27.09.2022, 11:01
Оқылды: 74

Сайлауға сақадай саймыз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы» Жарлыққа қол қойды. Жарлыққа сәйкес 20 қараша күні кезектен тыс саяси науқан өтеді. Жалпы, Президенттің бір мерзімге сайлануы – әлемдік тәжірибеде бар дүние. Бұл мемлекеттің дамуына серпін береді деген сенімдеміз. Алдағы уақытта еліміздегі кезекті саяси науқанға қатысып, болашақ мемлекет басшысын сайлайтын боламыз. Осы орайда сайлау науқанына дайындық барысын білу үшін Казталов аудандық-аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Жүсіп Шакуовке жолықтық.

1

Фото: gov.kz

– Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа арнаған Жолдауында биыл күзде ҚР Президентін кезектен тыс сайлау өтетінін атап өтті. «Мен биылғы күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынамын. Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет. Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс президент сайлауына баруға дайынмын», – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев президент өкілеттігі мерзімін және ұзақтығын қайта қарау қажет екенін айтқан болатын. «Президент мандатын ұзақтығы жеті жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынамын. Бірақ қайта сайлануға тыйым салынады», – деді ол. Жалпы, Қасым-Жомарт Кемелұлы президент сайлауын кезектен тыс өткізу туралы шешімді дұрыс қабылдады деп есептеймін. Мемлекет басшысының мұндай шешім қабылдауына соңғы уақытта әлемде болып жатқан оқиғалар мен Жаңа Қазақстан құру үшін тез арада саяси реформалар қабылдау қажеттігі түрткі болғаны айқын. Күні кеше елімізде орын алған саяси оқиғалардан кейін халқымыз үшін маңызды өзгерістер қажет. Сол себептен де Ата Заңымызға өзгеріс енгізіліп, бүкілхалықтық референдум өткізілді. Ендігі кезекте референдум арқылы Конституцияға енгізілген өзгерісті, еліміздің болашағын айқындайтын саяси реформаларды жүзеге асыруға міндеттіміз. Мемлекет «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасын берік ұстанады. Мәжіліс пен мәслихаттар жаңа аралас жүйе бойынша жасақталады. Депутаттардың бір бөлігі партиялық тізіммен, қалғаны бір мандатты округтен сайланады. Конституциялық сот құрылып, алдағы қаңтар айынан жұмыс істей бастайды. Адам құқығы жөніндегі уәкіл институты конституциялық мәртебеге ие болды. Биліктің бірқатар өкілеті қайта бөлініп, кейбір құзырет Президенттен Парламентке берілді. Енді өңірлердің әкімі баламалы жолмен таңдалады, – деді сайлау комиссиясының төрағасы.

Әңгіме барысында Жүсіп Ғабдолханұлынан аудандық-аумақтық сайлау комиссиясының алдағы қараша айында өтетін Қазақстан Республикасы Президентін кезектен тыс сайлауға дайындығы туралы сұрадық.

– Жалпы алғанда, Қазақстан Республикасы Президентін кезектен тыс сайлау туралы Жарлық шығып, сайлау күні 2022 жылдың 20 қарашасы болып бекітілді. Сол Жарлықты негізге ала отырып, Казталов аудандық-аумақтық сайлау комиссиясы дайындық жұмысын бастап жатыр. Ауданымызда бір аудандық-аумақтық сайлау комиссиясы және оған бағынышты 48 сайлау учаскесі бар. Аудандық-аумақтық сайлау комиссиясында жеті адам, 48 сайлау учаскесінде 250 адам қызмет жасайды. Әзірге сайлау комиссиясының құрылымында өзгеріс жоқ. Барлық сайлау комиссиясының қызметкерлері алдағы саяси науқанға сақадай сай дайын. Сонымен бірге ауданымыздағы сайлау учаскелері орналасқан шекараларда да өзгеріс жоқ, қосымша сайлау учаскелері ашылмайды. Қазіргі күнде сайлаушылардың тізімін анықтау үшін жұмыс жүріп жатыр. Бүгінде ауданымыз бойынша 16 887 сайлаушы бар, бұл сан болашақта өсуі де, азаюы да мүмкін. Сайлаушылар тізіміні нақтылау аяқталған жоқ. Бұл тізім нақтыланғаннан кейін сайлаудан 20 күн бұрын тізімді ілеміз. Осы жерде тағы да бір айтып кететіні, биыл өткен референдум кезінде барлық жұмыс тиісті деңгейде ұйымдастырылғанын байқадық. Ешқандай заң немесе құқық бұзу тіркелген жоқ. Аудан халқы ынтымақ танытып, референдумға сайлаушылардың 82,4 пайызы қатысты. Бұл – жақсы көрсеткіш. Алдағы үлкен науқан да ойдағыдай өтіп, сайлаушылар еліміздің болашағы үшін өз таңдауын жасайды деп есептейміз, – деген нақты мәліметті ортаға салды Жүсіп Шакуов. Иә, расында, бұл сайлаудың еліміз үшін орны бөлек. Мемлекетіміздің халықпен бірге болашағын қалайтын, Жаңа Қазақстанға жетелейтін тұлғаны таңдайтын боламыз. Ал енді мемлекет басшысы ретінде кімді сайлаймыз – ол әрбір азаматтың өз ішінде құпия сақтайтын мәліметі. Оған дейін неше түрлі үгіт-насихат жұмысы жүретін болар?! Аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы осы мәселеге де қатысты түсінік берді. – Конституцияға сәйкес Қазақстан президенті болып тумысынан республика азаматы болып табылатын, 40 жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген, Қазақстанда соңғы 15 жыл бойы тұратын және жоғары білімі бар Қазақстанның азаматы сайлана алады. «Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы» Заңның 55-бабына сай Қазақстан Республикасының президентіне сайланатын кандидаттарды ұсыну республикалық қоғамдық бірлестіктерге тиесілі. Яғни республикалық қоғамдық бірлестіктер болашақ кандидаттарды ұсынатын болады. Дегенмен Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та кезектен тыс сайлауға қатысатыны туралы мәлімдеген болатын. Ендігі кезекте халық өзі ғана таңдау жасайды. Бұл науқан елдің бүкіл саяси жүйесін түбегейлі өзгертетін сайлау кезеңін бастап береді. Сол арқылы экономиканы тұрақты дамытуды, халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартуды көздейтін ұзақ мерзімді міндеттерді жүзеге асыруға мүмкіндік туады. Тек бәрі заң шеберінде өтіп, халқымыз дұрыс таңдау жасаса, – деді Жүсіп Ғабдолханұлы. Иә, 2022 жылғы 20 қараша күні өтетін сайлауда еліміздің бірлігі мен тұтастығын көрсете білейік. Халқымыздың тағдыры, Қазақстанның болашағы – әрқайсымыздың қолымызда. Әділетті Қазақстанды бірге құру үшін өз таңдауымызды дұрыс жасайық!

Қайрат Жақып,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале