19.06.2020, 9:46
Оқылды: 561

Соркөлге су келсе, туризмге таптырмас орын

Өткен аптада кезекті жұмыс күндерінің бірінде редакциямызға аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі Руслан Оразалиев келген еді. Ағамыздың уәжіне құлақ түрсек, сөзінің жаны бар екен. Ол жеке басының емес, ауылдың өзекті мәселесін көтере келіпті. Нақтырақ айтсақ, жаңақалалықтардың жаз айы келсе демалатын, шомылатын орны болған, балшығының өзінде емдік қасиет бар Соркөл көлінің бүгінгі жай-күйі.

ED23F72C-4E98-498A-B5E1-1460548C7123

- Соркөлдің қазіргі жағдайы аянышты. Ауылымыздағы бірден-бір демалатын әрі шомылатын орын еді. Қазіргі ахуалы адам айтса нанғысыз. Бұл мәселені барынша көтеріп жүрмін. Басшыларға да айттым. Олар су келетін жердегі қожалықтармен келісу керек дейді. Соркөлге су С.Меңдешев атындағы ауылдық округ жақтан келеді. Көшім су арнасы арқылы Қырқопаның көпірімен келуі керек. Бұрындары келетін су далаға кетпеу үшін бөгет соғылған. Өткенде өз көлігіммен барып көріп келдім. Бөгеттің көп бөлігін су құлатып тастаған. Келетін су босқа далаға кетіп жатыр. Алдағы уақытта дронмен үстінен түсіртіп, бейнеролик әзірлейміз. Жігіттерге айтып қойдым. Әлеуметтік желілерге жүктеп, жоғары жаққа жеткізуге тырысамыз. Суы кеуіп, жағасы балшыққа айналғасын қазір адамдар да бармайды. Қазіргі кезде суы түсуге жарай ма, жоқ па оны да тексеріп жатқан құзырлы орган жоқ. Өте өзекті мәселенің бірі ғой, басшылықтағы жандар соны айтқызбай-ақ істеулері керек емес пе? Функционалдық қызметтеріне кіреді ғой ауылдың жай-күйі. Айтудай-ақ айтып жатырмыз. Нәтиже болса, сөзден іске көшсе жақсы болар еді, - дейді Р.Оразалиев базынасын жеткізіп.

9657BE99-B5D7-43F9-B4AA-B1E24618714F

Ауылымыздың ажарын келтірген көлдің қазіргі жағдайына биліктің назарын аудару үшін қолымызға қалам алып, журналистік зерттеу жүргіздік... Әлі күнге дейін есімде кішкентай кезімізде шомылуға ауыл шетінде орналасқан Соркөлге баратынбыз. Ол кезде Соркөлдің ақжал толқындары жарға соғылып, сәнін келтіріп тұратын. Толқынды қызықтаған балалар, ем үшін түсуге келген үлкендер жағы көп жүретін. Жаз болса жағасы адамдардан босамайтын. Облыс аумағынан да іздеп келіп түсушілер табылатын. Ризығын өзен-көлдерден іздейтін балықшылар да Соркөлге ауларын құрып, отбасыларын асырайтын. Соркөлге бір барған адам оның тамаша табиғатына, суының емдік қасиетіне тамсанып, келесіде тағы да барғысы кеп тұратынын несіне жасырайық. Ауырып ем іздеген жанға суы шипа, жанға сая болған Соркөлдің дәл бүгінгі жағдайы өте мүшкіл. Біз бүгінгі мақаламызда Соркөл туралы, оның адам шошырлық хәлі жайында жан-жақты сөз етпекпіз.

Соркөл туралы дерек

Соркөл – Жаңақала ауылынан батысқа қарай 2-3 шақырым қашықтықта орналасқан. Көлдің ауданы – 3х5 шақырым, сопақша пішінді болып келеді. Жағалары құламалы тік жарлы. Көл суы ащы, лайлы, орташа тереңдігі 1,5 метр кей жерлерде 2 метрге дейін барады. Жағасында геологиялық кезеңдерде өмір сүрген теңіз фауналарының қалдықтары кездеседі. Көлдің солтүстік және батыс бөлігіндегі су айналасында қалың қамыс өсінділері өседі. Құламалы тік жарлы жағада жағалау қарылғаштарының көптеген ұясы бар. Жаға маңы бөлігінің өсімдігі негізінен бұзаубас, әртүрлі сораң және тағы басқа түрлерінен тұратын галофиттер құрайды. Кейбір жерлерде жыңғылдың бөлек бірен-саран бұталарын кездестіруге болады. Жергілікті тұрғындар көл суының емдік қасиеті бар деп есептейді. Бірақ судың емдік қасиетін анықтау үшін арнайы зертханалық зерттеу жұмыстары жүргізілмеген. Сөркөлдің алып жатқан ауданы – 150 гектарға жуық.

Біз көрген Соркөл

Біз білетін Соркөл мүлдем басқа еді. Ол туралы тек өткен шақта сөйлеп, еске алуға мәжбүрміз. Осы мақаланы жазу барысында аяқтай барып, қазіргі жағдайын көзімізбен көріп қайттық. 30 шақырым жол жүргенде Соркөлдің жай-күйімен жақыннан таныс болдық. Су көлемінің азайғаны соншалық, жағасынан 350 метрге дейін кейбір жерлерде 500 метрге дейін тартылып кеткен. Сөзіміз дәйексіз болмас үшін бірнеше мәрте суретке де түсіріп алдық. Арғы бетінде су келетін тамағы бар. Оған да бардық. Бұрынғыдай арнасынан тасып тұратын су жоқ. Малдар арғы жағына еркін өтіп жүр. Малды бойлайтындай дәрежеге түскесін су мөлшерінің қаншалықты төмендегенін өзіңіз бағамдай беріңіз.

Қоқыс полигонына айналмасын!

Соркөлдің тазалығы да көңіл қуанарлық жағдайда емес. Жағасында шашылған бөтелкелер, қоқыс үйінділері толып жатыр. Соркөлдің тазалығы жөнінде сұрағымызға жауап іздеп Жаңақала ауылдық округінің әкімі Абзал Ғайноллаұлының кабинетінің есігін қақтық. Ол кісі былай деді: «Соркөл біздің аудан аумағына кіретін көл. Тазалығы үнемі бақылауда. Карантин режиміне байланысты мекемелердің қызметкерлерін тазалық жасауға шығара алмай отырмыз. Карантиннен бұрын 2 жұмада бір рет тазалайтынбыз. Жағасына үш қоқыс контейнерін қойдық. Суға түсуге келген халық оған салмайды. Түсінік жұмыстарын жүргізіп келеміз. Су тапшылығы бәрімізді алаңдатады. Бұйырса бұл мәселеде жолға қойылар деп ойлаймын». Иә, жолға қойылғанын біз де асыға күтеміз.

Туризмге сұранып тұр

Бұл мақаланы жазу барысында Жаңақала мектеп-гимназиясының оқушысы Фараби Абайұлының Соркөлге байланысты ғылыми жоба әзірлегенін естіген едік. Хабарласқанымызда Фараби бізге Соркөлді туризм орталығына айналдыруға болатындығын жеткізіп, өзінің арманын айтып, ойымен бөлісті.

- Қазақстандағы туризмді дамыту үшін бәрін ауылдан бастау керек. Біздің ауылымыздағы Соркөл туризмге сұранып тұр. Соркөлдің суы таяз болғандықтан, жасанды аралдар салуға болады. Жасанды аралда жағажай футболы мен волейбол алаңдарын салса, жағалауға арнайы жүгіру жолағын салса тіпті керемет емес пе? Сусын сататын дүңгіршектер, құстарды бақылауға арналған мұнара орналастырса адамдар көптеп келер еді. Киім ауыстыратын жер, демалатын шағын алаңдар салса, нұр үстіне нұр болмақ. Ал қыста коньки мен шаңғы тебетін орынға айналдыруға болар еді. Соркөлді қолынан іс келетін бір кәсіпкерге жалға берсе, ол осы айтылғандардың барлығын жүзеге асырса, тазалығы да айтарлықтай жақсарады деп ойлаймын,- дейді Фараби өзінің Соркөл туралы жазған ғылыми жобасы жөнінде. Аудан әкімінің орынбасары Асқар Жомартұлынан Соркөлді жалға беру жөнінде сұрағанымызда ол кісі: «Су келіп, адамдар қайтадан көптеп жиналса, жалға алып жандандырамын деген кәсіпкерлер болса, тек қолдаймыз» деген пікірін айтты.

Түйін: «Су тартылса құс қашар» дейді ата-бабамыз. Соркөлдің суы тартылып, балығы азайып, мекен ететін құстары да сиреп кетті. Су келмегесін тұрған суы да бұзылып барады. «Өзен жағалағанның өзегі талмас», «Көл жағалағанның көні кеппес» деген мақал-мәтелдер судың қадірін ұқтырып, бағасын беріп тұр. Су бар жерде ырыс-береке бар. Мемлекеттің басты байлығы адамдар болса, басшылықтағы азаматтар, құзырлы органдар бұл мәселені тезірек шешіп берсе екен дейміз.

Жанайдар Болатбекұлы

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

 

Ербол Төлеуғалиев, «Батыссушылар» РМК басшысы:

- Соркөлге 2016 жылдан бері су келген жоқ. Соңғы рет 2017 жылы келді. Жоғарыдан келетін су аз. Су мәселесінде Ресей еліне тәуелдіміз. Қазір тек малға, ауыз суға ғана су беріп отырмыз. Оның өзін әрең дегенде толтырудамыз. Жалтыркөл, Соркөл, Еділсор осы көлдердің біреуіне де су жібере алмадық. Жайықтың суы былтырғыға қарағанда биыл сәл-сәл көтерілді. Қазір Пятимарға толтырып жатырмыз. Жоғары деңгейге жеткен жоқ. Беретін су жетпейді. Қолда бар суды Соркөлге айдай алмаймыз. Жаз бойы малға ішетін су қалмай қалады. Үш ауыл өзеннен ауыз су ішіп отыр. Қызылоба, Қырқопа, Бірлік ауылдарындағы су деңгейі түсіп кетсе, тұрғындар ауыз су іше алмай қалады. Су деңгейі көтеріліп жақсы болып жатса, Соркөлге су жіберуге мүмкіндік туады. Су қоймасын толтыруымыз керек. Жазда да, күзде де, қыста да беретін суымыз сол болады. Соркөлдің көлемі үлкен. Оған 55 миллион текше метр су керек. Көлдіктерге де су ала алмай келеміз. Көпжасар ауылында да су қалмады. Үнемді жағын қарастырудамыз.

Амангелді Қыдырсихов, ауыл тұрғыны:

- Соркөлдің қазіргі аянышты хәлі алаңдатады. Бұрындары жағасында демалып, алаңсыз суға шомылатынбыз. Былтыр мүлдем түскен жоқпын. Бұрынғыдай адамдар да көп бармайды. Су келіп, Соркөл бұрынғы қалпына келсе екен. Ауылымыздың көркі болған Соркөлдің болашағы бұлыңғыр болмаса екен деп тілейміз.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале