18.09.2020, 9:46
Оқылды: 124

Шыңғырлаулық өрендер «Қонақай көлдің мөлдірі» атты тарихи-танымдық серуенге шықты

Туған жердің ауасы – тынысың, торғайы – туысың деп жатамыз. Өскен жер, туған ел деген құндылықтың қадірін бала санасына сіңіру – қоғам парызы дейтін болсақ, бұл ізгілікті міндеттің баршаға ортақ екені айтпаса да түсінікті.

119660359_651629399100646_7433093271705690845_o

Туған жер аймағын танытып, айналасына айтып отыру, тарихын тізбелеп, танымын кеңейту, жер аттарын жаттатып, мағынасын ұқтыру аса қажетті тағлым. Осы орайда Шыңғырлау аудандық тарихи-өлкетану музейі мектеп оқушыларының қатысуымен «Қонақай көлдің мөлдірі» атты тарихи- танымдық серуен өткізді.

Оқушыларды табиғат аясына шақырған танымдық сәтте ауыл маңындағы Қонақай көлінің аңызы айтылып, туған жер тарихы түсіндірілді.

Аңыздағы Қонақай батыр ерлігі, оның шәмшәт ағашынан иілген садағы, «суын көк» аталатын теңіз жылқыларының Қонақай көлінен сусындауы олардың түрлі сұрақтарын тудырды. Батырға оқ дарытпаған анасының тілегі, барлық аналардың сондай ұлы махаббатпен, ұрпағына деген ұлы сүйіспеншілікпен жаратылатынын тағы бір айтып өту, оны балалардың ұйып тыңдауы аса әсерлі болды деуге болады.

Аңыз желісі бойынша батырдың анасы қаза болғанда сынған садағы және бүгінгі көлдің осы садақ іспетті иіліп келген көрінісі, шындығында көлдің садақ орнынан «пайда болғанына» сәби көңілдерді сендіргендей. Ат-арба үстінде ән салып, арасында секіріп түсіп, жарыса жүгіріскен балалар табиғат аясында жеңіл тамақтануды да аса қуанышты қабылдады.

119681726_651629545767298_7050268423917891229_o

Шуақты шай ішу сәті көңілді суретке тусмен жалғасты. Арнайы барған көлікке қызықпаған балалар қайтар жолда да тобымен ат-арбаға жайғасты. Аяңдай желген атарба жүрісі оларды жиі бола бермейтін тамаша саяхаттың толқынында тербеген секілді. Балалар жүзінен балалық шақтың бақытты әсерін бір-бір байқап, өткізген шарамызға өзіміз де марқайып оралдық.

 

Қаршыға Елемесов,

Шыңғырлау аудандық өлкетану музейінің экскурсоводы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале