30.09.2022, 16:45
Оқылды: 1269

"Сайлауға ұйымшылдықпен қатысуға шақырамын"

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылдың 1 қыркүйектегі Жолдауында биыл күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынған болатын.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 51-1-бабының 1-тармағына сәйкес Президенттің кезектен тыс сайлауы Республика Президентінің шешімімен тағайындалады және тағайындалған күнінен бастап екі ай ішінде өткізіледі. Осы орайда 20 қараша күні еліміздің барлық өңірінде Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы өткелі отыр. Сондықтан біз осы саяси науқан қарсаңында аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Асқар Нұрмақовпен тілдескен едік.

bd96697c405ae0146d7834e16f8966b3_original.121476

Суреттің дереккөзі: gov.kz

-Жалпы еліміздің президенттігіне үміткерге қандай талаптар қойылады?

-Иә, баршамызға белгілі ел Президенті Қ.Тоқаев биыл күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынған еді. Қазақстан Республикасы Президентін сайлау ел өміріндегі маңызды қоғамдық-саяси оқиға. Ел президенттігіне үміткер тумысынан Республика азаматы болуы, ҚР аумағында соңғы он бес жыл бойы тұруы, жоғары білімі, қырық жасқа толуы, белсендi сайлау құқығына ие болуы, мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда кемінде 5 жылды құрайтын жұмыс тәжірибесі болуы, мемлекеттік тілді еркін меңгеруi тиіс. Конституциялық заңда Республика Президенттігіне үміткерлерге қосымша талаптар белгіленуі мүмкін. Сайланған тұлға бір реттен артық ел президенті болып сайлана алмайды. Қазақстан Республикасының Перезиденті өкілді органның депутаты болуға, өзге де ақы төлейтін қызметтерді атқаруға және кәсіпкерлік қызметпен айналысуға құқығы жоқ.

-Үміткер болу үшін дауыс жинау қалай өтеді?

-Президенттiкке үміткерлерді қолдау облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кемiнде 2/3 бөлiгiнiң өкiлдiгiн құрайтын сайлаушылардың кемiнде 1 пайыз қолдарының жиналуымен расталуға тиiс. Қол қою парақтары үміткерлер Конституция мен Конституциялық заң талаптарына сәйкес келгеннен кейін 5 күн ішінде беріледі. Ағымдағы жылдың бірінші шілдесіндегі жағдай бойынша әрбір үміткерді қолдау үшін 118 273 (1 пайыз) сайлаушының қолы жиналуы тиіс.

-ҚР Президенті лауазымына кандидаттарды ұсыну қашан басталып, қашан аяқталады?
-"Президент лауазымына кандидаттарды ұсыну сайлау белгіленген күннен кейінгі келесі күні басталады. Яғни 2022 жылғы 23 қыркүйекте басталады және 11 қазанда сағат 18.00-де аяқталады".

-Сайлау алды үгіт қашан басталуы керек?

-Тіркеу кезеңі аяқталғаннан кейін 21 қазанда жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00-де басталады және дауыс беру белгіленген уақыттан бір күн бұрын сағат 00:00-ге дейін, яғни 19 қараша күнгі 00:00-ге дейін жалғасады.

-Дауыс беру уақыты?

-Дауыс беру уақыты 20 қарашада жергілікті уақыт бойынша 07-00-ден 20-00-ге дейін деп белгіленген.

-Осы бағытта біздің ауданда қандай жұмыстар жасалып жатқаны туралы айтып өтсеңіз?

-Осы сайлауды өткізу үшін бір аудандық аумақтық, 22 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс жасайды. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясында жеті мүше, учаскелік сайлау комиссияларында 120 мүше бар. Оның ішінде 51-і ер адам болса, 76-сы әйел адам. Білімі бойынша 71-і жоғары білімді болса, арнаулы орта - 33, орта - 23 адам. Сайлау процесіне қатысу еңбек өтілі негізінде бес жылға дейін 65 адам, бес-он жылға дейін 33 адам, он жылдан жоғары 29 адам бар. Аудан бойынша он екінші қыркүйекте 11111 сайлаушы тіркелген. Атқарушы орган сайлаушылар тізімін нақтылау жұмысын жүргізіп жатыр. Сайлаушылар тізімін сайлау учаскесіне дауыс беретін күнге жиырма күн қалғанда, яғни ағымдағы жылдың 30 қазанында атқарушы органдар табыстайды. Учаскелік комиссиялар әрбір сайлаушыға шақыру қағазын дайындап, оныншы қарашаға дейін жеткізеді. Сондықтан мемлекетіміздің барлық азаматтарын белсенді азаматтық ұстанымын танытуға, Қазақстан Республикасы Президентінінің сайлауына ұйымшылдықпен қатысуға шақырамын.

- Сұхбатыңызға рахмет!

 

Сұхбатты жүргізген:

Б.Сапарғалиев,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале