22.12.2020, 16:42
Оқылды: 82

Сапта жүрген сарбаздар

          Ел тәуелсіздігінің тірегі – оның әскері, ішкі және сыртқы қорғаныс жүйесі. Аз ғана уақыттың ішінде Қарулы Күштеріміз ірге көтеріп, оның мемлекет өміріндегі рөлі мен маңызы арта түсті. Бүгінде азаматтарымыз жақсы жабдықталған, ыңғайлы, ұтқыр, жаңа үлгіде құрылған әскер қатарында Отан алдындағы борыштарын өтеуде. Солардың сапында жерлесіміз, әскерге биыл жазда аттанған қатардағы сарбаз (атқыш) Нұрлан Едігенов те бар.

 IMG-20201202-WA0003

- Ол ҚР Ұлттық ұланы 5546 әскери бөлімінің жедел мақсаттағы 3-ротасының 2-взвод 3-бөлімшесінде жауынгерлік қызметін атқаруда. Осы уақыт ішінде Нұрлан өзін тек жақсы жағынан көрсетіп келеді екен. Оған біздің бөлімге жоғарыда аталған әскери бөлім командирінен Н.Едігеновтың  атына келген қызметтік мінездеме дәлел, - дейді аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы подполковник Арман Ахонов.

Мінездемеде: «5546 әскери бөлімнің жедел мақсаттағы 3-ротасының қатардағы жауынгері Нұрлан Едігенов жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық дайындық бағдарламасын жалпы «жақсы» деген бағаға меңгерген. Өзінің жеке мүддесін қоғамдық мүддеге бағындыра біледі, принципшіл, қоғамдық жұмыстарда белсенді. ҚР Қарулы Күштері жалпыәскери жарғысының талаптарын біледі және оны күнделікті қызмет барысында басшылыққа алады. Сардарлар мен жоғары тұрған бастықтардың бұйрықтары мен өкімдерін дәл уақытында және сапалы орындайды. Бастықтардың ескертулерін дұрыс қабылдап, нақты шешім шығарады. Атырау қаласының аудандарындағы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қорғауға патруль ретінде қатысып, қызмет атқарады. Ататын қарудың материалдық құрылымын жақсы біледі және оны сенімді қолданады. Қызметтен қолы бос уақытта ротаның мәдени-демалыс, спорттық-көпшілік шараларына және қоғамдық өміріне белсене араласады» делінген.

Нұрлан Маралбекұлы 2000 жылы Ұзынкөл ауылдық округінде қарапайым отбасында дүниеге келген. Осындағы орта мектептің 9-сыныбын бітіріп, Орал гуманитарлық-техникалық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығына оқуға түседі. Колледж қабырғасында жүріп, «Қайрат» саяси-танымдық клубының президенті болып сайланады. Кейін оқу орнының басшылығы оны «Дарын» әдеби-танымдық клубының төрағасы етіп бекітеді. Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжі жатақханасында кітапхана ісінің меңгерушісі болып қызмет атқарады. Қалалық «Жайық үні» газетінде тілші болып жұмыс жасаған. Жас өреннің бірқатар мақалалары аудандық «Шұғыла» газетінде де жарияланды. Міне, бүгінде ол қолына қару алып, Отан алдындағы парызын адал атқаруда.

- Сонымен қатар Борсы ауылдық округінде ветеринарлық инспектор болып қызмет атқарған Решат Ғаллем Жамбыл облысындағы 30212 әскери бөлімінде, жәнібектік Асылжан Қуантаев Атырау облысындағы шекара қызметінің әскери бөлімшесінде әскери міндеттерін өтуде. Асылжан өз еркімен Жәнібек ауылында орналасқан шекара қызметіне келісімшартпен жұмысқа орналасу үшін құжаттарын жинақтауда. Ал Решаттың жұмыс орны ҚР Еңбек кодексіне сәйкес келгенше сақталады, - дейді Арман Жәрдемғалиұлы.

 

Асқар Орынғалиұлы,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале