Бүгін Тәуелсіздік саябағында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен, мәдени-демалыс орталығының ұйымдастыруымен «Шаттық Party» балдырған балалар жобасының жабылу кеші өтті.
Мерекелік концертті Үлгілі «Нұрбибі» би ансамблі ашты. Аталмыш саябақта жаздың жайдарлы күндері түрлі іс-шаралар өткізіліп, аудандық мәдени-демалыс орталығына қарасты ауылдық мәдениет үйлері өнерпаздарының ұйымдастыруымен ауыл таланттарының өнерін насихаттау мақсатында «Өнер FEST - 2» өнерлілер фестивалі апта сайын жүзеге асырылғанына куә болған болатынбыз. Бүгінгі кеште де көрермен қауымға өлең шумақтары оқылып, әуезді күй тартылып, жүрекке жақын ескі әндер шырқалды. Аудан тұрғындары мен қонақтарына және кішкентай бүлдіршіндерге арналған қызықты ойын-сауықтар, ертегі кейіпкерлерімен кездесулер өтіп, би алаңы да бір елі бос қалмады.
- «Шаттық PARTY» жобасы аясында саябақтағы концерттерден бөлек ойын алаңдарында да шығармашылық кештер өткізілді. Жоба аясында ауылымыздың мәдени өмірін жандандыруға өз үлесін қосқан кәсіпкерлерге шынайы ризашылығымды білдіргім келеді. Олардың қатарында: аудандық мәслихат депутаты, кәсіпкер Саламат Сертеков, «Айдар» шаруа қожалығының төрағасы Айдар Испембетов, «Сабен» супермаркетінің иесі Мейрамбек Хамитұлы, «ТНТ» сауда орталығының қожайыны Нәсіпқали Тілепбергенов, «Алаша» азық-түлік дүкенінің иесі Ербол Қаденов және жеке кәсіпкерлер Алтын Салықова, Асемгүл Сулейменова, Арайлым Сариева, Алтынай Қаресова, «JIGER» отбасылық кафесі, «Зерде» көлік жуу орталығы, «Жәрдем дент» тіс емханасының дәрігері Әділжан Сисенбаев бар. Осы кештегі отшашудың бас демеушісі «Бейбарыс» сауда орталығының иесі Айымжан Бақтығалиқызына да алғыс айтамын. Бала жүзіне күлкі ұялатып, ауданда өткізілген әр шарада белсенділік танытқан жанашыр жандардың бары қатты қуантады. Бүгінгі күн – жазғы демалыс уақытында өткізілген әр кештің, сол еңбек пен қуанышты күндердің қорытындысы, - дейді мәдени-демалыс орталығының басшысы Мұхит Сисенов.
Жазғы маусымның соңғы мерекелік кеші де өз мәресіне жетті. Кеш соңында барша өнерпаздар сахна төріне көтеріліп, көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады. Ал жиналған қауым мерекенің шырайын кіргізген отшашуды тамашалап, ғажайып сәттің куәсі болды.
Жазғы демалыстың жарқын күндері артта қалып, алда жаңа оқу жылы тұр. Бұл — әр жеткіншек үшін жаңа мақсаттар мен тың мүмкіндіктерге, білім мен жетістіктерге бастайтын маңызды кезең. Жаңа оқу жылы әрқайсыңызға сәттілік, шабыт және толағай табыстар әкелсін!
Ақерке Ғилымхан,
Жаңақала ауданы