4.02.2021, 10:58
Оқылды: 104

Субсидия: тиімділігі мен ерекшелігі

Бір жылға жуық уақытта дүниені шарпыған пандемия заманның талай көлеңкелі мәселелерінің бет пердесін ашты. Пандемия қызметке де, тұрмысқа да тіпті адамзаттың өмір сүру қағидаларына түзетулерін жасады. Адам санасына да әсер етпей қоймады.  

Субсидияға фото

«COVID-19», тіпті ауылда өсіп, ал қалаға жұмысқа кеткендердің немесе түп-тамырымен  үдере көшіп қалаға қоныс аударғандарды да бір ойлантып тастағандай. Ауылды аңсағаны өз алдына, көпшілігі табыстың көзі де, азық-түлігін де осы ауылдан шығатынын енді мойындауда. «Қолда бар алтынның қадірі жоқ» дегендей, ауылдың артықшылығын түсініп, көштің басын кері бұрудың қамына кіріскендер де бар. Себебі, карантин қаладағы үлкен өндіріс орындары, мекемелердің де жұмыстарына кері әсерін тигізгенімен қатар, жалпы орта және шағын бизнеске, азық-түлік өндіру және сауда-саттықты да тұралатып отыр емес пе?

Соңғы жылдары бағамдап қарасақ, ауылдағы өндірістің, әсіресе табиғи өнім өндіру пайызы бірден артқан. Соның ішінде ет және ет өнімдерін өндіру еселеп өскен. Оның себебі де жоқ емес. Өйткені, мал шаруашылылығына арналған субсидияның алар орны ерекше.

Тиімділігі мен қазіргі күнге қажеттілігі сондай-төрт түлік мал алып көбейтемін, өнімін өндіремін деушілер қатары күн санап көбеюде. Ілкімді іске Үкімет тарапынан берілген көмек негіз болғандығын ескерсек, әсіресе, несие алып, мал және ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алғандар үшін қолдау көмек-субсидия ауылдың қоңырқай тірлігін өзгертті. Бейнебір өсімдік тамырына су жібергендей, мол шарапатын тигізуде. Тек қана ауданымыздың өзінде асыл тұқымды ірі қара өсіргені, көбейткені үшін 2020 жыл аясында 420 млн. 950 мың теңге шаруа қожалықтарына субсидия қаражаты келіп түскен.

Ауылдық округтер бойынша айтсақ, әр ауылдағы еңбектеніп отырған шаруа қожалықтарына қомақты көмек болған. Соның ішінде Ақбұлақ – 65 млн. 031 мың, Ақтау –31 млн. 345 мың теңге, Ақшат – 37 млн. 226 мың теңге, Алмаз – 37 млн. 226 мың теңге, Ардақ – 11млн. 156 мың теңге, Ащысай – 18 млн. 188 мың теңге, Қарағаш – 156 млн. 195 мың теңге, Шыңғырлау – 50 млн. 502 мың теңге болатын субсидияға қолдары жетті.

Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рүстем Еслямовтың айтуынша, бұрынғы «Агробизнес – 2020» бағдарламасымен көбінесе ірі кәсіпорындарға, ірі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерге көмек көрсетіліп келді. Ал қазіргі жаңа мемлекеттік бағдарламаға сәйкес көмек алушылар тағы да еселеп өсетін болды. Субсидияға бұрындары саусақпен санарлықтай ғана шаруашылық субъектілері қатысса, қазіргі таңда әрбір шаруа қожалығы алуға ниетті.

Инвистициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субьектілері шеккен шығынның бір бөлігін өтеу бойынша да көмек алып отыр. Мысалға айтсақ, Ақбұлақ ауылдық округінде – 18 млн. 236 мың, Алмаз – 12 млн. 595 мың теңге, Ақшат – 17 млн. 245 мың теңге, Ақтау – 50 млн. 290 мың теңге, Ардақ – 5 млн. 407 мың теңге, Ащысай – 4 млн. 164 мың теңге, Қарағаш – 23 млн. 433 теңге, Шыңғырлау – 28 млн. 89 мың теңге, барлығы 158 млн. 733 мың теңгеге ауыл шаруашылығы техникалары субсидияландырылған.

Назар аударып айта кеткен жөн, елімізде тиімсіз субсидиялардың саны мүлдем қысқарады. Сол себепті еліміздің агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелері бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілу көзделінуде. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің БАҚ беттерінде мәлімдегеніндей, ауыл шаруашылығындағы бұрын болған субсидия түрінің көпшілігі жойылып, тек тиімділері ғана жұмыс істемек. Субсидиялау арқылы қолдау көрсету – мемлекет басшысының ауыл шаруашылығына ерекше көңіл бөлуі дейді мамандар. Сол себепті аграрлық сектор еліміздегі экономиканың жаңа драйвері деп ерекше аталуда.

Сөз соңында айтарымыз, енді барлық назар ауылға аударылмақ. Қаражат құйылып, қолдау нақтыланбақ. Демек, ауылдағы еңбектен қашпайтындар үшін  көмек мол. Енді барлық шаруа адамдарына үлкен ықылас-пейілмен еңбек ету ғана қалды.

                                                                                                             А.Арыстанова,

Шыңғырлау ауданы    

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале