Казталов – облыстағы ең ірі аудандардың бірі. Кейінгі жылдары ауданда жеке инвестиция көлемі айтарлықтай өсті. «Қаладан – ауылға» жобасын жүргізуде де өлке көрсеткіші көш ілгері. Аудан әкімі Асланбек Сарқұлов мемлекеттік бағдарламалар мен бюджет қаражатының игерілуі жөнінде баяндайды.

– Асланбек Ахметоллаұлы, Казталов ауданының 2025 жылдың қорытындысы және 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығы бойынша негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері қандай? Қай салаларда ілгерілеу байқалады?
– Казталов ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуында соңғы үш жыл айтарлықтай серпінді кезең болды. Мемлекет басшысының өңірлерді теңгерімді дамыту, ауылдық аумақтардың әлеуетін арттыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында аудан экономикасының негізгі салалары бойынша тұрақты өсім қалыптасты. Инвестиция тарту, ауыл шаруашылығын дамыту, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, әлеуметтік нысандар салу және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде.
2023-2025 жылдар аралығында аудан бюджетінің көлемі 28 млрд 640 млн теңгені құрады. Оның ішінде 2025 жылдың бюджеті 11 млрд 370 млн теңгеге жетіп, ауданның әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Төртінші деңгейлі бюджеттің көлемі де жыл сайын артып, үш жыл ішінде 2 млрд 955 млн теңгені құрады. Бұл ауылдық округтердің қаржылық дербестігін арттырып, жергілікті бастамаларды іске асыруға жол ашты.
Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында да оң нәтижелер байқалады. Қазіргі кезде ауданда 1916 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның 1854-і тұрақты жұмыс істейді. Былтыр ауданның екі кәсіпкері мемлекеттік грант иеленіп, жаңа өндірістерін дамытуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар аудан әкімдігі кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау мақсатында инвестициялық форумдарды өткізуге мән беріп отыр.
Ауыл шаруашылығы аудан экономикасының негізгі драйвері болып қала береді. 2025 жылдың қорытындысында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 26,6 млрд теңгені құрады. Мал басы тұрақты өсіп келеді. Өткен жылмен салыстырғанда, ірі қара саны 11,2 пайыз, қой 5,3 пайыз, жылқы 8,7 пайызға артты. Ет өндіру көлемі 12 мың 235 тонна, сүт өндірісі 11 мың 74 тонна, жұмыртқа өндірісі 2 млн 19 мың данаға жетті.
Жалпы алғанда, кейінгі үш жылда Казталов ауданында экономиканың барлық негізгі салалары бойынша тұрақты өсім қалыптасты. Тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты нәтиже баршылық. Басты мақсатымыз – осы оң үрдісті сақтап, ауданның инвестициялық әлеуетін арттыру, ауылдық аумақтардың дамуын жеделдету және халықтың әл-ауқатын одан әрі жақсарту.
– Ауданда инвестиция тарту бағытында қандай істер атқарылуда? Биыл қанша инвестициялық жоба іске асырылды?
– Ауданымызда мемлекеттік бағдарламалармен қатар жеке инвестиция үлесін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Соның нәтижесінде ауданның инвестициялық әлеуеті артып, өндіріс, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және әлеуметтік инфрақұрылым салаларында жаңа жобалар іске асуда.
2025 жылдың қорытындысы бойынша ауданға негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 33 млрд 573 млн теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 229,6 пайызға артық. Оның ішінде жеке инвестиция көлемі жоспарланған 15 млрд теңгенің орнына 27 млрд 543 млн теңгеге жетіп, белгіленген межеден айтарлықтай жоғары орындалды.
Инвестициялық саясаттың басты бағыты – жаңа өндірістерді іске қосу, ауыл кәсіпкерлерін қолдау және жұмыс орындарын көбейту. Осы мақсатта 2025 жылы жалпы құны 1 млрд 105 млн теңгені құрайтын 26 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланды. Есепті кезеңде олардың 12 жобасы іске қосылып, жалпы 158 млн теңге инвестиция игерілді және 30 жаңа тұрақты жұмыс орны құрылды.
Инвестиция тартуда кәсіпкерлермен тиімді әріптестік орнатуға ерекше мән берілуде. Өткен жылы аудан тарихында алғаш рет «KAZTA-LOV-INVEST» І аудандық инвестициялық форумы ұйымдастырылды. Форум аясында округ әкімдері, жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары арасында жалпы құны 1,1 млрд теңгені құрайтын 14 инвестициялық жоба бойынша ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Бұл бастама жаңа жобалардың іске асуына және ауданның инвестициялық әлеуетін арттыруға тың серпін берді.
Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары да оң нәтижесін беруде. Өткен жылы ауданның «Бақытжан» шаруа қожалығы мен «Рахматуллин Х» жеке кәсіпкерлігінің әрқайсысы облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы арқылы 5 млн теңге мемлекеттік грантқа ие болды. Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мақсатында тағы екі кәсіпкердің құжаттары арнайы тізілімге енгізіліп, мемлекеттік қолдау алуға ұсынылды.
2026 жылы инвестициялық белсенділікті одан әрі арттыру көзделіп отыр. Биыл жалпы құны 2 млрд 242 млн теңгені құрайтын 20 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл жобалардың нәтижесінде 67 жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен бірге кәсіпкерлерге қолдау көрсету және тың жобаларды жүзеге асыру мақсатында «KAZTALOV-INVEST» ІІ аудандық инвестициялық форумын өткізуді жоспарлап отырмыз.
– Жұмыспен қамту саласына қатысты нәтижелерді бөліссеңіз. Биыл қанша жаңа жұмыс орны ашылды және тұрақты жұмыспен қамтылған азаматтардың саны қанша?
– Халықты жұмыспен қамту мақсатында мемлекеттік бағдарламалар, инвестициялық жобалар және кәсіпкерлікті дамыту шаралары өзара сабақтас жүзеге асуда.
2025 жылы іске қосылған инвестициялық жобалардың нәтижесінде 30 жаңа тұрақты жұмыс орны құрылды. Ал биыл 20 инвестициялық жобаның ауқымында тағы 67 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Яки тұрғындарға ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, қызмет көрсету және өндіріс салаларында нәпақа табылады.
Жұмыспен қамту мәселесін шешуде «Қаладан – ауылға» бағдарламасының да маңызы зор. Бағдарлама бойынша ауданға көшіп келген азаматтар мамандықтарына сәйкес тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілуде. Әсіресе білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және мемлекеттік қызмет салаларында кадр тапшылығын азайтуға басымдық берілуде.
Әлеуметтік қолдау шаралары да халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Кейінгі үш жылда 4966 азаматқа 313 млн 597 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілді. Сонымен қатар 300-ден астам отбасыға 95 млн 951 мың теңге атаулы әлеуметтік жәрдемақы төленді. Мүгедектігі бар азаматтарды қолдау мақсатында 1603 адамды оңалтуға 255 млн 659 мың теңге бөлінді. Бұл істер аудан тұрғындарының еңбек нарығындағы белсенділігін арттырып қана қоймай, ауылдық жерлердегі кадр тапшылығын азайтуға және халықтың әлеуметтік тұрақтылығын нығайтуға мүмкіндік беріп отыр.
– Асланбек Ахметоллаұлы, тұрғын үй құрылысы бойынша қандай жобалар атқарылуда? Биыл қанша үй пайдалануға берілді? Ауылдық елді мекендерде жаңа баспаналар салу және жас мамандарды қамту бағытында қандай шаралар қолға алынған?
– Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету – ауданның әлеуметтік саясатының маңызды бағыттарының бірі. Кейінгі үш жылда бұл салада халықтың әлеуметтік осал топтарын, жас мамандарды және ауылға қоныс аударушыларды баспанамен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінді.
2024 жылы әлеуметтік тұрғыда осал топтар үшін 28 елді мекеннен 142 үй сатып алынып, бұл мақсатқа 2 млрд 201 млн теңге бөлінді. Нәтижесінде көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар, І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтар, жетім балалар, зейнеткерлер, апатты үйде тұрған азаматтар және бюджеттік сала қызметкерлері жаңа баспанамен қамтылды.
Денсаулық сақтау саласында кадр тапшылығын азайту мақсатында облыстық бюджеттен 88 млн теңгеге төрт тұрғын үй сатып алынып, медицина қызметкерлеріне берілді.
Тұрғын үй саласымен қатар инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмысы қатар жүргізілуде. Кейінгі жылдары ауылдарда электр желілері, ауыз су жүйелері жаңартылып, әлеуметтік нысандар газбен қамтылуда.
Алдағы кезеңде де үй құрылысы мен сатып алу жұмысы жалғасады. Халықтың әлеуметтік осал топтарын, ауылға келетін жас мамандарды және еңбек күші тапшы елді мекендерге қоныс аударатын азаматтарды баспанамен қамтамасыз етуге басымдық беріледі.
– Осы ретте айта кетейік, ауданда жүзеге асырылып жатқан «Қаладан – ауылға» бағдарламасының нәтижесі қандай? Бағдарлама басталғалы қанша адам, қанша отбасы қоныс аударды, олардың жұмыспен қамтылуы мен тұрғын үй мәселесі қалай шешілуде?
– Мемлекет басшысының ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі тапсырмаларын іске асыруда халық санын сақтау мен еңбек ресурстарын толықтыру – стратегиялық маңызы бар міндеттердің бірі. Осы тұрғыдан алғанда, «Қаладан – ауылға» пилоттық жобасы Казталов ауданында нақты нәтижесін беріп келеді. Облыс әкімі Нариман Төреғалиұлының бастамасымен іске қосылған бағдарлама аясында 2024 жылы ауданның тоғыз елді мекеніне 19 отбасы, барлығы 106 адам қоныс аударды. Оның ішінде үш сәби дүниеге келіп, бұл бағдарламаның әлеуметтік тиімділігін айқындай түсті. 2025 жылы тағы 10 ауылға 21 отбасы немесе 100 адам көшіп келді. Осылайша, екі жылдың ішінде ауданға 40 отбасы, жалпы саны 206 адам қоныстанды.
Бірінші кезекте ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына және тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға қажет мамандарды елді мекенге тартуға көңіл бөлінуде. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстың нәтижесінде кейінгі үш жыл ішінде ауылдарға 10 мұғалім, 12 дәрігер және 3 медбике көшіп келіп, тиісті салалар бойынша қызметке орналасты. Олардың тұрақты жұмыс істеуіне және елді мекендерде орнығуына тиісті жағдай жасалды.
Көшіп келген отбасылар ауыл өміріне жаңа серпін беріп, елді мекеннің әлеуметтік дамуына өзіндік үлесін қосуда. Соның жарқын мысалы – Қараөзен мектеп-лицейіне математика пәнінің мұғалімі болып орналасқан маманның еңбегі. Білікті маманның жүйелі дайындығының нәтижесінде оның шәкірті пәндік олимпиаданың республикалық кезеңінде топ жарып, ІІІ орынға ие болып, аудан мерейін асқақтатты. Бұл – ауылға қоныс аударған әрбір білікті маманның елді мекеннің дамуына нақты үлес қоса алатынын көрсететін жақсы үлгі.
Бағдарлама бойынша көшіп келген азаматтарды әлеуметтік тұрғыда бейімдеу кешенді түрде жүзеге асырылуда. Ең алдымен, тұрғын үй мәселесі шешіліп, 12 елді мекеннен тұрғын үйлер сатып алуға 213,6 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар көшіп келген азаматтар өз мамандықтарына сәйкес білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, мемлекеттік қызмет және кәсіпкерлік салаларына тұрақты жұмысқа орналастырылды.
Бағдарламаның тағы бір маңызды нәтижесі – ауылдық жерлердегі кадр тапшылығын азайту. Соның ішінде денсаулық сақтау саласына келген 8 дәрігерге тұрғын үй беріліп, олар аудан тұрғындарына қызмет көрсетуде.
– Казталов ауданы Ресей Федерациясымен шектеседі. Шекара маңындағы ауылдарды дамыту, халық санын сақтау, инженерлік инфрақұрылымды жаңарту және көші-қонның алдын алу бағытындағы қам-қарекет жай-жапсарын баяндасаңыз.
– Шекаралық аумақтарды дамыту – ұлттық қауіпсіздікпен қатар өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды мемлекеттік міндет. Сондықтан ауданымызда шекара маңындағы ауылдардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған кешенді жұмыс жүргізілуде.
Үш жылда инженерлік инфрақұрылымды жаңарту бағытында ауқымды жобалар іске асырылды. Бүгінде ауданның барлық елді мекені табиғи газбен толық қамтылды. 2025 жылы облыстық бюджеттен 381,7 млн теңге бөлініп, 11 ауылдағы 20 әлеуметтік нысанға көгілдір отын жеткізілді. Қалған әлеуметтік нысандарды кезең-кезеңімен газдандыру жоспарланып отыр.
Сумен қамту бағытында Искра топтық су құбырын қайта жаңғырту жобасы әзірленуде. Жоба іске асқан жағдайда 9 елді мекендегі 16 мыңға жуық тұрғын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Жұлдыз, Қараоба және Жаңатаң ауылдарының су жүйелерін жаңғырту қолға алынды. Бірқатар ауылға кешенді блок-модульдер орнатылып, техникалық су желілері тартылды. Хайруш, Бозоба, Бейістерек және Сексенбаев ауылдарына кешенді блок-модульдер орнатылып, Казталов, Жалпақтал, Қараоба, Ақпәтер және тағы басқа ауылдарға техникалық су жеткізілді.
– Асланбек Ахметоллаұлы, биыл аудан көлемінде қандай жол құрылысы және жолдарды жөндеу жобалары іске асырылуда? Қай бағыттар тұрғындар үшін басымдыққа ие?
– Жол инфрақұрылымын дамыту – халықтың өмір сүру сапасын жақсартумен қатар, экономикалық белсенділікті арттыратын негізгі факторлардың бірі. Сондықтан ауданымызда жолдардың сапасын жақсарту жұмыстары жыл сайын кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Соңғы үш жылда аудандық және ауылішілік жолдарды жөндеу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 1 млрд 451 млн теңге бөлініп, Казталов, Жалпақтал, Қараоба, Қайыңды және Қошанкөл ауылдарының көшелері қайтадан жаңғыртылуда. Облыстық бюджет есебінен аудандық маңызы бар «Беспішен – Қошанкөл – Қараоба» аутожолының 15-49 шақырымына және Талдыапан ауылына кіреберіс жолдың 9-20 шақырымына асфальт төселуде.
Сонымен қатар Көпкүтір мен Аққурай ауылдарының кіреберіс жолдарына қиыршықтас төселіп, Жалпақтал ауылының кіреберісіндегі «Шахат» көпірі жөнделді. Әжібай – Саралжын және Бозоба бағытындағы жолдар бойына су өткізу құбырлары орнатылды.
Жалпы құны 15,3 млрд теңгені құрайтын тоғыз жол жобасы мемлекеттік сараптамадан өтіп, қаржыландыруға дайын тұр.
Алдағы кезеңде ауылішілік жолдардың сапасын жақсартуға, аудандық маңызы бар жолдарды толықтай жаңғыртуға және шалғай елді мекендердің көлік қатынасын жақсартуға басымдық берілетін болады.
– Білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында биыл қандай жаңа нысандар салынды немесе күрделі жөндеуден өтті?
– Білім беру саласында соңғы жылдары жаңа мектептер пайдалануға беріліп, қолданыстағы білім ошақтары кезең-кезеңімен жаңартылуда. Соңғы үш жылда 600 орындық А. Оразбаева атындағы мектеп, Саралжын ауылында 60 орындық мектеп, Қоныс ауылында 60 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Сонымен қатар Қараөзен мектеп-лицейі мен мектеп-интернаты күрделі жөндеуден өтті. Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 87 млн теңге бөлінді. Алдағы уақытта К. Меңдалиев және Ғ. Қараш атындағы мектептерге күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр.
Жаңа дәрігерлік амбулаториялар мен медициналық пункттер ашылып, екі аудандық ауруханаға жеті «Жедел жәрдем» көлігі берілді. 2025 жылы ауданға 16 дәрігер мен 28 орта буын медицина қызметкері келді. Медициналық жабдықтарды жаңартуға 238 млн теңге жұмсалды. Қазіргі таңда аудан орталығында көпбейінді ауданаралық аурухананың құрылысы жүргізілуде.
Қайыңды ауылындағы 150 орындық жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді. «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры есебінен Казталов, Жалпақтал және Ақпәтер кітапханалары толық жаңғыртылды. Мәдениет ұйымдарының материалдық-техникалық базасы жаңа аутокөліктермен және заманауи құрал-жабдықтармен толықтырылды.
Спорт саласына тоқталсақ, соңғы үш жылда 13 ауылдағы шағын футбол алаңдары жаңартылды. Жалпақтал ауылында «Arnau Arena» спорт кешені ашылып, Көктерек ауылында жеке инвестор есебінен спорт ангарының құрылысы жүргізілуде.
– Ауыл шаруашылығы – аудан экономикасының негізгі саласы. Биылғы өндіріс көлемі, мемлекеттік қолдау шаралары және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?
– Казталов ауданы – аграрлық өңір. Сондықтан ауыл шаруашылығын дамыту, оның тиімділігін арттыру және өнімді өңдеу – аудан экономикасының басты бағыты болып қала береді.
2025 жылдың қорытын-дысында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 26,6 млрд теңгені құрады. Мал басының өсімі тұрақты сақталып отыр. Өткен жылмен салыстырғанда ірі қара 11,2 пайызға, қой 5,3 пайызға, жылқы 8,7 пайызға өсті.
Бүгіндері ауданда 1076 ауыл шаруашылығы құрылымы, оның ішінде 991 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлініп, 156 асыл тұқымды шаруашылық жұмыс жүргізуде.
Мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде шаруашылықтарға 2025 жылы 1 млрд 209 млн теңге субсидия төленді. Ал соңғы үш жылда асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға 5 млрд 580 млн теңге демеуқаржы берілді.
Соңғы үш жыл ішінде ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 5 млрд 607,8 млн теңге инвестиция тартылып, 223 жаңа ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Ал селекциялық жұмыс жүргізуге және асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдауға кейінгі үш жылда 5 млрд 580 млн теңге субсидия бөлінді.
Ауыл шаруашылығында мал азығы қорын нығайту мақсатында екпелі малазықтық дақылдар көлемін ұлғайтуға басымдық берілуде. Биыл ауданда алғаш рет «Бауырлар – НАРМ» шаруа қожалығының жетекшісі Нұрлыбай Жолдыбаев 45 гектар алқапқа жүгері егіп, қосымша 6 гектарға бақша дақылдарын орналастырды. Сонымен қатар су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында тамшылатып суару технологиясы қолданылуда.
Суармалы жем-шөп өнді-рісін одан әрі дамыту бағытында «МУСЛИМ» шаруа қожалығының 161,1 гектар алқапта жаңа жобаны іске асыруына жергілікті бюджет қаражаты есебінен 379,9 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие беру мақұлданды. Қаражат суару жабдықтары мен екі сорғы стансасын сатып алуға, сондай-ақ су құбыры мен қажетті инфрақұрылымды салуға бағытталып, жоба алдағы кезеңде іске асырыла бастайды.
– Аудан әкімдігі тұрғындармен кері байланысты нығайту, цифрландыру және мемлекеттік қызмет-тердің қолжетімділігін арттыру мақсатында қандай жаңа тәжірибелерді енгізіп жатыр?
– Қазіргі заманғы мемлекеттік басқарудың басты қағидаты – халықпен ашық диалог орнату, жедел кері байланыс жасау және шешім қабылдау үдерісіне тұрғындарды кеңінен тарту. Осы бағытта ауданымызда бірқатар жаңа басқарушылық тә-жірибе енгізілуде.
Кейінгі кезде тұрғындармен кездесудің жаңа үлгісіне көшіп, барлық ауылдық округте тұрақты түрде көшпелі қабылдау өткізіп келеміз. Әрбір мәселе бақылауға алынып, нақты шешім қабылдау тетігі қалыптастырылды.
Ауыл тұрғындарының ұсыныстарын жедел жеткізу мақсатында биыл ауданның 31 елді мекенінде «Ауылнай» институты енгізілді. Ауылнайлар жергілікті қауымдастықпен тығыз жұмыс жүр-гізіп, ауылдарды абаттандыру, қайырымдылық шараларын ұйымдастыру, техникалық су тарту, қоныс аударушыларды бейімдеу сияқты нақты жұмыстарға бастамашы болып келеді.
Алдағы уақытта да цифрлық технологияларды кеңінен енгізу, халықпен кері байланысты күшейту және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын үздіксіз жетілдіру жұмысымыздың негізгі басымдықтарының бірі болып қала береді.
Нұртай Алтайұлы,
«Орал