28.03.2024, 17:45
Оқылды: 53

Шыңғырлау ауданында қарғын суға қарсы күрес қарқынды

Шыңғырлау ауданы орталығында тұрғын үйлердің суға кетпеуі басты назарда. Ауылдық округтердің де осы кезеңдегі жағдайын аудан басшылығы бақылауда ұстап отыр. Қардың еруімен қатар жаңбыр жауып бірқатар қолайсыздық тудырған болатын. 23-наурыздан бастап бірнеше күн қатарынан жауапты мекемелер күшейтілген режимде жұмыс жасады. Сондай-ақ аудандық мекемелер кесте бойынша түнгі ауысымда кезекшілікке шықты. Қапшықтарға құм толтырып, қоңырау түскен мекенжайдарға барып қажетті шараларды атқарды. Жиналған судың ағып кетуі үшін мұздарды ойып, жыралар жасады. Құм қапшықтардан бөгеттер қойылды. Аудан игілігі үшін еріктілер күн-түн демей, күш біріктіріп жұмыс атқарылғандықтан, туындаған мәселелер тез шешілді.

су чингирлау 2024 (1)

- Ауданда өткен аптаның аяғында ауа райының тосын мінезінен туындаған су басу қаупі бірте-бірте сейіліп келеді. Бұған бірден бір себепкер жауапты мекемелер деп ойлаймын. Атап айтсам, төтенше жағдайлар бөлімі, №23 өрт сөндіру бекеті, жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ халықтан түскен қоңырауларды, атқарылған шараларды жіті бақылауда ұстап, жауапты мекемелердің жұмысын реттеп отырған аудан және округ әкімдігі. Қар еріп бастағаннан-ақ барлығы құрал-саймандарын сайлап, техникаларымен бірден іске кірісіп кетті. Тәулік бойы тынбай еңбектеніп, жедел әрекет етті. Соның арқасында мәселе ушықпай, тез шешілді.

Өзім екі баламен, кішкентайы 3 айлық, үйде бала күтімінде отырмын. Жолдасым жұмыс бабымен Атырау қаласында болғандықтан үйде су кетудің алдын алатын ешкім болмады. Осындай сәтте күн түн демей келіп, үйімнің суға кетуінің алдын алған Төтенше жағдайлар бөлімі, өрт сөндіру бекеті және ауылдың еріктілеріне дән ризамын. Далаға шықпасам да, бәрін өздері реттеп, жұмысты тиянақты жасап шықты. Жұмысын адал атқаратын жандарға халық қашан да риза. Атап өткен бөлімдердің қызметкерлеріне алғыс білдіріп, табыс тілеймін! - дейді Шыңғырлау ауданы Целинная көшесінің тұрғыны Жансұлу Айтқұлова.

 

Гүлжазира Асу,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале