31.10.2022, 17:16
Оқылды: 36

Шыңғырлаулықтар жеңімпаз

Ұлттық мектеп лигасы жарыстарының облыстық кезеңі қыза түсті. Дарынды жас спортшыларды анықтау, салауатты өмір салтын насихаттау, оқушылар арасындағы спорттық ойын түрлерін дамыту мақсатында қолға алынған жарыстар қазанның 12-сі мен желтоқсан айының 11-не дейін созылады. 

IMG-20221031-WA0007

    Мектеп лигасының ерекшелігі сол: оның облыстық кезеңіне өңір аудандары мен Орал қаласының бір мектебінің оқушыларынан құралған команда қатыса алады. Осы күні бәсекенің алғашқы жеңімпаздары анықталды. Қазанның 28-і мен 30 аралығында "Алтын доп" атауымен баскетболшы өрендер жарысы өтті. Алғаш болып Орал қаласының паркетіне 5 және 6-сынып оқушылары шықты. 

    Жас болса да үздік ойын көрсете білген балғын баскетболшылар өрнекті ойын өрнегін көрсете білді. Аталмыш сында Шыңғырлау ауданындағы Лұқпан Қылышев атындағы мектеп оқушылары да бақ сынады. Алдымен теректілік команданы қапы қалдырған олар одан соң Бөрлі ауданынан келген ойыншыларды да сан соқтырды. Ал финалдық бәсекеде бәйтеректік баскетболшылармен күш сынасқан шыңғырлаулық өрендер қарсыластарын бұйым көрмей мектеп лигасының жеңімпаздары атанды. Бәйтерек ауданының командасы екінші орын иеленсе, теректіліктер қола жүлдеге қол жеткізді. Ал командасын алға сүйреп, үздік ойын көрсеткен Елжан Ескендіров жарыстың "Үздік сұрмергені" атанса, Әділ Мұқатов "Үздік ойыншы" аталымын жеңіп алды.

    Енді Шыңғырлау ауданының командасы мектеп лигасының республикалық кезеңінде бақ сынайтын болады. 

    Ғабит Кенжеғали,

    Лұқпан Қылышев атындағы мектептің дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі

Шыңғырлау ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале