28.08.2026, 16:15
Оқылды: 9

Ізденіс жолындағы ісмер

Мата қиықтары мен қалдықтарын кәдеге жарату, олардан әсем әрі пайдалы құрақ көрпе жасау – ысырапшылдыққа жол бермеудің бірден-бір үлгісі. Бұл – үнемшілдік пен ұқыптылықты, табиғатқа жанашырлықты дәріптеген өмірлік қағида. Осындай бірегей өнерді насихаттаушы Индира Қадырәлиева өзі жас болса да, шағын шеберхананың жұмысын табысты ұйымдастырып  келеді.

37c1acef-b0a6-4974-a6bc-b62346320ff6

Индира 1996 жылы 22 тамызда Бөкей ордасы ауданының Бисен ауылында дүниеге келді. Бисен Жәнекешев атындағы орта мектепті тәмамдап, 2014 жылы М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің сәндік өнер мамандығына оқуға түсті. Еңбек жолын студент кезінен бастаған ол 2017 жылы «Тұмар» студиясына жұмысқа орналасып, әкімші әрі қолөнер үйірмелерінің жетекшісі қызметін атқарды. Іскерлігі мен ізденісінің арқасында небәрі бір жарым жылда студия басқарушысы дәрежесіне көтерілді.

– Студент кезде «Тұмар» студиясында көкөрімдерге тігін өнерінің қыр-сырын үйреттім. Сол кезде бұл саланы кәсіпке айналдырамын деген нақты жоспар болған жоқ еді. Дипломмен ауылға барып, мамандық бойынша жұмыс істеймін деп ойладым. Солай оқуды жұмыспен қатар алып жүрдім. Кейін студия жабылған соң ауылға қайттым. Алайда біраз уақыттан кейін бұрынғы шәкірттерімнің ата-аналары хабарласып, «Неге өзіңіздің шеберханаңызды ашпайсыз? Балаларға сабақ берсеңіз» деген ұсыныс айтты. Ол кезде балаларға арналған тігін үйірмелері өте аз еді. Осы ұсыныс мені ойландырды. Сөйтіп қайтадан қалаға келіп, бұрын жұмыс істеген орынды жалға алдым. Тәуекелге бел буып, ісімді бастап кеттім. Бар жиған қаражатыма қажет материалдар мен құрал-жабдық алдым. Бұл саланы бұрыннан білетіндіктен, қай жерден сапалы әрі қолжетімді материал алуға болатынынан хабардармын. Сол тәжірибенің арқасында жұмысты жүйелі жолға қойып, 2018 жылы шеберхананы  біртіндеп  дамыта  бастадым.

1ec6b509-0f85-4b57-b634-495ff14090fb

Алғашқыда 5-12 жас аралығындағы қыздарға тігін тігуді үйрететінмін. Сабаққа қажет материалдардың ақысын ата-аналар төлейді. Ал балалар тіккен көрпе-көпшік және басқа да қолөнер бұйымын дайын болған соң үйлеріне алып кетеді. Бұл олардың еңбегінің нәтижесін көріп, қолөнерге деген ынта-ықыласын арттырады. Одан бөлек шеберханада тек бұйым тігіп қана қоймай, жас буынға ұлттық қолөнердің бағдаржолын үйретуге де ерекше мән бердік. Шәкірттеріммен бірге байқауларға қатысып, бақ сынадық. Атап айтсам, 2022 жылы Астанада өткен «Шабыт» фестиваліне алты оқушыны додаға қосып, бас жүлдені еншіледік. Арнайы дипломдармен марапатталып, «Үздік жетекші» статуэткасын иелендім. Қазір сол оқушыларым жоғары оқу орындарының студенттері атанды. Кейін қыз-келіншектерге, әйелдерге құрақ құраудан дәріс бердім. Уақыт өте келе шағын тапсырыс қабылдадық. Сабақтан кейін әріптесім екеуміз тігін тігіп, бұйымдар жасайтынбыз. Әсіресе той жастықшаларына тапсырыс жиі түсетін. Алғашында бұл істі табыс табудан гөрі, жақындарға қолдау көрсету мақсатында қолжетімді баға ұсындық. Тапсырыс беруші матасын өзі әкелсе, біз бұйымды тігіп беретінбіз. Нарықтағы бағаны да толық білмейтін едік. Дегенмен тәжірибе жинақтай келе жұмысты жетілдіріп, тапсырыс көлемін де, қызмет сапасын да біртіндеп арттыра түстік, – дейді «Индира» қолөнер шеберханасының иесі.

Кейіпкеріміз қолөнерге деген сүйіспеншілігін нағашы әжесі Қазинадан дарыған қасиет деп санайды. Әже қолынан шыққан әрбір бұйым, жүн өңдеп, киіз басқан еңбегі кішкентай Индираның жадында сақталып қалған. Бөкей ордасының тумасы үшін өнер – жай ғана әуесқойлық емес, отбасылық тәрбиемен, үлкендердің өнегесімен қалыптасқан өмірлік бағытқа айналды. Қазірде ата-анасы Жаңақала ауданында тұрады. Отбасында өзінен кейін бір інісі бар. 2022 жылы тұрмыс құрып, жұбайымен  екі  ұл  тәрбиелеуде.

Шебер сапаға үлкен мән береді. Әсіресе көрпе жүнінің табиғи әрі сапалы болуы өнімнің жылылығы мен ұзақ  сақталуына әсер етеді. Меринос пен ақ қойлардың жүнін дайын күйінде Алматыдан алдырады. Оған қоса тапсырыс географиясы да жыл сайын кеңейіп келеді. Орал, Астана, Алматы және Петропавл қалаларынан жиі тапсырыс түседі. Соңғы жылдары Астанаға қоныс аударған оралдықтардың қатары көбейіп, дайын көрпелерді сол жаққа тікелей  жолдайды.

– Мата сапасына келер болсақ, түрік велюрі мен иран маталарын қолданамыз. Тұтынушылар ашық реңктерді, сондай-ақ минимализм стилін көбірек таңдайды. Одан бөлек ұлттық нақыштағы ою-өрнектерге деген сұраныс жоғары. Мысалы, шаңырақ пішіндес бейненің ішіне қошқар мүйіз өрнегін салдыртатындар да бар. Қазақы түсінікте бұл – шаңырақтың берекесі артып, төрт құбыласы тең болып, ұрпағы көбейсін деген ізгі тілек пен ырымның белгісі. Сондай-ақ марал дизайны да басқасынан кем түспейді.

Оның нәзіктігі мен асқақтығы табиғаттың үйлесімін бейнелейді. Марал бейнесі береке, тыныштық пен әсем өмірдің белгісі ретінде бағаланады.

46f9a09f-03fc-4636-973a-20a3d541910f

Бұған қоса тамбур кестесімен (тамбурная вышивка) безендірілген көрпеге де сұраныс едәуір. Құрақ өрнегі, этностильдегі және көлемді 3D үлгісіндегі көрпелерді де сұрайтындар жетіп артылады. Кейбірі тамбур кестесі мен құрақты үйлестіргенді қалайды. Маусымға қарай тапсырыс көлемі де өзгереді. Қыста қоныстойға көрпелер дайындасақ, жазда қыз жасауына жұмыс қыза түседі. Бір жасауға шамамен екі апта уақыт кетеді. Сондықтан кемінде бір ай бұрын тапсырыс берген тиімді. Бізде ақ жүннен тігілген көрпе 15 мың теңгеден басталады. Тамбур кестеленген көрпе материалы мен қол еңбегіне қарай 44 мың теңгеден жоғары. Баға ою-өрнек көлемі мен күрделілігіне байланысты. Сол секілді жастыққа талапқа сай холлофайбер саламыз. Материал жеңіл, төзімді әрі жууға қолайлы болғандықтан, сұранысқа ие. Сандықтан бастап барлығын бір жерден ұсына аламыз. Сандықтың дизайнын Алматыдағы цехта тапсырыспен жасатамыз. Әрбір тұтынушының талғамы мен қалауына қарай ынта-жігерімізді аямаймыз.

Шеберханада бес адам еңбек етеді. Бірі құрақ құраса, бірі көрпе тігеді, енді бірі жүн өңдеп, реставрация жұмысын атқарады. Ал тапсырыс берушілермен байланыс пен ұйымдастыру жұмысын өзім жүргіземін. Жаңа бұйымдармен қатар, 30-40 жыл бұрын тігілген ескі көрпелерді де жаңғыртамыз. Ішіндегі жүнін қайта өңдеп, сыртын жаңа матамен қаптап, қалыпқа келтіреміз, – дейді Индира Қадырәлиева.

a210fcaa-8d1b-44eb-b676-9923572599c3

Индира кәсібін кеңейтіп, басқа қалалардан филиал ашуды басты жоспары санайды. Жергілікті қой жүнін өңдеу үшін арнайы қондырғы алып, өңірдегі табиғи шикізатты тиімді пайдалануды  көздейді.

Гүлфия Қолғатаова,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале