20.07.2026, 13:00
Оқылды: 68

Шыңғырлаулық жас балуан Азия кубогын жеңіп алды

Шыңғырлау өңірінің спорт қоржыны тағы бір жарқын жеңіспен толықты. Қытай Халық Республикасының Гонконг қаласында өткен дзюдодан Азия кубогында жерлесіміз, Ақшат ауылының тумасы Архат Өтеген 90 келі салмақ дәрежесінде барлық қарсыласынан басым түсіп, құрлық чемпионы атанды.

image-20-07-26-04-32

Бұл – тек жас спортшының ғана емес, туған жердің, бапкерлері мен ата-анасының, күллі аудан жұртшылығының ортақ қуанышы. Азия кубогының алтын медалі Архаттың көп жылғы табанды еңбегі мен төккен терінің жемісі.

Архаттың спорттағы алғашқы қадамы Ақшат ауылында басталды. Оның бойындағы қайсарлық пен жеңіске деген жігерді алғаш танып, дзюдоның қыр-сырын үйреткен алғашқы бапкері – Бағдат Сариев.

Шәкіртінің жеңісі туралы ол қуанышын жасыра алмады.

– «Архаттың еңбекқорлығы кішкентай кезінен-ақ ерекшеленетін. Жаттығуға ешқашан кешікпейтін, әр тапсырманы мұқият орындайтын. Кейде қатарластары шаршап қалғанда да, ол тағы да жаттығуға дайын тұратын. Сол табандылығы бүгін оны Азия чемпионы деңгейіне жеткізді. Бұл – үлкен жолдың басы ғана. Алда бұдан да биік белестерді бағындырады деп сенемін. Осындай шәкірт тәрбиелеу – әр бапкер үшін зор мақтаныш», – дейді.

Бүгінде Архат Өтеген Алматы қаласындағы Республикалық спорт колледжінің дзюдо бөлімінде білім алып, кәсіби шеберлігін шыңдап жүр. Ол еліміздің жетекші бапкерлерінен тәлім алуда.

Азия кубогындағы жеңіс оның спорттық жолындағы маңызды белестің бірі. Әр белдесуде жоғары техникалық дайындық пен салқынқандылық танытқан жерлесіміз финалда да айқын басымдықпен жеңіске жетіп, Қазақстанның көк Туын биікке көтерді. Және де бүгінге дейін Архат самбо күресінен Индонезияның  Джакарта қаласында өткен  әлем чемпионатынын күміс жүлдегері, Өзбекстанның Ташкент қаласында өткен Азия  чемпионатынын қола жүлдегері, Қостанай каласында Дзюдо күресінен Жастар ойынын қола жүлдегері атанды.

image-20-07-26-04-33

Жас чемпионның әр жетістігі ауылдағы жасөспірімдерге үлкен үлгі. Оның жеңісі спортқа ынталы өрендердің жігерін жанитын жарқын оқиға болды. Өйткені үлкен жеңістер дәл осындай ауыл спорт залдарынан бастау алады.

Архаттың алдында әлі талай халықаралық дода күтіп тұр. Азия кубогындағы алтын медаль сол биік белестерге бастар сенімді қадам. Жерлестерінің сенімі мен қолдауын арқалаған жас балуанның алдағы әлемдік ареналарда да Қазақстанның абыройын асқақтатарына сенім мол.

Азия кубогының чемпионы Архат Өтегенді және оның бапкерлерін айтулы жеңіспен шын жүректен құттықтаймыз.Көк Туымыз әрдайым көкте желбіреп, Әнұранымыз әлем ареналарында шырқала берсін!

 

Светлана Ешматқызы

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале