20.01.2021, 10:44
Оқылды: 71

Саралжында қордаланған мәселелер бар

Қаратөбе ауданының әкімі Жанат Асантаевтың халық алдындағы есептік кездесуі Саралжын ауылдық округінде өтті. Есептік кездесуге аудандық мәслихат хатшысы Қадыржан Сүйеуғалиев, аудан әкімі аппаратының басшысы Азамат Карменов, дербес бөлім, мекеме басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты.

 саралжынн_o

Саралжын ауылдық округінің құрамына Қарақамыс және Сәуле елді мекендері кіреді. Жалпы жер көлемі – 146 мың гектар. Округ бойынша аула саны – 300, халқының саны – 1724 адам.

Саралжын ауылдық округінің әкімі Жасұлан Ермеғалиевтің айтуынша, округ бойынша 1 наубайхана, 7 азық-түлік дүкені тұрғындарға қызмет көрсетуде. Сонымен қатар 24 шаруа қожалығы және 25 жеке кәсіпкер тіркеліп, өз жұмыстарын жүргізуде.

саралжыннo (1)

Округтегі негізгі шаруашылық күнкөріс көзі саналатын мал шаруашылығы болса, бүгінгі таңда ауыл тұрғындарының бағымында 2990 ірі қара, 6639 қой-ешкі, 1508 жылқы, 960 құс өсірілуде.

Мал басын көбейтумен қатар мал тұқымын асылдандыру бағытында «Агробизнес -2020» бағдарламасы аясында «Қырықсадақ» шаруа қожалығы 3 бас, «Наурызбай» шаруа қожалығы 1 бас асыл тұқымды бұқалар сатып алған. Сонымен қатар «Қазагроқаржы» арқылы ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту мақсатында «Наурызбай» шаруа қожалығы шөп буғыш сатып алып жұмыстануда.

саралжын01_o

Кездесу барысында ауданның барлық саласы бойынша даму көрсеткішін саралап баяндама жасаған аудан әкімі Жанат Асантаев:

– Өткен жылы азаматтардың барлық өтініш-тілектерін жедел қарау, мұң-мұқтаждарына назар аудару, қоғамдық диалогті, ашықтықты қамтамасыз ету, халықпен тиімді кері байланыс орнату мақсатында аудан әкімдігі пандемия кезінде жеке қабылдау шарасын тоқтатқан жоқ.

Өз кезегінде пандемия жағдайында азаматтарымыздың қауіпсіздігін сақтау мақсатында заманауи коммуникация құраларын пайдалана отырып, онлайн қабылдау шарасы жүргізілді.

Өткен жылы аудан әкімдігіне, дербес бөлімдерге және ауылдық округтерге 580 жеке және заңды тұлғалардан өтініштер келіп түссе, 209 азамат жеке қабылдауда болды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сай тұрғындармен кері байланыстың орнатылуын, мемлекеттік қызметтерді ашық, әрі жүйелі түрде көрсетілуін қамтамасыз ету мақсатында аудан әкімдігінің ғимаратында тұрғындарды қабылдайтын «Ашық әкімдік» ашылды, ең қажетті қызметтерді көрсете алатын бұрыш ұйымдастырылды, - деді.

саралжын9_o

Аудан әкімі Жанат Асантаевтың есептік кездесуіне келген Саралжын ауылының тұрғындары қордаланған біраз мәселені көтерді.

Ауыл халқын толғандырған мәселелердің бірі – ірі қара малы арасында бруцеллез ауруының көбеюі мен ауыл ішінде бұралқы иттердің пайда болуы турасында аудандық ветеринариалық стансасының басшысы Кенжебек Аймашев түсінік берді.

Есептік кездесуде Сәуле ауылына ауыз су тарту, бөлімшедегі клуб ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу, ауыл ішін құм басу сынды қордаланған мәселелерді көтерген сәулеліктерге аудан басшысы Ж.Асантаев аталған түйткілді шаруаларды шешу мақсатындағы жүргізіліп жатырған жүмыстарды егжей-тегжейлі баяндап берді.

Аудан әкімі мен округ әкімінің есеп беруінде Қарақамыста табиғи газ қысымының төмендігі, ауылда ұялы байланыстың болмай қалатындығы, Ғабдрахманов көшесінде электр энергиясының нашарлығы және аудан орталығымен қатынайтын жолдың күтіп ұсталуы турасында айтылған бірқатар мәселелерге тиісті мекеме басшылары жауап берді.

Есепті кездесуден соң тұрғындар тілегі мен өтініштерін тыңдау үшін аудан әкімі Жанат Асылханұлы жеке қабылдау жүргізді.

 

Серікбай Хасанов,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале