30.03.2022, 10:10
Оқылды: 191

Шыңғырлау ауылында 19 көше жөнделмек

Соңғы жылдары Шыңғырлаудың шырайы кіргенін алыстан келгендер де, жырақта жүргендер де тілге тиек етіп, қуанысуда. Туған жердің көңіл толтыратын көркін жаңадан салынған тұрғын үйлер, әлеуметтік маңызы зор ғимараттар одан әрмен аша түсуде. Соның ішінде әсіресе, ауылішілік жолдардың жөнделіп, жұртшылықтың жүріп-тұруына ыңғайластырлуы ерекше сүйсінтуде. Қар еріп, жаңбыр жауса шеттегі көшелердің тұрғындары азап шегіп, көше бойына созылған көлшіктерді айналып өтіп, бала біткен батпаққа батып жатқан кездердің ауылы алыстауда. Оған себеп-ауыл ішіндегі жолдары жөнделген көшелердің көбейе түсуі. 

IMG-20220330-WA0008

Сөзіміз жалаң болмасын, бұл туралы Шыңғырлау аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ерсайын Шаймбетов былай дейді:

- Соңғы екі-үш жылда Шыңғырлау ауылының ішінде 5 көше күрделі жөндеуден өтті. Қайсыбір жолаушылар көп жүретін, көлік қозғалысы жиі көшелерге жаяу жүргіншілер тротуарлары да салынды. Бұған қоса Ақшат ауылында бір көшеге заманауи жол салынса, Ащысай ауылында Райымқұлов көшесі мен ауылға кірер жолға да жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тұрғындардың күн тәртібіне қойған мәселесі шешімін тапқан болатын. Жалпы алдағы уақытта да алыс ауылдармен қатынасты жолға қою мәселесі күн тәртібінен түспек емес».

Иә, бұл соңғы жылдардағы көңіл бірлеген жұмыстар, шын мәнісінде көзге көрінген тірліктер. Бір қуаныштысы, жөнделмек жолдар тақырыбы әлі де жалғасын тапқалы отыр екен. Шыңғырлау ауылдық округінің әкімі Әділ Қаражанов ауыл орталығындағы 19 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қатқыл жолдар төселгенін қуана хабарлайды.

IMG-20220330-WA0009

- Өткен жылдың аяғында жөндеу жұмыстарының жобасын жасап,  аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімдеріне дайын құжаттар жіберілген- тұғын. Бұл мекемелер өз кезектерінде облысқа дайын құжаттарды тапсырып, қаражат көзін тауып, мердігерді де белгілеп алды. Жаз шыға осы жұмыстар толығымен қолға алынбақ»,- дейді Әділ Болатұлы. Бұл хабарды естіген тұрғындар осы тізімнің ішінде біздің көше де бар ма екен деп алаңдайтыны белгілі. Сол себепті де, алдағы уақытта аудан орталығындағы Победа, Целинный, Гагарин, Өтемісов, Қазақстан, Датов, Луговой, Ақсай, Молдағұлова, Рахимова, Исқалиев, Хамитов, Маметова, Мұратбаев, Амангелді, Қонақай, Бесчасов, Жуков, Қазимов көшелерінде жол жөнделетінін ауылдастар біліп, қуана жүргей деп толықтай атап өткенді жөн көрдік. Жылдар бойы жол азабын тартып жүрген шыңғырлаулықтар енді тақтайдай тегіс көшелермен жүретін күндер де алыс емес. Осындай қуанышты хабарлар көп болғай!

Г. Ибрагимқызы

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале