12.02.2024, 19:00
Оқылды: 23

Шыңғырлауда Ауған соғысының ардагерлерімен кездесу өтті

Аудандық Дән мәдениет үйінің кітапханасында "Ауғанстандағы соғыс" атты Шыңғырлау ауданынан соғысқа қатысқан ардагерлердің жастармен кездесуі өтті. 

427828704_1812175002527593_6597408319644223141_n

Жиында ауған соғысының ардагерлері, сол кездегі оқиғалардың куәгерлері Ғаббас Ақбалиев, Мұхтар Дәулетқалиев қонақ болды. Жастар үлкен ағаларына сұрақтарын қойып, олардың соғыс кезеңінен әңгімелерін тыңдады.

428139532_1812175095860917_5034015951297969303_n

Тақырыпқа сай қойылған шағын көрмені жастар тамашалап, жаңа, тың ақпараттар алды. Шараға қатысқандар бейбіт күннің қадірі мен бостандықтың бағасын біліп, құндылығын түсініп шықты.

427838160_1812174952527598_58318647539830702_n

- Біз соғысқа барамыз деп ойламадық. Әскер қатарында жүргенде соғыс алаңына түстік. Көмек ретінде барған болатынбыз, соғысып, жауласу деген ойымыз болмады. Сол кезде жас, жалынды жігіттердің тез аяқталар деп ойлаған соғысы 10 жылға созылды. Алайда ондай қиын кезеңдер де өтіп, бейбіт күн орнады. Бірақ сол соғысқа бізбен бірге барғандар ішінен аман келгендер де, қайтпай қалғандар да бар. Соғыстан аман-есен оралғандарға елімізде зор құрмет көрсетіледі. Ал құрбан болған азаматтарымызды мәңгілік ұмытпай, еске алып жүретін боламыз.

Жауынгерлердің артында қалған отбасыларға үкімет жақсы қарасып, көмектесті. Десе де асыраушының орынын ештеңе де баса алмайды ғой. Сол жағдайларды көзімізбен көрген біз ешқашан соғыс болмасын, аспанымыз ашық болсын деп әркез тілеп жүреміз.

Жастар, әскерден қашпаңыздар, еліміздің қорғаны өздеріңсіңдер. Сондықтан нағыз азамат болып өсіңіздер!, - деп ақыл-кеңесін айтты ардагер Ғаббас Ақбалиев.

428078357_1812174972527596_113702055089550306_n

Гүлжазира Асу,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале