26.03.2024, 21:00
Оқылды: 26

Салынамыз ойға, садақа ма, той ма?

Әлемдердің Жаратушысы осы жалғанда өмірмен қатар өлімді де жаратты. Ол адамзатты мәңгілік етпеді. Біздің түсінігімізде мәңгілік сипаты тек Құдайға ғана тән. Ал пенденің өлшеулі ғұмыры түбі бітетіні, өлімнің ақиқат екені бәрімізге мәлім. Қазақтың ақыны һәм философы Шәкәрім Құдайбердіұлы да өз өлеңдерінде «Өлімнің хақ екенін көрсең де, өлместей омыраулап жатасың» деп жырлайды. Иә, сіз де, біз де – бұл жалған дүниеде жай ғана қонақпыз. Жарық дүниеге келген әрбір жан иесі өлім дәмін татары да – ащы шындық.

InShot_20240326_191454760

«Ал енді дүниеден өткен жандардың жаназасы мен жерлеу рәсімдері лайықты деңгейде дұрыс орындалып жүр ме? Мұсылман адамның жерлеу рәсімі негізінен қалай болуы керек?» сынды сұрақтар қазақ қоғамында тартысты мәселенің біріне айналып жатқаны рас. Өйткені жыл өткен сайын, заман өзгерген сайын өлікке көрсетілетін құрметіміз азайып, үші, жетісі, қырқы секілді ас беру жоралғылары кішігірім тойға айналып бара жатқандай...

Шал-кемпірдің қолында өскесін кішкентайымда «Пәленшеге уақыт болыпты, күзетке барамын» дегенді көп еститінмін. Соңғы кездері атамның «садақадан сарқыт алатыны несі, әй» дегенін яки «дастархан басына сонша тамақты неге әзірледі екен, ысырап қой» деп қабақ шытқанын жиі көрдім. Сөзінің де, сәл де болсын ашулануын да жөні бар ма деймін. Себебі расымен соңғы жылдары садақа жасаймын, ас беремін деп «шашылып» жүрген қазақ пен бір елде тұрса да, жаназа, жерлеу рәсімдерін түрліше өткізіп, бір нақты жүйеге түсе алмай, дұрыс-бұрысын біле алмай жүргендер көп.

Кәрістердің сөзінің жаны бар

Әлі есімде, ол кезде мектеп оқушысымын. Әке-шешемнің жақын араласатын досының кәріс әйелі бақиға аттанды. Сол кезде әйелдің ата-анасы қазақ құдаларына қатты өкпелеп, айтарға сөз таба алмай кетті. Олардың үлкен реніші қыздары қайтыс болған сәтте екі күн қатарынан қазан асып, мал сойып, көңіл айтып келгендерге дастархан дайындағаны болды. Кәріс ұлтына таңсық көрінген жайт біздің қанымызға сіңіп қалған еді. Қатты жылап: «За два дня зарезали два барана. Наша дочь умерла, а вы всё пьёте и жрёте» деп, тіке айта салды. Оқырман қауымға шынайы болу үшін қанша жыл өтсе де, әлі күнге дейін құлағымда жаңғырып тұрған жанайқайларын сол қалпында жеткізгім келді. Сәби көңілім қазағымның бұл ісін, кәрістердің батырып айтқан сөздерін жүрек түкпіріне қабылдап алды. Осы оқиғадан кейін мен де қайғы болып жатқан үйде ас беруді құп көрмей кеттім.

Садақаға бекітілген ас мәзірін елемей жүрміз

Осы орайда Жәнібек ауданының бас имамы Есенболат қажы Абдуғалиевке арнайы барып, көкейде жүрген сауалдарымызға жауап алған едік.

- Ең бірінші, өздеріңіз айтып отырған тамақ мәселесіне тоқталайын. Қайтыс болған адамның қарасын я болмаса үшін, жетісін беруде аста-төк дастархан жаю дұрыс емес. Керісінше, ысырапшылдыққа әкеледі. Мұны мен барған жерімде де, халық арасында да үнемі айтып, насихаттап жүремін. Алайда айтқаным бір бөлек қой, оны құлағына іліп, орындап жүргендер аз. Негізінен біздің облыс бойынша бас имам Самат Әлібаев Алла жолына садақа ретінде жайылатын дастархан мәзірін бекіткен болатын. Дұрысында ол мәзір тек біздің облыста ғана емес, еліміздің барлық өңірлерінде сақталуы тиіс. Оған нан, бауырсақ, талқан, құрма, қант, кәмпит, печенье, мейіз, өрік, қаймақ, шай және ет секілді он екі тағам түрі кіреді. Осы жерде ескерте кететін жайт, марқұмның бір жылға дейінгі берілетін садақа асы кезінде де осы бекітілген мәзір негізге алынуы қажет. Мұндағы мақсат – марқұмның артында қалған отбасына салмақ түсірмеу және ысырапшылдыққа жол бермеу. Бұл мәзірде көрсетілген тағам түрлерінің барлығы да болуы міндетті емес. Әркім өзінің шамасына қарай жасайды. Алайда осы көрсетілген тағам түрлерінен басқасы қойылмауы керек. Ысырап болмас үшін әр адам тауыса алатындай мөлшерде қойғаны абзал,-деді Есенболат Қадырұлы.

Құдайдан емес, елдің өсегінен қорқамыз...

Алдымызда арнайы садақаға бекітілген мәзір бар. Ендеше, халық не үшін шамасы жетпей жатса да, ұлан-асыр тойға дастархан жайғандай түрлі тағам қояды екен? Осы сұрақ бізді де, бас имамды да біраз толғандырды. Оның айтуынша, бұл әңгіме алдымен ауыл үлкендерінің арасында қозғалған, тіпті әлі күнге дейін қарияларды жинап, осы мәселені көтеріп жүр екен. Және осындай қарапайым дүниелерді қазыналы қарттарымыз білмейді емес, жақсы біледі. Бірақ аста-төк дастархан жаю мәселесі сонда да тоқтамай тұр. Осыған қатысты Есенболат Қадырұлы:

- Әрі ойланып, бері ойланып бір түсінгенім, әр үйдің бір-бір отанасына я болмаса мекеме қызметкерлерінің арасында осы тақырып төңірегінде үгіт-насихат жүргізу керек. Мен оны да байқап көрмедім емес, бірнеше рет жаназа шығаруға барған кезде әйел адамдарға түсіндіріп, айтып көрдім. Оны бірі түсінсе, енді бірі «дастарханымыз жұпыны болса, көңіл айтып келген кісілерден ұят қой, аға» десті. Содан «Е, бұлар Құдайдан емес, бір-бірінің өсегінен қорқады екен ғой» деп қапаландым... Асылында, біз садақа асын Алланың разылығы үшін бермейтін бе едік? Онда не үшін адамдардың сөзінен, өсек-аянынан қорқу керекпіз. Тіпті маған бір кездері «Аға, білесіз бе, пәленше садақа жасаймын деп қарызданып жатыр. Түгенше марқұмның жылдық асын беру үшін несие алған көрінеді» деп келгендер де болды. Оны тек мен ғана емес, баршаңыз естіп, көріп те жүрсіздер ғой. Егер адамның шамасы жетпей жатса, азаптанудың керегі не, соны түсінбеймін. Кім үшін, не үшін жасап жатқанымызды ұмытып кетіп жатқан сияқтымыз осы... Жалпы өлілердің атынан жасалатын жақсылықтардың мәні – Алланың разылығына жету, марқұмның өмірде жасаған күнәлары үшін жарылқау сұрау. Ал басқадан кем болмайын деп бәсекеге бағытталған, «ел не дейді, ұят болады» деп берілетін ниеттің сауабы да шамалы,-деді.

Садақадан «сарқыт» алу дұрыс па?

Дастарханға артық тамақ қоюдан шығатын тағы бір мәселе – садақадан «сарқыт» алып кету. Есенболат қажының айтуы бойынша, садақадан тамақ алып кету дұрыс емес. Бірақ қалған ас ысырап болып қалмасын деген ниетте ғана болса, рұқсат. Дегенмен ысырап болып қалмасын деп, келген адамға сарқыт таратқаннан гөрі, ең басынан бекітілген ас мәзірін ұстанған абзалырақ. Өйткені қазақ ешқашан да қаралы үйден ас алмақ түгіл, тамақ та ішпеген. Бұдан бөлек «қазалы үйден үш күнге дейін қазан асылмасын» деген сөздің де шариғатта негізі бар. Қонақтар үшін арнайы дастархан жайылып, қазалы жандарға ауыртпалық түсірудің жөні жоқ. Өздері жақындарынан айырылып, қайғырып отырған үй иелеріне тамақ әзірлетіп, кісі күттіріп қойған дұрыс емес.

Сонымен қатар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар кеңесі тарапынан шығарылған «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабында үшін, жетісін, қырқын, жүз күндігін және жылын беру шариғаттың талабы емес екендігі жазылған. Алайда Ханафи мәзһабының ғалымдары жаназаға қатыса алмаған алыстағы ағайын-туысқандары көңіл айтып, көрісу үшін жасалатын һәм рұқсат етілген жоралғылардың қатарына жатқызады. Сондай-ақ «жетісінде мәйіт ісінеді, қырқында бүйтеді, ал тағы басқа күні мәйіт қиналады. Сол үшін ас беріп, дұға жасау керек» деген түсініктердің ешқандай негізі жоқ.

«Жаназа намазына қатыспайтындар көп»

Ата-әжелеріміз «Жаназа оқылып жатқан жерден айналып кетуге болмайды. Бақилық болған адамды жерлеуге бара жатқандардан озып, жолын кеспе» деп айтып отырушы еді. Бүгінгінің адамдары осындай қарапайым әдеттердің өзін ұмытқанына көңілі түсіп:

- Қазір көңіл айтуға келіп тұрып, «мен былай күндері намаз оқымаймын» деп, жаназа намазына қатыспайтындар көп. Заманына қарай адамы демей ме, бүгінде дүниеден озған пендені ақтық сапарына шығарып салуға келгенмен, сауап алудан гөрі жасаған жақсылығымен «мақтануға» ұмтылатындар да бар екенін жасыра алмаймыз. Пайғамбарымыз өз хадистерінде жаназа намазына және мәйітті жерлегенге қатысқандарға екі үлкен тау көлеміндегі сауап жазылады деген. Мен ауылдастарымыз аталмыш рәсімдерге қатыспағанмен, ең болмағанда жерлеуге бара жатқандардың жолын кеспесе екен деймін. Білместікпен дейін десең, бұл қала емес, ауыл ғой. Аядай ғана ауылда бір жанның өмірден озғанын естімеуі, жерлеу рәсіміне бара жатқан қауымды аңғармауы мүмкін емес деп ойлаймын. Соған қарамастан, өкінішке қарай, талай жолымызды кескен қарапайым тұрғыннан бастап, мекеме, бөлім басшыларын да көріп жүрміз. Соны көріп тұрып, іштей қынжыласың,-деді аудандық мұсылмандар мешітінің бас имамы Есенболат Абдуғалиев.

Өлікке көрсетілетін құрмет деген бар. Ол құрмет осындай қарапайым ұсақ-түйектен басталады. Қасиетті Құранда: «Әрбір жан иесі, өлімнің дәмін бір тартады да, біздің алдымызға қайта келеді» деген. Осыны ұмытпағынымыз жөн болар.

Кебіндеуге келгенде...

Қазақ халқының өлікке жасалатын құрметі ежелден-ақ ерекше болған. Дүниеден өткен адамның денесін иістендіріп алмай, оны тез арада тазалау, кебіндеу, жаназа намазын оқып, жерлеу – артында қалған ағайын-туысының, жақындарының парызы. Марқұмның денесін сақтауға қатысты ұлттың ұлы ұстазы Ыбырай Алтынсарин «Өлген адамды қазақтар əдетте үш-төрт сағаттан артық, ал көп дегенде жарты тəуліктен артық сақтамайды» дейді.

Ал жалпы өлікті тазалау дегеніміз – толыққанды жуындыру. Ол – өлген кісіге қатысты жасалатын алғашқы іс. Мәйітті тазалаудың да әуретіне қарамау, ғұсылдан бұрын мәйітке дәрет алдыру, мәйітті үш қайтара һәм жылы сумен жуу сынды өзінің арнайы шарттары бар. Сондай-ақ өлген адамның денесін ең жақын адамы, ағайын-бауырлары жуған абзал. Алайда қазіргі кезде мәйітті жақындары тұрмақ, ағайындары жуындырудан қашатын болған. Бұл сөзімізді Есенболат Абдуғалиев те растап:

- Иә, өкінішке қарай, бұл – біздің қоғамның ащы шындығы. Қазақта мәйітті жуудан бөлек, оны кебіндеуге де ағайындары араласу керек. Бірақ қазір мәйітке соңғы сапарда аттанарда кигізетін киімінің өзін имам пішіп, жуындырады,-деді.

Ғилымның ғибратты бастамасы

Бір кездері аудан тұрғыны Ғилым Әліпов қазада тойдағыдай дастархан жаймауды қолға алып, ол ісін өзге жұртқа насихаттаған екен. Мұны Есенболат Қадырұлы да тіліне тиек етіп, ризашылығын білдірді. Ғибратты бастаманы көтерген жанмен байланысқа шыққан едік. Көкейдегі сұрағымыз – «не түрткі болды?» және «қолдап, жалғастырған тұрғындар болды ма?».

- Осыдан 10 жыл бұрын садақада имамдардың келісімімен арнайы бекітілген ас мәзірін ұстанып, дастархан жаюды қолға алған едім. Алайда келген адамдардың арасында дастарханға қойған тамағымды «азсынған», «мынауың не?» дегендей түсінбегендер көп болды. Мен керісінше адамдарға өзім бастап үлгі болайыншы, осылай насихат жасайыншы деп бастаған едім. Ол ісімді бірең-сараңы қолдағанмен, көбі құп көрмеді. Жалпы өз басым тек садақада ғана емес, сонымен қатар тойлардағы дарақылыққа, жарыса әзірленуге әуелден қарсымын. Жайнатып дастархан жайып, ысырап қылғаннан сол тамақты шын мұқтаж жандарға берсек қой, шіркін. Марқұмның жаны біздің асырып жайған дастарханымызға емес, Құдайдың разылығы үшін берген садақамызға, дұғамызға мұқтаж емес пе? Одан да расымен сол тамақты керек етіп тұрған, жағдайы нашарлау отбасыларға көмектессек, марқұмның жаны да жай тауып, тынышталар ма еді... Кезінде тойға арақ қоймай да бастама көтергенім бар. Кеңес үкіметі кезінің дүркіреп тұрған шағы болғасын ба, оған да ауыл тұрғындарының көзқарасы оң болмады. Дегенмен осы күнге дейін өз ойымнан айныған емеспін. Қазір ауданда ақсақалдар мен қариялар көп қой. Сол кісілер осы жайтты насихаттап, айналасына айтып жүрсе, нұр үстіне нұр болар еді,-деді Ғилым Сәлімұлы.

Жастар не дейді?

"Болашақ – жастардың қолында" дейміз. Үлкендермен салғыласып, сөз таластыруға толықтай құқығымыз жоқ. Олардың бәрібір қаза кезінде мал сойып, тамақ әзірлейтіндері белгілі және оны «өзгерте аламыз» деудің өзі қиынға соғады. Ал жастардың ойы қандай?

Нұрлан Әбесов (Жәнібек ауылының тұрғыны, белсенді жас):

 -Бұл мәселеге екіжақты қараймын. Өйткені үлкендердің көзін көре қалған соң түбегейлі дастархан жаймау керек деп айта алмаймын. Дегенмен ысырап жасауды тез арада қоюға тиіспіз. Онсыз да халық той жасап, қонақ күтіп шығынға ұшырауда. Оған садақадағы бәсекелестік қосылса, жеткен жеріміз осы. Қаралы үйде сойылған малдан ет ұрлайтын жағдайлар да болған екен. Мына сұмдықты жоятын уақыт келді ғой. Дамыған заманда дастархан жаюдан емес, білім алып, құлашымызды кеңге жаюдан жарыссақ қой.

Ақтілек Орынбасар (Жәнібек ауылының тұрғыны):

 -Мен садақада «жайнатып» жайған дастарханға мүлдем қарсымын. Онсыз да салы суға кетіп, қайғырып отырған адамға жүк түсірудің, үстеліне қарап үстемдік құрудың не қажеті бар? Барынан ауыз тиіп, жабыққан көңілге жұбаныш болып қана кетуді түсінсек, жақсы болар еді. Ал біз оған қарсы әрекет жасап жүрміз ғой. «Ұят болмасын» һәм «көрініп кетейін» деген ниетпен барамыз, тіпті ақыр соңында сынап кетеміз. Сауап алғымыз келсе, етті мұқтаж адамдарға беріп, марқұмға дұға бағыштайық. Өлілер біздің дастарханамызға емес, тап-таза ниетіміз бен арнаған дұғамызға ғана мұқтаж.

P.S. Аудандық мұсылмандар мешітінің бас имамы Есенболат Абдуғалиевтан дұрыс пен бұрысты сұрап, жан-жақты талдап көрдік. Қалғанын әрмен қарай сараптайтын оқырман қауымға қалдырайық...

Айсұлу Нұрболатқызы,

Жәнібек ауданы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале