24.01.2022, 10:30
Оқылды: 99

Сүйсінетін де, қынжылатын да жағдай баршылық

– Облыс орталығы – Орал қаласына таяқ тастам жердегі Подстепный ауылында ел сүйсінетін де, қынжылтатын да мәселелер баршылық. 

спорт кешен теректи

Қазіргі таңда мәдениет үйі, спорттық кешен  секілді нысандар өнерлі  жастардың  бас қосар, жақсылыққа ұмтылар ізгілік ошағына айналып отыр. Осыдан біраз жыл бұрын ауылда мәдениет үйі де,  спорттық кешен де болған жоқ. Ал қазіргі кезде спортты серік еткісі келетін тұрғындарға саябақ ішінен воркаут, соны үлгіде салынған футбол алаңы, спорт кешені салынды. Осындай сән-салтанаты келісті, барлық жағдай жасалған орталықтар жастарымыздың мәдениетке, спортқа бет бұруына үлес қосады деп айта аламын. Себебі бұл нысандар болмаған кезде де ауыл-аймағымыздың  жастары мәдениет пен өнерде қатарынан қалмай, аудан бойынша үнемі алдыңғы үштіктен көрініп келді.

Алдағы уақытта қаражаттың көлеміне байланысты осындай кешендерді Тоқпай, Барбастау, Юбилейный ауылдарынан да біртіндеп салуды жоспарлап отырмыз, – деді Подстепный ауылдық округі әкімінің орынбасары Сағадат Жолдығалиев.

Сағадат Өмірғалиұлының айтуына қарағанда, әлемді бір қауызға сиғызған пандемия басталған кезден ауылдың белсенді жастары тұрмысы қиындау отбасыларға қолдау-көмек көрсету  шараларын әкімдікпен бірлесе ұйымдастыруда. Тұрмысы төмен отбасыларды азық-түлікпен, киім-кешекпен қамтуға әкімдік,  жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары  белсене атсалысуда.

Бүгінде округтегі басты түйткілді мәселелердің бірі – Подстепный қазақ жалпы орта білім беретін мектебінің үш ауысымдық мәселесі. 2019-2020 жылдардан бері білім ошағы үш ауысымдық режімге көшті. Қазіргі кезде мектепте 928 шәкірт оқып жүр.

– Осындай жағдайға байланысты Подстепный ауылдық округіне қарасты жеті жаңа шағынауданда (Болашақ, Береке және т.б.)  жаңадан  600 орындық мектеп салынбақшы. Жаңа мектеп құрылысының жобалық-сметалық құжаты дайын, жер бөлінген, тек қана қаражат бөлінуін күтудеміз. Жаңа мектеп құрылысы биылғы жылға жоспарланды,  – деді С. Жолдығалиев.

Округке қарасты Тоқпай мен Подстепный ауылдары аралығынан әдемі, көп қабатты үйлердің салынуы көз қуантады.   «Бұл үйлерге кімдер және қалай қол жеткізе алады? Мұндай үйлер әлі де салына ма?» деген сауалымызды іркіп қала алмадық.

– Қазіргі уақытта Тоқпай мен Подстепный аралығынан жиырма-жиырмадан екі

бөлікке бөлініп, жаңа үйлер салынды. Оларда 240-қа жуық пәтер бар. Алғаш салына бастаған үйлердің құрылысы аяқталды, қабылдау жұмыстары енді басталады. Алайда үйдің құрылысы біткенмен, ішке газ және су құбырларын тарту жұмыстары жүргізілуде. Мұндай жұмыстар біткен соң, пәтерлер мемлекеттік бағдарламамен, жеңілдетілген бағытта «Отбасы банк» арқылы Теректі аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмi арқылы бөлінетін болады. Пәтерлер мемлекет-тік бағдарламамен, жеңілдікпен берілетіндіктен, соңғы бес жылда тұрғын үйі жоқ, банктен төлем қабілетін растай алатын Қазақстанның кез келген азаматына қолжетімді. Бұл үйлер жалға берілмейді, екінші деңгейдегі банкпен сатылымға шығарылады. Пәтерлер 104 шаршы метрлік үш бөлмелі, стандартты. Жаңа пәтерлердің бағасы нақты тұрғын үйлердің құрылысы толықтай аяқталып, қабылданғаннан кейін белгілі болады, – деді округ әкімінің орынбасары.

Подстепныйлықтардың төзімін тауысатын тағы бір мәселенің бірі – шаһарға қатынайтын №12 аутобус екені жасырын емес. Оны кей күндері аялдамада сағаттап күтетініміз рас. Шаруасына асыққан адамдар такси жалдайды. Бірақ оның да бағасы аспандап тұр. Бұл бағыттағы аутобус маршруты ауданға қарамайды, қалаға тиесілі.  Ауылдық округ басшылығының айтуына қарағанда, аталмыш аутобус маршрутына қатысты тұрғындардың талап-арыздарына орай қоғамдық көлік жиілігін таңертеңгілікте оқушылар мектепке шығатын уақытта тексерген. Содан кейін қалалық аутопарктің диспетчерлеріне хабарласып, көліктердің қатынау жиілігін бақылауға рейдтер ұйымдастырған.

IMG-20220124-WA0002

– Қазір маршурттың уақыты  қалпына келді. Алайда қалалық маршрут болғандықтан, оған қандай да бір талап қоя алмаймыз. Бірақ ауыл ішінде қоғамдық көлік қатынасы жолға қойылды, – деді С. Жолдығалиев.

Бұрын Подстепныйда қоқыс жәшіктері қойылмаған кезде көше бойы тұрмыстық қалдықтар шашылып жататын. Содан ауылдық округ әкімдігі қоқыс жәшігін орната бастады. Бірақ ауыл қоқыс жәшігімен 100% қамтылды деу әлі ерте.

– Қатты тұрмыстық қалдықтарды салатын жәшіктерді орнатуды тұрғындардың бірі қолдаса, енді біреулері ай сайын төлем жасай алмаймыз деп қарсы шыққан-ды. Ал қазіргі кезде тұрғындардың көпшілігі түсінді. Тұрмыстық қалдықтарды шығарумен «БатысЭкоТранс» ЖШС айналысады. Кейбір жерлерде әлі де тасжол төселмегендіктен, қалдықтарды шығаратын көліктер көктемгі-күзгі лайсаңдарда тиісті жерлерге бара алмайды. Алдағы уақытта бес-алты көшеге асфальт төсеу үшін жобалық-сметалық құжаттары дайын, облыстық бюджеттен қаражат бөлінеді деп күтілуде. Сонымен қатар қоқыс жәшіктерінің айналасын қоршауды да жалғастырамыз, – деді Сағадат Өмірғалиұлы.

Ауылда ішімдікке салынған ерлі-зайыптылар, жалғызілікті кісілер және көп балалы аналар  жоқ емес. Жақында әкімдіктегілер осындай отбасылардың үйлерін аралап, жағдайларымен танысты. Оларға моральдық көмек тұрақты көрсетіледі. «Сүрініп кетіп, бүлініп жүрген» тағдырлардың тұрмысын түзеп, өмірін  өзгерту үшін жұмыстар ұсынылуда. Ондай отбасылардың бала-шағасы әкімдіктің жіті назарында. Округтің тыныс-тірлігі әзірге осындай, алдағы күнгі жақсылық-қуанышы көп болғай.

Диляра Нұрғожа,

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің 1-курс студенті,

Теректі ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале