3.05.2022, 12:15
Оқылды: 103

Саройдың бойы ән мен жыр...

Қасиетті айдың соңғы күндерінде Қ.Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығы Сарой ауылдық округіндегі елмен жүздесті. Ауыл халқы айтыс пен ән кешін ыстық ықыласпен қабылдады. 

IMG-20220422-WA0014

Айтысты сырымдық Бауыржан Ширмединұлы мен оралдық Айнабек Бисенғалиев бастады. Кейін ауылдың өз ақыны Санат Кәрімов пен теректілік Эльдар Ихсанов айтысты. Екі ақын аға-бауырлықтың биігінен түспей, алайда құрбылық қалжыңды да ұмытпай, әдемі айтыс жасады.

IMG-20220422-WA0016

Ерекше айтыс жәнібектік Мұрадым Мирланов пен ақжайықтың Мейірман Шәкеновтың арасында өрбіді. Мұрадым – аудиторияға бейімделе алатын ақын. Республикалық, халықаралық айтыстардан жүлде алған, ат-атағы қазақ даласына жайылып үлгерген, тіпті Қазақстанның әр қаласынан қалың жанкүйер жинаған Мұрадым ақын кеше мал баққан шаруа ағайынмен бірге жүрген Шағырлойдың тұрғылықты адамындай болып айтысты. Мейірман оған лайықты қарсылас бола білді.

Жыр шеруін «Алтын домбыралы» ақын Жансая Мусина мен оралдық Талғат Мықи түйіндеді.

IMG-20220422-WA0003

Ақындармен бірге, рухани кеште Қ.Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының өнерпаздары, әншілер - Мәди Сабыров, Мейірхан Аюпов, «BatysStar» тобы, күйші Берік Шаймардан өнер көрсетті.

IMG-20220421-WA0182

Шараға Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев пен орталықтың директоры, ҚР Жазушылар Одағы БҚО филиалының төрағасы, белгілі ақын Бауыржан Халиолла қатысты. Өнер кешінің өтуіне жергілікті ауыл азаматтары демеушілік жасады.

IMG-20220421-WA0202

Аудандық мәслихат депутаты, «Бекжан» шаруа қожалығының жетекшісі Ернар Байдашев атамұра өнерді өрге сүйрегені үшін разылық білдіріп, Бауыржан Халиоллаға ат мінгізді. Ал, «Қайрат» шаруа қожалығы Өтепов Бауыржан жергілікті «Абай» шағын футбол клубының ойыншысы Сержан Манаповқа тұлпар атады. «Абай» футбол клубы жуырда ғана облыстағы жоғары лиганың чемпионы атанды.

Б.Шерім, 

Сырым ауданы

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале