10.08.2023, 14:40
Оқылды: 32

Шығармашылық кеш өтті

Тасқала аудандық мәдени-демалыс орталығында әнші, «Мәдениет майталманы» төсбелгісінің иегері Алма Аюпованың «Ән – менің өмірлік серігім» атты шығармашылық кеші өтті.

2

Оған жиналған әнсүйер қауымның көптігі соншалық, концерт залында ине шаншар жер болмады. Алма Болатқызы өзінің репертуарындағы қазақ және орыс тілдерінде жиырмаға жуық әнін орындады.

 Аталмыш шараға кеш қонақтары Мейірбек Қаберов, көршілес Бәйтерек ауданынан халықтық «Скифы» вокалды-аспапты ансамблі, Бөрлі ауданынан ҚР мәдениет қайраткері, әнші-термеші Мұхит Бранов пен жерлесіміз Бауыржан Хайрамбаев қатысты.

Мерейтой иесінің шашбауын көтере келген әншілер сахна төрінде өз репертуарынан бірнеше ән орындап, концерттің шырайын келтірді. Сонымен қатар концертке Алма Аюпова жетекшілік ететін «Атамұра» зейнеткерлер вокалды тобы, «Мәдениет майталманы» төсбелгісінің иегері Хайретден Сұлтангереев, халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты Меңдігүл Калиуллова, халықаралық, облыстық байқаулардың лауреаты Тимур Тапалов секілді әншілер қатысты.

Концерт соңында аудандық мәслихат төрағасы Жанар Бисенғалиева, облыстық халық шығармашылығы орталығының «Мәдени демалыстарды ұйымдастыру» бөлімі әдіскері Шолпан Кенжеғалиқызы сөз сөйлеп, аудан әкімі Бауыржан Айтмағамбетов пен облыстық халық шығармашылығы орталығы басшысы М. Жұбатовтың атынан, сонымен қатар Тасқала аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж. Балыков алғыс хатын табыс етті.

4

Алма Болатқызы 1963 жылы Камен ауданында дүниеге келген. Ақтау орта мектебін бітіріп, 1980 жылы Тасқала аудандық мәдени-демалыс орталығында нұсқаушы болып еңбек жолын бастады. 1981- 1983 жылдары Орал мәдени-ағарту училищесінде клуб қызметкері, халық аспаптар оркестрінің жетекшісі мамандығы бойынша білім алады. 1984 жылдан Тасқала аудандық мәдени-демалыс орталығында нұсқаушы, әдіскер, инспектор, автоклуб меңгерушісі, аудандық әдістемелік бөлімнің меңгерушісі болып үздіксіз қызмет атқарып келеді.

Алма Болатқызы тек ән салып қоймай, білімін де шыңдай түсті. Ол М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетін мәдени жұмыстарды ұйымдастыру мамандығы бойынша аяқтайды.

1985 жылы Ұлы Жеңістің 40 жылдығына орай өткен І бүкілодақтық шығармашылық фестивалінің, 1987 жылы Қазан революциясының 70 жылдығы құрметіне орай ІІ бүкілодақтық шығармашылық фестивалінің лауреаты. 1987 жылы «Лира» вокалды-аспапты ансамблінің құрамында республикалық телевизиялық «Жастар дауысы» байқауының аймақтық байқау лауреаты және сол жылы өткен аталмыш байқаудың дипломанты атанса, 1990 жылы Павлодар қаласында өткен республикалық вокалды-аспапты ансамбльдер байқауының «Сюрприз» вокалды-аспапты ансамблінің құрамында лауреат атанды. Сондай ақ облыстық байқауларда жүлдегерлер қатарынан көрініп, көптеген алғыс хат, Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Қазіргі таңда Алма Болатқызы жетекшілік жасайтын зейнеткерлерден құрылған «Атамұра» хор ұжымы белсенділік танытып келеді. Аудан көлеміндегі мерекелік шараларға белсене атсалысып, ауылдық округтерге концерттік бағдарламаларын ұсынып жүр.

Қырық жылға жуық еңбегінің нәтижесінде озат мәдениет қызметкері ұстаздың міндетін атқарып келеді. Алма Болатқызы тәрбиелеген шәкірттері облыстық Құрманғазы атындағы саз колледжінде, Батыс Қазақстан университетінде өнер саласы бойынша дәріс алып жатыр. Отбасында бір ұл, бір қыз өсіріп, үш жиен, бір немересінің аяулы әжесі. Отағасынан ерте айырылып, барлық тауқымет өз мойнына артылса да, еш қажымастан еңбек етіп, балаларын шыңдарға жеткізді.

Эльмира Мұқанова,

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале