16.01.2023, 15:18
Оқылды: 38

Шаңғы маусымы ашылды

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы барысында бұқаралық спортты дамыту қажеттігі айтылып өткен болатын. Жолдауда нақтыланған тапсырмаларды орындау мақсатында Бөрлі ауданында бірқатар жұмыстар жүзеге асырылды. Жалпы, ауданда салауатты өмір салтын насихаттау жылдың төрт мезгілінде де жүргізіліп келеді. Биылғы қыс мезгілінде де аудан спортшылары мен тұрғындарының спортпен шұғылдануларына мүмкіндіктер жасалды.

2

Қыстың ызғарлы суығы балалар ойынына еш шектеу қоя алмайды. Керісінше олар бұл мезгілді асыға күтеді. Бірі мұз айдында конькимен, екіншісі сырғанақта шанамен жүйткіп, аққала жасап, бірін-бірі қармен атқылап мәре-сәре болады. Осылай қыс балаларға ерекше шаттық, көтеріңкі көңіл күй сыйлайды.

Қыс қаһарына толық мінбесе де күн анағұрлым ызғарлы. Осыған қарамастан салауатты өмір салтын ұстанғысы келген бөрлілікер демалыс күндері сыртқа шығып, отбасымен қыс қызығы сырғанақ теуіп, мұзда сырғанайды. Өйткені, ауданда қысқы спорт түрлерінің маусымы ашылды.

Осыған орай, қысқы спорт түрлерінен жарыстар да өткізіліп жатыр. Мәселен жуырда шаңғы маусымының ашылуына және Бөрлі ауданының спорт ардагері Жасқайрат Сыйковтың 60 жас мерейтойына орай шаңғы жарысынан еркін жүрісі бойынша аудандық турнирі өтті.

Жасқайрат Қажғалиұлы 1963 жылы 29 қаңтар күні Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы Жымпиты ауылында дүниеге келген. Спортпен айналысуды жастайынан бастаған. Орта мектепті тамамдаған соң кәсіптік техникумда білімін жалғастырады. Әскери міндетін атқарып Украина жерінде өтеп жүргенде де сарбаздардың арасында әртүрлі жарыстарға қатысып, көзге түскен.

4

Бөрлі жеріне 1986 жылы келіп, кезіндегі №15 лицейде өндірістік шебер қызметін атқарып, студенттерге сабақтан тыс қазақ күресі, самбо, дзюдо  секцияларымен шұғылдануға тәрбиелей бастайды. 1992 жылы Ақсай қаласында «Жеңіс» спорт клубын ашып, көптеген жеңімпаздарды тәрбиелеп шығарады. Соның ішінде, шәкірттері «Слада» орыс-казак күресінен 4 әлем чемпионы және әскери самбодан 1 әлем чемпионы атанды.

Жасқайрат Қажғалиұлы көп жылдар бойы аудан намысын облыстық, халықаралық турнирлерінің чемпионаттарында, кешенді жарыстарда қорғап келеді. Қысқы және жазғы Президенттік көпсайыстан облысымыздың бірнеше дүркін чемпионы және Республикалық жарыстарының қатысушысы, «Сладо» орыс- казак күресінен 11 дүркін әлем чемпионы. Бөрлі ауданының құрметті азаматы.

Қазіргі таңда спорт ардагері бола тұра, көптеген спорт түрлерінен аудандық жарыстарға белсене қатысып, жастарға үлгі болып келеді. Президенттік көпсайыстан, Қазақстан Республикасының Президентінің Елбасы тестілерінен, жеңіл атлетикалық жүгіру түрлерінен, шаңғы жарысынан, биатлон, вело жарыстарына, жүзу турнирлеріне, ұлттық ойын асық ату чемпионаттары мен жарыстарына қатысып,  ел арасында салауатты өмір салтын насихаттап келеді.

Жарыстың ашылу салтанатына Бөрлі ауданының спорт ардагері, мерейтой иесі Жасқайрат Сыйков және Бөрлі ауданының бір топ спорт ардагерлері “Ақсай” мәдени- бұқаралық, ұлттық ас спорт кешенінің” директоры Бауыржан Мыхтыбаев, Ақсай қаласының №3 ЖОББМ директоры Ғұмар Әжіғалиев қатысып қатысушыларға сәттілік тіледі.

3

Аталған жарысқа  Шыңғырлау ауданы, ауданымыздың Ақбұлақ, Қарағанды, Қанай, Успен, Қарақұдық ауылдық округінен және №1 ЖОББМ, №3 ЖОББМ,№4 ЖОББМ барлығы 9 команда, 110 спортшы қатысты. Спортшылардың көбі биылғы қыста алғаш рет шаңғы теуіп жатқандықтарын, бірден жарыс жолына шығып жатқандықтары жақсылыққа жорыды. Мектептің 5 сынып оқушыларынан бастап, жарыс жолына мектеп директорлары, мұғалімдері, ардагердер қатысты. Мерейтой иесін ыстық ықыласпен құттықтаған көпшілік жарыс жолына шығып, жарыстың көрігін қыздырды. Түрлі жас ерекшеліктерімен қарсыластарын сан соқтырған Ақсай қалалық №3 ЖББОМ оқушылары мен ұстаздары Тәжібаев Арын, Мукатова Лейла, Ардақ Арнұр, Тудахунова Жанерке, Исаев Алдияр, Жақсылыкова Мадина, Казанцев Павел, , Сафиева Азалия, Якименко Сергей, Сыйков Жасқайрат, Баймуканова Акалка, Молибога Еленалар және Қарағанды ауылдық округінен Сансызбаев Еламан,  Шыңғырлау ауданының спортшысы  Рудь Оксана,  Ақбұлақ ауылдық округінен келген Сабиралиев Марат пен Ақсай қалалық №4 ЖББОМ спортшысы Зотова Натальялар жеңіс тұғырынан көрінді.

 

Айым Нұрғалиева,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале