23.11.2022, 23:26
Оқылды: 107

Шағын жинақты мектеп мәселелері талқыланды

 

Қазіргі таңдағы шағын жинақты мектептің оқу-тәрбие қызметінде қиындықтар бар. Атап айтқанда, аталмыш білім ұяларының біріктірілген сыныптарына арналған арнайы оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар жоқ. Пән мұғалімдерінің жетіспеуі немесе жүктеменің аздығы салдарынан бір мұғалім бірнеше пәннен сабақ береді.

WhatsApp Image 2022-11-23 at 23.19.27

Бұл туралы Болашақ ауылындағы Киров негізгі мектебі базасында өткен «Шағын жинақты мектеп: Проблема. Тәжірибе. Инновация. Технология» тақырыбында облыстық семинарда сөз болды. Семинарға  облысымыздың 11 ауданы мен Орал қаласынан шағын жинақты мектепке жетекшілік ететін әдіскерлер мен мұғалімдер қатысты.

WhatsApp Image 2022-11-23 at 23.19.26

Семинар шағын жинақты мектептердің (ШЖМ) оқу үдерісін ұйымдастыруда тиімді инновациялық әдіс-тәсілдерді  қолдану, озат педагогтардың іс-тәжірибесімен бөлісу, тәжірибе алмасу алаңын құруды мақсат тұтты. Жиын барысында мәлім болғандай, Бәйтерек ауданында 27 ШЖМ бар. Оның 13-і орта, жетеуі негізгі, қалғаны бастауыш мектептер. Оларда 1925 оқушы бар.

WhatsApp Image 2022-11-23 at 23.19.26 (1)

Іс-шарада сөз алған Киров негізгі мектебінің директоры Гүлназ Қалиева атап өткендей, мектептің педагогикалық ұжымы жазда біліктіліктерін арттыруға мән берген. Яғни Астана, Алматы қалаларына барып, өз қаражаттары есебінен курстардан өтіп, түрлі әдіс-тәсілдерді игеріп, сертификат алған. Соған орай Зағипа Малтиева, Айнұр Жаймова, Аманжол Сырымов 1, 4, 5-сыныптарда сабақтар беріп, облыстан келген әріптестеріне тың жаңалықтарымен, жаңа әдіс-тәсілдермен бөлісіп,  шағын жинақталған мектеп оқушыларына жалпы орта білім берудің мемлекеттік стандартына сәйкес білім беріп отырғандарын жоғары деңгейде көрсете білді.

Жиында облыстық білім басқармасы білім беруді дамыту орталығының бөлім басшысы Айымгүл Бексұлтанова «Ауыл мектебі және шағын жинақталған мектеп жобаларының қызметі» атты баяндама жасады. Ал Теректі ауданы Ұзынкөл ЖОББМ директорының орынбасары Лариса Иқсанова «Біріктірілген сыныптарда оқу-тәрбие процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері», Бәйтерек аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Аманжол Мұханбетов «Шағын жинақты мектеп: мәселелері, шешу жолдары» тақырыбында баяндап, іс-тәжірибелерімен бөлісті.

Семинарда Киров  негізгі мектебінің басшылары, мұғалімдері білім ұясындағы жаңа жобаларға да тоқталып өтті. Мектеп психологі Әсел Қанатова «Заманауи әдіс - нейрогимнастика» атты тренинг ұйымдастырды.

Жиынды қорытындылаған Айымгүл Бексұлтанова семинардың жоғары деңгейде өткенін айтып, қатысушыларға алғысын білдірді.

 

Б.ХАМИТ,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале