«Дән» мәдениет үйінде өткен шараға аудан басшысы Мұрат Өмірәлиев, техногенді апат салдары мен зардабын жоюға қатысқан жандар, аудан жастары мекемелер ұжымдары қатысты.

Осыдан 40 жыл бұрын 1986 жылдың 26 сәуірінде Украинаның Чернобыль атом электр стансиясындағы 4- блоктағы жарылыс жер әлемді дүр сілкіндірген ауыр апат еді. Одан тараған радияциялық зардап ауамен, желмен жер бетінің біраз елдеріне тарап, әлемді к масштаб алған болатын. Кенеттен орын алған апаттың қасіреті жылдар бойына адамзат тағдырына әсер етті. Мыңдаған адамдар радиациялық дертке шалдықты, мыңдаған тағдырлар денсаулық зарын тартты. Апат салдарын жоюға Кеңес Одағының әр түкпірінен 600 мыңнан аса еріктілер тартылды. Апатты аймаққа Қазақ елінен 30 мыңға жуық адам барған.

Қазір сол көзге көрінбейтін қасіретті қауіппен бетпе- бет келген ерлікке бергісіз тәуекел мен батылдық иелерінің қатары тым ерте сиреген. Радиация қанша жанға жазылмайтын дерт әкелді, қанша жанның өмірін қиындыққа айналдырды.
Бүгінде ауданымызда осы апатқа қатысушы 4 азамат бар. Шарада оларға құрмет көрсетіліп, төрден орын берілді.
Чернобыль апатының құрбандары құрметіне 1 минут үнсіздік жарияланды.

Апатты жоюға қатысқан Марат Аккужин, Юрий Гостяев, Марат Куандыков, Львов Владимир және бүгінде арамызда жоқ Мунир Зайдуллиннің жұбайы Рауля Муртазиевнаға аудан басшысы адамзат тағдыры таразыға түскен сәтте тәуекелге бел буып, тілсіз қауіппен текетіреске түскен ерлік пен азаматтығы үшін алғыс білдіріп, алғыс хаттар ұсынды.
Қаршыға Асу,
Шыңғырлау ауданы