15.06.2023, 16:00
Оқылды: 81

Шабындыққа шалғы түсті

Казталов ауданы әкімі Асланбек Сарқұлов, аудан әкімінің орынбасары Ғаділбек Әлібеков, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сергей Тоқпанов Қараоба ауылдық округіне жұмыс сапарымен барып, шаруа қожалықтарын аралады.

ЖП дала казталов (5)

Аудан бойынша алғашқылардың бірі болып шабындыққа шалғы салған «Ақжол» шаруа қожалығына ат басын тіреп, ондағы жұмыс барысымен танысты. Шөбі шүйгін алқаптың әр жерінде домалана үйілген жап-жасыл шөп бумалары шабындықтағы жұмыстың қызу жүріп жатқандығынан хабар береді. Мал азығының дайындалу барысы жайында сұраған аудан әкіміне шаруа қожалық жетекшісі Абат Оразов тіл қатты.

ЖП дала казталов (3)

- Биыл судың мол түсуіне орай, шөптіңде шығымы жақсы болды. Қожалығымызда бүгінде екі трактор бар. Сол екі трактормен шөпті шауып, тасып жатырмыз. Былтыр 3 мың бума шөп дайындаған болатынбыз. Өткен қыстың жайлы болғанына байланысты оның тең жартысынан астамы, 1700-дей бума қорда қалды, – деп әңгімесін өрбітті шаруа.

ЖП дала казталов (1)

Аудандық жұмыс тобы одан әрі 2020 жылдан бақша егуді қолға алып жүрген қараобалық «Ғалым» шаруа қожалығының жетекшісі Абзал Ғалымовпен жүздесті. Өзен жағасындағы жер теліміне қауын-қарбыз, картоп, сәбіз, қияр секілді көкөніс түрлерін еккен Абзал Ғалымов былтыр өнімнің мол болғанын айтты. Бақша егілген алқапты аралай жүріп, Абзал Ғалымов киіктің көктеп келе жатқан бақшасын тып-типыл етіп жеп, таптап кеткенін қынжыла баяндады.

- Екі күн бұрын бой көтеріп көктеп қалған картоптарым бар болатын. Киіктің кесірінен түгі де қалмады. Ісімнің зая кеткенін, оған жасар амал жоқтығын ойлағанда бұл жұмысқа қол сілтей салғың келеді. Киіктің кесірі жайылымға да, шабындыққа да, егістікке де тиіп болды. Санын реттеудің бір жолы қашан қарастырылмақ?, – деп сауалды төтесінен қойды күйінген шаруа. Аудан әкімінің орынбасары Ғаділбек Әлібеков қожалық жетекшісінің сауалы орынды екенін айтып, киік санын реттеу мен киікке қатысты мәселені шешу жолдары жақын арада қолға алынғалы жатқанын жеткізді.

ЖП дала казталов (4)

Аудандық жұмыс тобы сапарын одан әрі Сарыөзен су қақпасында жалғастырып, өзен суының келу барысын қарады. Техникалық су мәселесі де талқыланып, жобаның конкурсқа шығарылғаны белгілі болды.

ЖП дала казталов (2)

Ауылдық округ әкімшілігіне мал азығын дайындау мен техникалық су тарту, шаруалардың арзандатылған жанар-жағармай алуы және тағы басқа мәселелер турасында тапсырмалар берілді.

Жансая Жұмажанқызы,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале