26.11.2021, 17:20
Оқылды: 58

Садақа беру – сауапты іс

Таяуда Жаңақала аудандық мешітінде сауапты әрі игі істің куәсі болдық. Ауыл азаматы Талғат Байкенов бастаған ауданның шаруа қожалық жетекшілері ауылдық округтерден келген ұзын саны 80 адамға ас берді.

44

Алланың разылығын ойлаған шаруа қожалық жетекшілері аудандық мешітке құран оқытып, ірі қара мал етінен әр отбасыға жәрдемдесіп, садақа жасады. Алдымен жиылған жамағат мешітке жиналып, бас қосты. Жақсылық істің құрметті қонағы қатарында Жаңақала ауданы әкімінің орынбасары Ақнұрлы Еслямғалиева, Жаңақала ауылдық округінің әкімі Ақан Қапанов, облыстық мәслихат депутаты Алтынбек Ермекқалиев болды.

45

Жаңақала ауданы әкімінің орынбасары А.Нұрғалиқызы ауылдардан келген қонақтарға «қош келдіңіз» айтып, жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар сауапты істің ұйытқысы болған Т.Байкенов бастаған шаруа қожалық жетекшілеріне өзінің алғыс, ризашылығын жеткізді. Артынша сөз кезегін облыстық мәслихат депутаты А.Серікқалиұлы алып, «Ел-халыққа жасаған жақсылықтарыңызға Алла разы болсын, Алла сауаптан жазсын! Істеріңізге береке беріп, шаруаларыңыз шалқи берсін! Ел-жұртымыз аман-сау, бірлігіміз бекем болсын» деген ақжарма тілегін айтты. Келген көпшілік өздерінің ойларын ортаға салып, кей жандар жылы естеліктерімен бөлісті. Одан кейін мешіт жанынан ашылған асханада құран оқылып, садақа асы берілді. Ауылдық округтерден келген тұрғындар шынайы ниеттерімен сөз кезегін алып, жақсы іске мұрындық болған азаматтарға алғаусыз көңіл, зор құреттерін жеткізді. Адам жанына азық болар рухани әңгімелер мен мәнді дүниелер айтылып, халықтың сусыны қанғандай болды.

Ас соңында Жаңақала аудандық мешіттің бас имамы Жомарт Санатұлы ас қайырып, бата берді. «Қандай да бір жақсылық жасасаңыз, Алла жақсылықтарыңызды еселеп қайтарсын! Себепші болып жатқан ағаларымызға да Алла разы болсын! Көп-көп рақмет» деген тілегін жеткізді. Астан соң әрбір ауылдық округтерден келген қонақтарға арнайылап сойылған ірі қара малдың еті садақа ретінде таратылып, азық-түліктер табысталды.

Құндыз Мержанқызы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале