27.08.2026, 17:50
Оқылды: 8

Шыңғырлау жастары чемпион атанды

Қазақстан Республикасының 35 жылдығына орай Тасқала аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен волейболдан ашық турнир өтті. Спорттық додаға өңірдің әр ауданынан келген 9 команда қатысып, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, спортқа қызығушылықты арттыру және жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында бақ сынады.

image-27-08-26-05-42

Тартысты өткен жарыста Шыңғырлау ауданының намысын қорғаған жастар жоғары шеберлік танытып, қарсыластарынан басым түсті. Әр кездесуде ұйымшылдық пен жігерліліктің үлгісін көрсеткен аудан командасы жарыстың қорытындысында бірінші орынды иеленіп, чемпион атанды.

Бұл жеңіс аудан жастарының спортқа деген қызығушылығының жоғары екенін және жүйелі дайындықтың нәтижесін көрсетеді. Сонымен қатар мұндай жарыстар жастарды бірлікке, жауапкершілікке, салауатты өмір салтын ұстануға тәрбиелеп, олардың спорттық қабілеттерін шыңдауға мүмкіндік береді.

Команданы жарысқа бастап барған Шыңғырлау аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Жасқанат Тілекқабылұлы жеңіске жеткен жастарды құттықтап, спорттың жастар тәрбиесіндегі маңызына тоқталды.

"Мұндай облыстық деңгейдегі жарыстардың жастар үшін маңызы зор. Спорт тек денсаулықты нығайтудың ғана емес, жастарды тәртіпке, төзімділікке, командалық рухқа және жеңіске ұмтылуға тәрбиелейтін үлкен мектеп. Біздің басты мақсатымыз аудан жастарының белсенділігін арттырып, олардың спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасау. Бүгінгі жеңіс  командамыздың табандылығы мен ауызбіршілігінің нәтижесі. Шыңғырлау жастарының осындай додаларда аудан намысын абыроймен қорғап, чемпион атануы біз үшін үлкен қуаныш. Алдағы уақытта да жастарымызды түрлі спорттық жарыстарға қатыстыруға және қолдау көрсетуге басымдық береміз», – деді.

Облыстық додада топ жарып, чемпион атанған Шыңғырлау жастары осылайша ауданның абыройын асқақтатты. Спорттағы нәтиже кейінгі жас спортшыларға да үлгі болып, жаңа белестерге бастар сенімді қадам екені сөзсіз.

 Сара Әділ,

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале