28.04.2026, 17:45
Оқылды: 5

Шегірткеге қарсы қандай шаралар алынбақ?

Ауыл шаруашылығы үшін өзекті мәселелердің бірі – зиянкестермен күрес. Соның ішінде, егістікке қауіп төндіретін үйірлі шегірткелер – диқандарды алаңдататын басты фактор. Осы мәселе Сырым ауданында өткен семинар-кеңесте кеңінен талқыланды.

IMG_9254

Жиынға аудан әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов жетекшілік етіп, ҚР АШМ  АӨК МИК  Батыс Қазақстан облыстың аумақтық инспекция басшысы  Ерлан Орынбаев, өсімдік қорғау бөлімінің басшысы Ерлан Құрмашев, Сырым, Бәйтерек, Бөрлі, Жаңақала, Тасқала, Теректі аудандарының аумақтық инспекция басшылары бас қосты.

Күн тәртібіндегі негізгі сұрақ – 2026 жылғы өсімдік қорғау саласындағы жүргізілетін іс-шаралар қаралды.

Ағымдағы жылы «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ Сырым аудандық филиалының зерттеу жұмыстарының нәтижесі бойынша республикалық бюджет есебінен үйірлі шегірткелерге қарсы жүргізілетін химиялық өңдеу жұмыстарының жоспарлы көлемі – 66,25 мың га жерді құрайды.

Шегірткеге қарсы шаралар (1)

Сырым ауданы аумағында ағымдағы жылы аса қауіпті зиянды ағзалар мен ауруларға, үйірлі және үйірсіз саяқ шегірткелерге қарсы жүргізілетін фитосанитарлық іс-шаралар тақырыбында ұйымдастырып, аумағымыздағы аса қауіпті зиянды шегірткелерге қарсы жұмыстарды уақытылы және сапалы жүргізу  басты мақсат болып отыр. Сырым аудандық аумақтық инспекция басшысы Азамат Өтепов 2026 жылғы үйірлі шегірткелерге қарсы жүргізілетін химиялық улау жұмыстарының жоспары туралы баяндама жасады. Бәйтерек, Бөрлі, Жаңақала, Тасқала, Теректі аудандарының аумақтық инспекция басшылары да өз аумақтары бойынша ахуалды атап өтті.

Мамандардың айтуынша, шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жоспарланған. Алайда мәселе тек жоспармен шектелмейді. Негізгі сұрақ – сол шаралардың дер кезінде әрі сапалы орындалуы. Себебі кешігу – өнімнің азаюына, ал немқұрайлық – үлкен экономикалық шығынға әкелуі мүмкін.

Сырым ауданының егістік алқаптары жыл сайын табиғи қауіп-қатерлермен бетпе-бет келеді. Сондықтан фитосанитарлық қауіпсіздік – жай ғана салалық мәселе емес, бұл – азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін маңызды бағыт.

Кеңес барысында жауапты мамандарға нақты міндеттер жүктеліп, зиянкестерге қарсы күресті күшейту, мониторинг жұмыстарын жүйелеу және алдын алу шараларын дер кезінде жүргізу қажеттігі атап өтілді.

Жиын соңында қатысушылар бір пікірге тоқтады: шегірткемен күрес – тек мамандардың ғана емес, барша ауыл шаруашылығы саласының ортақ міндеті. Ал нәтижелі жұмыс – үйлесімді әрекет пен нақты жауапкершілікті талап етеді.

 

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале