ өз алаңына қамалып алып, қарсы шабуылға ден қойған украиндықтар оңайлықпен берілмеді. Ал тайм аяғына қарай берілген пенальти тамаша ойынымыздың астан-кестеңін шығарды. Осы сәтте еурода VAR жүйесінің жоқтығы бізге қарсы ойнады. Өйткені Азат Валиуллин тәртіпті дәл айып алаңының сызығында бұзды. Ал ондай кезде пенальти берілмейді.

футзал (3)

Екінші таймда қарсыласты қыспаққа алғанымызбен, прессинг қажетті нәтиже бермеді. Сауатты қорғана білген Украина қарсы шабуылдарда қауіпті болды. Тіпті бесінші ойыншы ретінде Альберт Ақбалықовты алаңға шығарып, басымдықты қолымызға алғандай болдық. Гол да соқтық. Есеп айырмасын бір допқа дейін де қысқарттық. Бірақ қажет емес қателіктер өз дегенін жасады. Төртінші гол қақпамызға енген кезде камералар еріксіз көзіне жас алған жас жұлдызымыз Жомарт Тоқаевты көрсетті. Шыны керек, осы сәтте Жомартпен бірге барша қазақ даласы өксіп тұрғандай болды. Бір емес, үш мәрте қақпа бағанын сындыра жазадық. Ең болмағанда бір қателік кем болғанда ғой деген де ой келді. Бірақ футзалда шартты рай жұмыс жасамайды.

Қазір құрама сынның астында қалды. Сынның орындысы да бар. Бірақ көп пабликтерде глор көбейгені көрініп-ақ тұр, барлығын түсінуге болады. Өйткені үлкен үміт ақталмаған кезде көңіл тез суиды.

Құрамаға осы додада не жетпеді? Ия, жеңілдік. Десе де жігерсіз болмадық. Дәл қазіргі бабымызды ескерсек, жетістік жаман емес. Өйткені жарыс басталмай жатып бапкеріміз бен бірнеше негізгі құрам ойыншысы вирус жұқтырды. Қаңтар оқиғалары кезінде дайындықты жөнді өткізе алмадық. Осы жайттардың барлығы бүгінгі нәтижеге алып келді.

Жеңілген сәтте-ақ көп жанкүйер Альберт Ақбалықов, Азат Валиуллин, Арнольд Кнауб ұлттық құрама деңгейіне сай келмейтін ойыншылар деген пікірлерін де жазып жатты. Қателікке бой алдырған Дәурен Тұрсағұловты да жерден алып, жерге салғандар болды. Шыны керек, ол пікірлерді оқыған кезде еріксіз күлесің. Сонда қалай, былтыр қыркүйекте өткен әлем чемпионатында мықты болғандар биыл қаңтарда төмен бола ма? Сол себепті сынды да орнымен айтқан жөн-ау.

Жоғарыда дайындық жұмыстары жөнді жүрмегенін айттық. Расымен де солай. Оның үстіне ойыншылар қазір физикалық тұрғыда шаршаңқы. Қыркүйекте әлем чемпионатында өнер көрсеттік. Одан келісімен ел кубогі, ішкі чемпионат, чемпиондар лигасы, бес ай бойы жігіттер паркетте жүр. Осы аралықта Дәурен Тұрсағұлов жарақат алып қалды. Ол тек еуро алдында ғана қалыпқа келді. Толыққанды жаттығу жиындарын өткізбеді. Бесінші ойыншы ретінде алаңға шыққан кезде керемет ойнай алатын Дәурен Нұрғожин тіптен бұл жарысқа қатыса алмады. Тәжірибелі Шыңғыс Есенаманов топтық кезең ойындары кезінде қонақүйдегі бөлмесінде қамалып жатты. Осының барлығы жеңілісімізге өз септігін тигізді.

Қазірдің өзінде кей жанкүйерлер команданы бразилиялықтар және жергілікті ойыншылар деп бөлгенді шығарды. Бұл да қажет емес. Өйткені Игита мен Дуглас, Тайнан мен дәл Еуро алдында жарақат алып қалған Леоның құрама үшін жасаған еңбегін еш қылуға болмайды. Оның үстіне ойыншылар еш уақытта бір-біріне қатты келіп, команда екіге жарылып көрмеді. Енді жанкүйер қауым жігіттердің арасына жік салмағаны жақсы.

Сөз барысында айтылғандай, жеңіліске физикалық тұрғыда дайын болмағанымыз сеп болды. Екіншіден жарақат алып, ковид жұқтырғандар да көп. Ал әріге қазар болсақ, ішкі лигада немесе ұлттық құрамада медицина нашар секілді. Бірақ бұл ұзақ әңгіме.

Сондай-ақ әлем біріншілігінен соң бірден ішкі жарыстар басталып кетті. Еуроны ескеріп, ҚР чемпионаттағы кей ойындарды кейінге шегеру керек пе еді деген де ой келеді. Неге десеңіз, ұлттық құрама ойыншылары демалып үлгермеді.

Көп жанкүйер Эдсонды неге алды деген де ойын айтып жатыр. Оның ойындағы статистикасы бұл шешімнің дұрыс екеніне көз жеткізді. Бірақ ол жігітті Нидерландыға ұшар алдында емес, ертерек құрамаға қосу керек еді. Сонымен қатар психологиялық дайындығымыз да нашар екенін көрдік. Оған Тайнанның теп-тегіс жерде алған сары қағазы дәлел.

Үлкен футболға миллиардтап ақша саламыз, ал нәтиже беріп тұрған футзал жетімнің күйін кешіп жатыр. Дода алдында ел үшін жанын беруге дайын жүрген Кака мен оның батырларын ақшалай қолдап жіберген кезде де ұтылмас едік. Кей деректерде әлем чемпионатындағы жетістік үшін де ойыншылар жөнді қаржы алмаған деген әңгіме бар.

Тағы бір себеп – ішкі чемпионатымыз әлсіздігі. Командаларды жеке кәсіпкерлер мен таза жанашырлар ғана сүйреп жүр.Үлкен футболға бөлінер қаржының азғантай бөлігін футзалға берсе, артық болмас еді. Ел біріншілігінде ойнап жүрген «Рахмет», «Оқжетпес», «Нұр-Сұлтан», «Аят», «Ақтөбе» клубтарының бюджетін қосқанда премьер лигадағы ең кедей клубтың бюджетіне жетпей қалады-ау. Осы олқылықтардың орнын толтырмасақ, көп ұзамай футзалымыз да футболдың күйін кешетін болады.

Қазір қазақ жанкүйерінің ойы астан-кестен, не болғанын түсіне алмай әлек. Жарыстан ерте кеткенімізге үйрене алмай қалғаны да байқалады. Бірақ екі жылда бір рет біздің құрама осындай ыңғайсыз жайтқа тап болады. Естеріңізде болса, бірнеше жыл бұрын Румыния құрамасына қарсы ойында қарсылас қапасына 83 соққы жасағанымызбен, қажетті нәтиже шығара алмаған едік. Бүгінгі жеңілісте де соның кейпін киіп отырмыз. Өкінішті, бірақ жеңілісті де қабылдай білгеніміз дұрыс. Тек көпшіліктің үміті ақталмағаны қинайды. Соңғы жеті-сегіз жылдағы қазақ футзалының дүркіреген кезеңінің аяқталғаны ма деген ой маза бермейді. Ойыннан кейінгі Игитаның көзі мөлдіреп, «Жасым да келіп қалды» дегенін естігенде қазақ футзалының жүріп өткен жолы жалғаспай қала ма деген ұры ой келді.

Келесі ірі жарысымыз – 2024 жылғы әлем чемпионаты. Оған барамыз ба, жоқ па белгісіз. Осы кезге дейін құрамамызды сүйреген тәжірибелі ойыншылар кететіні анық. Орнын басар ізбасарларды қайдан табамыз? Тоқаев пен Қарағұлов, Тұрсағұлов пен Оразовқа көмектесер жігіттерді қайдан аламыз? Ол да жауабын күткен сұрақ болып қалмаса екен.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 суреттер казфутбол.кз сайтынан алынды

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале