6.07.2022, 15:16
Оқылды: 26

Сыр өнерпаздары Казталовта

Казталов ауданына Сыр өңірінен белгілі өнер жұлдыздары Әл-Фараби Бекарысұлы мен Үкітай Айжігітұлы келіп, шығармашылық кеш өткізді.

IMG-20220706-WA0129

Еліміздің бас қаласы Нұр-Сұлтан қаласы күніне орай ұйымдастырылған кеш қонақтарын аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Берік Рахымғалиев, Казталов ауылдық округінің әкімі Ернар Ғалымов және С.Садықов атындағы аудандық мәдени-демалыс орталығының өнерпаздары салтанатты түрде қарсы алып, жырдан шашу шашып, ақ ұсынды.
Айта кетейік, биыл ақпан айында Әл-Фараби Бекарысұлы өңірімізге келіп, Қос өзен елі жұртшылығымен сырласып, сұхбаттасып, жеке шығармашылық кешін өткізген болатын. Сол бір кеште бірқатар өлеңінің әнін жазған Үкітай Ақжігітұлын өңірімізге ертіп келуге қалың елге уәде бергені бар. Серттен таймаған сахна саңлағы өнердегі, өмірдегі сырлас жолдасымен бірге шығармашылық кешін өткізіп, халыққа рухани кеш сыйлады.

IMG-20220706-WA0132
- Елорда күні қарсаңында аудан халқы әсерлі кештің куәсі болды. Әл-Фараби мен Үкітай және Мұрат бауырымыз жанды дауыста ән шырқап, халыққа рухани демалыс сыйлады. Эстраданың көптеген өнер жұлдызының әндерін, әнге сөзін жазған Сыр өңірінің қос авторына деген ықыласымыз ерекше. Өнер әлемінде өзіндік орындары бар бауырларымызға айтар алғысымыз шексіз. Қаламдары мұқалмай, ән әлемінде қалықтай бергей, - дейді аудан тұрғыны Өтеген Шоқпанов.
Жанды дауыстағы рухани кештің қонағы Мұрат Қарсақбайұлының өнері де көптің көңілінен шықты. Домбырамен күй шырқалып, терме айтылып, батыс елі сыйға тартқан ақ баянмен ән шырқалған кеш соңында аудан әкімі Рүстем Зұлқашев және аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мажитова аудан халқы атынан ризашылықтарын білдіріп, Үкітай Айжігітұлына тұлпар мінгізді. Қошеметпен қарсы алып, құрмет көрсеткен Қосөзен елінің халқына Сырдың қоңыр дауысты серісінің алғысы зор.

IMG-20220706-WA0134
- Әл-Фараби екеуіміз арнаулы орта оқу орыны қабырғасынан бастап бірге ән жазып, әнге сөз жазып жүрміз. Көптеген әнімізді эстрада жұлдыздары шырқап жүргенімен, авторының кім екенін білмей жатады. Осы бір келеңсіздеу үрдісті жоққа шығару мақсатында, өзіміздің де өнерден алыс емес екенімізді елге таныту үшін гастрольдік сапарды бастадық. Алдымен Қызылорда облысынан бастап, Маңғыстау, Атырау өңірлерінде болып Ақжайыққа табан тіредік. Бүгін міне Қосөзен елінде өнерімізді паш еттік. Жалпы соңғы уақытта сахнаны фонограмма жаулап алғаны белгілі. Бұл өнердің қадірін түсінген халықты жауыр қылғаны анық. Сондықтан жүрген жерімізде жанды дауыста өнер көрсетіп жүрміз. Аудан халқы да ризашылығын білдіріп, ат мінгізіп жатыр. Бұл мен үшін үлкен мәртебе. Бұл маған ғана емес, өнерге көрсетілген қолдау деп білемін, - дейді әнші, сазгер Үкітай Айжігітұлы.

Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале