24.01.2025, 17:47
Оқылды: 27

Спорт: көрсеткіш қандай, қиындық неде?

Бөкей ордасы ауданы әкімі Нұрлыбек Даумовтың төрағалығымен өткен жиналыста нақ осы тақырып талданды. Жиынға сала басшылары, тиісті бөлім мамандары мен округ әкімдері қатысты.

спорт жиналыс

Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Данагүл Ғайнуллина спорт саласы бойынша 2024 жылы атқарылған жұмыстан хабардар етті.

Дәл осындай мәліметті «Орда» спорт клубының басшысы Жасұлан Хайрушев, аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі басшысының орынбасары Қуанғали Жанғуатұлы мен аудандық білім беру бөлімінің басшысы Нұргүл Омарова да баяндады.

Аудан бойынша барлық спорт алаңы мен залдарды, футбол алаңдарын қосқанда 44 спорт нысаны бар екен. Өткен жылы 84 спорттық шара өтіп, 3875 адамды қамтыпты.

Осындай шараларды өткізу үшін «Орда» спорт клубына 68 миллионнан астам теңге бөлінген.

Одан бөлек өскелең ұрпақты спортқа баулуда «Нургалиев У. Г» жеке кәсіпкерлігі жұмыс жасайды.

«Даму бала» мемлекеттік тапсырыс шеңберінде қызмет көрсететін бұл кәсіпкерлік 40 топқа, яғни 480 оқушыны волейбол, шахмат, үстел теннисі сияқты спорт түрлеріне жаттықтырады.

Баяндамашылар маман тапшылығын, қаржы жеткіліксіздігін басшылық назарына ұсынды.

Жиында нұсқаушылардың да жұмыс көрсеткіші сараланды.
Жарыссөзде сөз алған аудандық мәслихат төрағасы Лариса Қайырғалиева ауылдардағы балалар спорт алаңдары, футбол алаңдарының сапасы сын көтермейтінін айтса, аудан әкімінің орынбасары Кенесары Нұршинов ауылдағы жастардың аудан орталығында өтетін жарыстардан қалыс қалатынын айтып,  округтегі нұсқаушылардың ауыл әкімдерімен қоян-қолтық жұмыс жасаулары керектігін тілге тиек етті.

Кәсіпкер Уағаз Нұрғалиев спорт нысандарының стандарт талаптарына сай келмейтінін, волейбол, баскетбол ойнап, шынығатын орындарда жуыну орындары жоқтығын, алып берген душ кабиналарының әлі күнге орнатылмай отырғанын айтты.

Жиынды қорытындылаған аудан басшысы жыл он екі ай жалақы алса да, алты-жеті шара өткізіп, өз міндеттеріне немқұрайлы қарап отырған нұсқаушылар жұмысын ширатуды, маман тапшылығы мәселесін шешуде спорт жаттықтырушысы сияқты мамандарға да көтерме ақы ұсынып, баспана мәселесін шешуде қолдау көрсету жолдарын қарастыруды міндеттеді.

 

Анар Артықбай,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале