17.04.2024, 23:42
Оқылды: 41

Сын сағаттағы жауапкершілік жүгі салмақты

Шаған өзені қар еріген кезде тасып, мичуриндіктерді де бір қорқытқан еді. Енді су деңгейі түсе бастаған сәтте Жайық көтеріліп, су кері аға бастады. Соған орай Мичурин ауылының тұрғындары тағы жиналып, жаға бекіту, бөгетті биіктету жұмыстарына кірісті.

20240417_121308

Кеше ғана әлеуметтік желі арқылы ауыл тұрғындарын бірігіп іс қылуға шақырған аталмыш ауылдық округтің әкімі Максим Мусалимовтың мәлімдеуінше қазіргі уақытта Мичуринге төніп тұрған қауіп жоқ. Дегенмен де сақтанған артық етпейді. Сөйтіп 17 сәуірде ауылдың 120 адамы, яғни жергілікті жастар, мемқызметкерлер және ауыл тұрғындары, соның ішінде нәзік жандылар шығып, қапшыққа құм салып, бөгетті биіктету жұмыстарына атсалысты. Олардың қатарында қызметкерлері түрлі ұлттан құралған «Балаган» шаруашылық қожалығы да бар.

20240417_121138

- Су тасқынының екінші кезеңі басталғалы ауылдық округ орталығының өзінде 4,5 шақырым бөгет салу жұмысы жүргізілді. Бүгін сол бөгеттердің үстіне изотермиялық салафан төселуде. Салафан өзен деңгейі күрт өскен жағдайда судың бөгеті шәйіп кетуден қорғайтын болады. Әзірге бөгетіміздің 2 шақырымына ғана төсейміз. Қазір бізде іші құмға толы 12 мың қапшық дайын тұр. Қосымша 500 текше метр құм түсірілді, оларды қапшыққа салу жұмыстары жүргізілуде, - деді әңгімесінде ауыл әкімі Максим Болатұлы.

20240417_114702

Қапшық қаптау жұмыстарында еңбектеген баладан еңкейген шалға дейін жүр десек артық айтқандық емес. Солардың бірі - №4 политехникалық колледждің 2-курс студенті Данияр Оразәлі. Сабағы онлайн режимге ауысқалы ол ауылға келіп көмек қолын созып жүр екен. Даниярмен сөйлескенімізде тасқын су қаупі сейілмеген осындай сын сағатта өзінің жауапкершілігін, азаматтық парызын сезінетінін аңғардық. Күнделікті қапшықтарға құм толтыру, өзенінің арнасын биіктету жұмыстарында өзі секілді студенттер де аз емес. «Біз, яғни мичуриндік студенттер қашанда жерлестерімізбен біргеміз, - дейді ол. - Осындай біріккен күштің, төзім мен сабырдың арқасында бұл қиындықты да еңсереміз деп ойлаймыз».

Салтанат Зұлқарнаева,

Бәйтерек ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале