3.04.2021, 1:05
Оқылды: 124

Сырым ауданы әкімі аудандық полиция бөлімінің жаңа ғимаратымен танысты

 Сырым ауданы әкімі Төлеген Төреғалиев жаңадан ашылған аудандық полиция бөлімінің ғимаратын аралады. Күрделі жөндеуден өткен ғимаратты және аудандық полиция қызметкерлерінің жұмысын бөлім бастығы Ербол Әлімбекеров таныстырды.  

CB835DA9-E4CE-45C4-A813-5189C277F3E4

Аудандық полиция бөлімі жаңа жылда жаңа ғимаратқа көшкен болатын. Бұл ғимарат 2019 жылы Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің құзырына берілді. 2020 жылы жергілікті атқарушы орган тарапынан қаражат бөлініп, күрделі жөндеу былтыр  қыркүйекте басталып, биылғы жылдың қаңтарына дейін жүргізілді.

806D4B42-CA5F-458E-8E53-240E937AD9F9

Жап-жарық, заманауи ғимаратта алпыстан астам қызметтік бөлмелер болса,  41 штаттық қызметкерлер еңбек етуде.  Оның ішінде 39-ы офицер, біреуі – сержант. Мұндай құрам үшін бұрынғы жұмыс орны тарлық еткені жасырын емес. Қазір барлық қызметкер кабинетпен қамтамасыз етілген.

1D10B211-2C53-4D47-9141-61481FBAB9D8

Осы топырақтан шыққан Сырым, Жаһанша, Қадыр сынды тарихи тұлғалардың алып бейнесі менмұндалап тұр. Қабырғаға ілінген облыстың картасы, полицей стандарты, бөлімді басқарған басшылар, жеке құрамның маңдайалды қызметкерлері көңілге жылылық ұялатады.

8FA3CF67-9081-4579-BA75-818E27BE811C

   Арыз-шағыммен, кеңес алуға келген азаматтарға да арнайы бөлме бөліп, қолайлы жағдай жасау да ұмыт қалмаған. Азаматтық қабылдау бөлмесі немесе фронт-кеңсе бар. Жөндеу жүргізген мердігер мекеме аудандық полиция бөлімін толықтай жаңа жиһаз, теледидар, компьютерлермен жабдықтады.

F4AEBFD4-69B6-451A-9445-8E6E99153C91

   Полицейлердің қазіргі кеңсесінде сыртқы периметрді және ғимараттың ішін қамтитын 63 бейнебақылау камералары орнатылған. Аудан әкімдігі теңгеріміндегі қоғамдық орындарға, көшелерге  қойылған 6 бейнекамераларды бақылау қызметі де жаңа ғимаратқа көшірілетін болады. Әзірге кәбіл тарту жұмыстары жүргізілуде.

2012 жылы Сырым аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторы талапқа сай келмеген соңижұмысын тоқтатқан еді. Қылмыстық тергеуге, әкімшілік қамауға алынған азаматтар Қаратөбе ауданына, Орал қаласына тасымалданып келді. Тәртіп сақшыларының жаңа ғимаратында уақытша ұстау изоляторына  көңіл бөлінген. Онда 30 орындық бес камера және оған қоса азық-ауқат тарату бөлмесі, кездесу бөлмесі, жуынатын бөлме, медбике бөлмесі бар. Уақытша ұстау изоляторы қызметкерлерінің штаттық бірлігі Ішкі істер министрлігімен бекітіледі. Штаттық бірлік бекітілгеннен кейін аудандық полиция бөлімінің құрамы 7 қызметкерге артпақ.

CEEE7017-FC9C-4943-A760-5B7689D9D86D

   Айта кетейік, Сырым аудандық полиция бөлімі өңір бойынша алдыңғы қатарда, үздік бөлім ретінде танылып келеді. 12 ауылдық округте 14 учаскелік полиция инспекторы қызмет етуде. Олардың жетеуі автокөлікпен қамтылған. Қалған бес округ полицейлері биыл екінші жартыжылдықта көлікті тақымдарына басатын болады. Криминалдық, тергеу және кезекші бөлімдері де темір тұлпарды тізгіндеген. Тәртіп сақшыларының көлікпен қамтылу деңгейі бүгінде 80 пайызды құрайды.  Автокөліктердің тозығы жетуі себепті, қосымша тағы 10-ы беріледі.

EC498381-AC9B-4775-9EB0-E79AB2D6A918

Былтырғы алғашқы тоқсанда 35 қылмыс орын алса, биыл үш айда 18 қылмыс тіркелді. Қылмыстың деңгейі 50 пайызға дейін төмендеп отырғаны қуантады. 18 қылмыстың біреуі ғана – Талдыбұлақ ауылындағы мал ұрлығы әзірге ашылмай тұр.

  – Қылмыстың азаюы – жергілікті атқарушы орган мен аудандық полиция бөлімінің бірлесіп, алдын алу жұмыстарын толыққанды, нәтижелі жүргізуінен. Патрульдік қадағалаулар да өз жемісін беруде. Тек қана полицейлердің жұмысы ғана емес, халықтың сана-сезімі, құқықтық жауапкершілігі артып, таным-түсінігі жақсаруы да құқық бұзушылықтың азаюына үлес қосуда, - дейді аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Кенжебек Қоспаев.

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале